Kyzylorda-news.kz «Қорқыт Ата» мемориалдық кешенінде «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі аясында «Қорқыт сазы» концерті өтті. Түркі халықтарының рухани байланысын нығайтып, ортақ мәдениетімізді әлемге таныту мақсатында үш жылда бір өткізілетін фестиваль биыл жетінші мәрте ұйымдастырылуда.
Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, Түркі мәдениеті және мұрасы халықаралық қорының бірлесуімен ұйымдастырылған бұл рухани шараға Қазақстанның әр аймағынан Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тыва және Алтай Республикалары сияқты бауырлас елдерден келген өнер ұжымдары қатысты.
Фестиваль бағдарламасы ерекше рухани атмосферада басталды. Қонақтарды ұлттық салт-дәстүрімізбен шашу шашқан «Әжелер ансамблі» қарсы алып, қазақы қонақжайлық үлгісі көрсетілді.
Фестивальда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшылығының өкілі Санджар Мулазимоғлу арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ, Түркі мәдениеті және мұрасы халықаралық қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова мен Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов сөз сөйлеп, атаулы күннің маңыздылығына тоқталды.
Мәдени шарада Қорқыт Атаның өмірі мен философиялық дүниетанымына негізделген шығармалары орындалып, жыршы-термешілердің жыр шашуы да ұсынылды. Сондай-ақ, әр елден келген өнер ұжымдары өнерлерін ортаға салып, көпшілікке ұлттық туындыларын тарту етті.
Бауырлас халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтып, Қорқыт Ата мұрасын жаңа буынға жеткізетін бұл фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылды.