maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz. Қармақшы – еңбек пен өнерде қатар аты шыққан өңір. Қорқыт баба мәңгілік тыныс тапқан киелі мекен.Аудан орталығынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан күллі түркі жұртының ұлық тұлғасына айналған Қорқыт ата атындағы мемориалды кешені тек қана өңірдің ғана емес, сондай-ақ ол Қазақ елінің мақтанышы. Қабырғасы сонау 1980-жылдардың басында қаланған кешен басында қай кезде де қонақ аяғы үзілмейді.  

Қорқыт ата кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту, оны дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыра отырып, әлемнің түпкір-түкпірінен Сыр еліне келген қонақтарға кеңінен насихаттау үшін көптеген жұмыстар жасалуда. Түгел түркі әлемі кие тұтатын Қорқыт атамыздың мәңгілік мекеніне айналған тарихи маңызға ие – Қорқыт ата кешені сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Архитектуралық кескіні ерекше кешен келушілерге ұмытылмас әсер сыйлайтыны сөзсіз. Кешендегі басты ескерткіш стела – қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұрады. Биіктігі 12,1 метр, ені 5,3 метр, қордай тасынан дайындалған. Әрбір стела әртарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. Жалпы кешенге жыл сайын келетін туристердің саны артуда. Мұнда қасиетті мекеннің құдіреттілігін сезінуге асығатындарға барлық қажетті жағдай жасалған. Соның нәтижесінде өңірде ішкі туризмнің дамуына жол ашылған деуімізге болады. Қорқыт ата мемориалды музейінің 2019 жылдан бері https://qorqyt.kz/ ресми сайты жұмыс істейді. Аталған сайттан Қорқыт ата мемориалды кешені туралы керекті мәліметтерді үйде отырып-ақ осы (сілтеме арқылы https://qorqyt. kz/) 3D форматта тамашалауға мүмкіндік бар. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңарту және жаңғырту жолы» атты Жолдауы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Neo Nomad 20» акциясы ұйымдастырылған болатын. Оның басты мақсаты – еліміздің 20 өңірінде көрікті жерлерге баруды ынталандыру арқылы ішкі туризмді дамыту еді. Осыған орай, облысымыздан Қорқыт ата мемориалды кешеніне арнайы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, фотоспот орнатылды. Жоба бойынша туристер еліміздегі 20 көрікті жердің барлығын аралап, әлеуметтік желіде Neo Nomad 20 тегімен фотосуреттерін орналастырып отырады. Осылайша акцияны ұйымдастырушылар акцияға қатысушы туристерді тег арқылы бақылап, олардың рейтингін апта сайын жариялайтын болады. Шартты орындаған туристер «NEO Nomad 2022» атағымен марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болды.

Тағы да оқыңыз: