Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 30 тамыз – ҚР Конституциясы күні және 1 қыркүйек – Білім күніне орай салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шарада университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Бейбіткүл Кәрімова Ата заң ел тәуелсіздігін айқындайтын, азаматтар құқығының қорғалып, халқымыздың тату-тәтті ғұмыр кешуіне ықпал ететін басты құжат екенін айтты. Сонымен қатар, оқытушы-профессорлар мен білім алушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
«Еліміздің қарыштап дамуы үшін жоғары білім жүйесі мен ғылым саласында тың идеялар мен жаңа бастамалардың болуы өте өзекті. Әлем елдері бүгінде инновациялық жаңалықтар, технологиялар арқылы ерекшеленуде. 85 жылдан астам тарихы бар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жыл өткен сайын жаңа белестерді бағындыруда», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Жаңа оқу жылында университеттің бірқатар қызметкерлеріне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің марапаттары, «Қорқыт Ата атындағы Алтын медаль», «Үздік оқытушы» медалі табысталды. Сондай-ақ, университетте білім алып, қазіргі таңда өз саласының кәсіби шебері атанып, ел дамуына үлес қосып жүрген түлектерге «Үздік түлек» медалі табысталды.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, университет ардагерлері, оқытушы-профессорлар және білім алушылар қатысты.
Салтанатты шарада Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрі, «Дидар» халықтық би ансамблі және білім алушылар өнер көрсетті.
Айта кетейік, биыл университетте бакалавриат бойынша мемлекеттік білім беру грантын 1248 талапкер иеленді.
Білім ордасында осы жылы 10 мыңнан астам студент білім алмақ. Университетте 500-ден астам профессор-оқытушылар құрамы қызмет атқарса, соның ішінде 22 ғылым докторы мен профессор, 38 Phd докторы, доцент, 174 ғылым кандидаты, 220-дан астам магистр сапалы білім беруде.
Кадрларды даярлау 5 институт пен 25 кафедра базасында 114 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады (66 бакалавриат, 35 магистратура, 13 докторантура). Әскери кафедрада Қазақстан қарулы күштері үшін запастағы офицерлерді даярлау 5 әскери мамандық бойынша жүргізіледі.
Әрбір жоғары оқу орны қызметінің басты көрсеткіші – даярлаған кадрлары десек, университет құрылғалы бері қоғам мүддесі үшін 100 мыңға жуық кәсіби маман даярланған.