Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің Қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығының Өлкетану, Тарих және Жас тілшілер үйірмесінің оқушыларына Түркі тілдес елдердің абызы Қорқыт атаның құрметіне арналған мемориалды кешен бойынша тарихи-танымдық экскурсия жүргізілді.
Мақсаты - еліміздің тарихы терең, қасиетті жерлерімен, құнды жәдігерлерлерімізбен таныстыру, халқымыздың тарихи және мәдени мұрасын жаңғырту.
Қармақшыда үздік жас мамандар анықталды
Қармақшы ауданының оқушылар үйінде «Үздік жас маман - 2023» тақырыбындағы жас мамандар сайысы болып өтті. Мақсаты - жас мамандар арасында шығармашылық пен ізденісті арттыру. Жас мамандардың біліктілігін, жан-жақты өз кәсібінің шебері екендігін сынау арқылы, оларды іскерлікке, мәдениеттілікке, өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарауға бар күш-жігерін жұмсауға баулу.
Аталмыш іс-шараға ардагер ұстаз Райкүл Қоңырбайқызы Қаратаева, білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Каналбекқызы Тоқшылықова, аудандық жас маман орталығының жетекшісі Гүлнұр Молдабекова, Қармақшы ауданының оқушылар үйінің директоры Индира Жанайдарқызы Абдибекова қазылық етті. Сайысқа оқушылар үйінің 5 жас маманы қатысты. Олар «Ағылшын тілі» үйірмесінің жетекшісі Нұрсұлтан Талғатұлы Қанибаев, «Рrime time» үйірмесінің жетекшісі Аружан Қайнарқызы Тыныштыбаева, «Шахмат» үйірмесінің жетекшісі Мәлік Әбуұлы Әлжанов, «Орыс тілі» үйірмесінің жетекшісі Зере Мұратқызы Жетпісбаева, «Био әлем» үйірмесінің жетекшісі Аружан Сейілханқызы Әбдуалиева.
Жас мамандар бірінші кезеңде «Өзімнің өмір дерегім» кезеңі бойынша өздерін таныстырса, «Өнерлінің өрісі кең» кезеңінде шығармашылық қабілетін, өнерге бейімділігін көрсетті. Сайыскерлер өз қалауына қарай ән айтып, би билеп, арнау оқып және ерекше жанрлар арқылы өз өнерін ортаға салып, көрермендердің қошеметіне бөленді. Үшінші кезең бойынша сайысқа қатысушылар білім деңгейін, кәсіптік біліктілігін танытты. Олар алдымен жедел сұрақтарға жауап берсе, келесі ситуациялық тапсырмаларға жауап берді. «Мамандығым - мақтанышым» кезеңінде сайыскерлер өз мамандығы туралы, оның өмірдегі мәні мен қажеттілігін дәйекті негіздермен дәлелдей отырып «Менің педагогикалық қызметім» тақырыбында презентация қорғады.
Нәтижесінде өзінің білімі мен тапқырлығы арқылы көзге түскен «Ағылшын тілі» үйірмесінің жетекшісі Нұрсұлтан Талғатұлы Қанибаев жүлделі І орын иеленіп «Үздік жас маман - 2023» атанса, жүлделі ІІ орынды «Рrime time» үйірмесінің жетекшісі Аружан Қайнарқызы Тныштыбаева, жүлделі ІІІ орынды «Био әлем» үйірмесінің жетекшісі Аружан Сейілханқызы Әбдуалиева иеленді. «Орыс тілі» үйірмесінің жетекшісі Зере Мұратқызы Жетпісбаева «Жаңашыл маман» және «Шахмат» үйірмесінің жетекшісі Мәлік Әбуұлы Әлжанов «Ізденімпаз маман» номинациясымен марапатталды. Сайыс соңында қазылар алқасы байқауға қатысушы жас мамандарға өздерінің ыстық ықыластарымен тілектерін айтып, аудандық оқушылар үйі мен аудандық кәсіподақ комитетінің дипломдары мен бағалы сыйлықтарын табыстады.
Қармақшыда түнгі рейд жұмыстары жалғасуда
Қармақшы ауданында жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құрылған жұмысшы топ мүшелері Қармақшы аудандық мәдениет және спорт бөлімінің, Қармақшы аудандық полиция бөлімінің және Қармақшы аудандық білім бөлімінің қызметкерлері түнгі рейд жұмыстарын жүргізді. Рейд барысында Қармақшы ауданы орталығындағы кафелер, дүкендер, компьютерлік клубтар мен демалыс орындары араланып, кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәмелеттік жасқа толмаған жастардың түнгі 23.00-ден кейін заңды өкілінсіз көшеде немесе ойын-сауық орталықтарында жүруге тыйым салынатындығы жайлы ескертілді. Мұндай түсіндірме жұмыстары алдағы уақытта да жалғасытырыл отырмақ.
«KITAP FEST» Қармақшыда да өтті
Қармақшы аудандық кітапханада «23 сәуір - Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне» орай «Кітап оқы - жетістікке қадам бас» атты «КITAP FEST - 2023» кітап фестивалі өтті. Фестивалге қонақтар, кітапхананың тұрақты оқырмандары, мектеп оқушылары белсене қатысты. Бес бөлімнен тұратын фестивальді Қармақшы аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Дәурен Дауылбекұлы Ержанов және Қазақ тілі қоғамының төрайымы Гүлжауһар Төлегенқызы Раева ашты. Алдымен "Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе" атты ақын өлеңдеріне оқу марафонында оқушылар Ұлы ақын Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін оқыды. Одан соң "Бір ел - бір кітап" шеруі өтті. 2007 жылдан бастап аталып өтілген республикалық акция бойынша таңдалған шығармаларды кітапханашы Динара Қосназарова таныстырып шықты.
Сонымен қатар "Сый естелік және тарих" атты қолтаңбасы бар әдебиеттерге арналған кітап көрмесімен кітапханашы Назерке Жүсіпбекова таныстырды. "Бір ел - бір кітап" акциясы аясында жазушы Төлен Әбдіктің "Қонақтар" әңгімесі желісінен кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен сахналық қойылым көрсетіп, қонақтарға керемет әсер қалдырды. Іс-шара барысында "Әдеби лото" және "Библио почта" интеллектуалды сұрақ-жауап сайысы бойынша қонақтар мен оқырмандар белсене қатысып, өз білімдерін көрсете білді. Фестиваль соңында ардагер, ұстаз Дастан Мырзабекұлы Нәзікбаев сөз сөйлеп, жастарға кітап оқудың қажеттілігін, түсіндірді .Фестивалді Қармақшы аудандық мәдениет үйінің қызметкері Мадияр Махамбетов жүргізді. Кеш соңында кітапхана директоры Күлшара Бөгенбайқызы Қаниева қорытындылап "Әдеби лото", "Библио почта" ойындарына қатысқан оқушыларға қаржылай сертификат пен арнайы сыйлықтар табыстап, арнайы алғыс хаттармен марапаттады.