Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде өткен «Корпоративтік менеджмент және цифрлық трансформация – 2026» республикалық форумы аясында өңірдің цифрлық трансформациясын жеделдетуге бағытталған бірқатар стратегиялық меморандумдарға қол қойылды.
Форум аясындағы келісімдер академиялық орта, кәсіби қауымдастықтар және бизнес өкілдерінің өзара ынтымақтастығын нығайтып, цифрлық технологияларды білім беру мен басқару жүйесіне тиімді енгізуге бағытталған. Салтанатты рәсімге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Наурызбай Байқадамов пен Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы төрағасының орынбасары Анар Тулеубаева қатысты.
Келісімнің басты мақсаты – басшылардың цифрлық құзыреттерін бірлесіп дамыту, корпоративтік басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу және басқару сапасын арттыру жөніндегі ортақ бастамаларды жүзеге асыруға уағдаласу болды.
Қол қойылған меморандум аясында халықаралық сертификаттау бағдарламаларын, оның ішінде ICFM UK-тің DipCPIA бағдарламасын енгізу, жасанды интеллект бағытындағы пилоттық жобаларды іске асыру, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы кадрлық және басқарушылық үдерістерді цифрландыру бойынша бірлескен жұмыстар қолға алынады.
