Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту, аграрлық ғылымның әлеуетін арттыру және өзекті зерттеулердің нәтижелілігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда.

Осы мақсатта университеттің «Аграрлық технологиялар» білім беру бағдарламаларының профессор-зерттеушілері Ибадулла Таутенов пен Лаура Тохетова Сербия Республикасының Егіншілік және көкөніс шаруашылығы институтының (Institute of Field and Vegetable Crops – IFVC) ғылыми қызметімен танысып, институт ғалымдарымен тәжірибе алмасты.

Аталған сапар AP23489478 «Қазақстандық Арал өңірі күріш жүйелерінің тұзды топырақтарында дәндік құмайдың отандық және шетелдік селекциясы сорттарын экологиялық сынау» гранттық жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба Қазақстанның, әсіресе Арал өңірінің күрделі топырақ-климаттық жағдайларына бейімделген ауыл шаруашылығы дақылдарын зерттеуге, олардың өнімділік әлеуетін бағалауға және аграрлық өндірістің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Ғылыми сапар барысында университет ғалымдары институт басшылығымен және бейінді зертханалардың мамандарымен кездесіп, ғылыми инфрақұрылымымен, зерттеу бағыттарымен және тәжірибелік жұмыстарымен танысты. Кездесу аясында Қазақстан мен Сербияның табиғи-климаттық жағдайларында дәндік құмай өсірудің ерекшеліктері, оның өнімділігін арттыру, сондай-ақ тұзданған топырақтарға бейімдеу мәселелері талқыланды. Ғалымдар өзара ғылыми тәжірибе алмасып, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу мүмкіндіктерін қарастырды.

Ибадулла Таутеновтің пікірінше, халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту отандық аграрлық ғылымның дамуына, зерттеулердің ауқымын кеңейтуге және озық ғылыми тәжірибені игеруге мүмкіндік береді. Сербия Республикасының Егіншілік және көкөніс шаруашылығы институтымен ынтымақтастық аясында бірлескен зерттеулер жүргізу, ғылыми жарияланымдар әзірлеу және Қазақстанның топырақ-климаттық жағдайларына бейімделген ауыл шаруашылығы дақылдарын зерттеу бағытындағы жұмыстарды жетілдіру көзделеді. Ғалым аталған әріптестіктің университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға және аграрлық ғылымның дамуына тың серпін беретініне сенім білдіріп, ғылыми сапарды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен институт профессоры Санья Васильевичке алғысын жеткізді.

Сербия Республикасының Егіншілік және көкөніс шаруашылығы институты – 1938 жылы құрылған. Институт селекция, тұқым шаруашылығы, генетика және биотехнология салаларында халықаралық деңгейде танылған ғылыми орталықтардың бірі саналады. Мұнда әртүрлі топырақ-климаттық жағдайларға бейімделген ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары өнімді сорттары мен будандары әзірленеді. Әсіресе дәндік құмай мен жүгері селекциясы бағытындағы ғылыми зерттеулер институт қызметінің маңызды басымдықтарының қатарында.

Қорқыт Сербия институты ынтымақтастық.jpeg

Тағы да оқыңыз: