Kyzylorda-news.kz Қытай Халық Республикасының Циндао қаласында 13–27 шілде аралығында «Seminar on Leadership Development for Employees of State-Owned Enterprises from SCO Countries» атты халықаралық семинар өтуде.
Білім беру бағдарламасы Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің мемлекеттік ұйымдары мен кәсіпорындары қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін дамытуға, халықаралық тәжірибе алмасуды кеңейтуге және мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Семинар жұмысына Қазақстан, Тәжікстан, Непал және Әзербайжан мемлекеттерінің өкілдері қатысуда. Бағдарлама аясында қатысушылар Қытайдың мемлекеттік басқару жүйесімен, әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерімен, мемлекеттік кәсіпорындарды басқарудың заманауи тәжірибелерімен және инновациялық экожүйені қалыптастыру бағытындағы озық үлгілерімен танысуда.
Оқу бағдарламасының алғашқы күндері «Introduction to China’s National Conditions» және «Experience and Path of Technology Transfer, Industry–University–Research Integration of Chinese State-owned Enterprises» тақырыптарындағы дәрістер ұйымдастырылды. Семинар барысында Қытайдың ұлттық даму моделі, технологиялар трансферінің тиімді тетіктері, сондай-ақ мемлекет, жоғары оқу орындары мен өндіріс арасындағы ықпалдастықты дамыту тәжірибесі жан-жақты қарастырылды.
Халықаралық семинар қатысушылардың кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, түрлі елдердің мамандары арасында тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
