Kyzylorda-news.kz Осыдан тура 35 жыл бұрын, яғни 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның тәуелсіздігіне негіз салған егемендік декларациясы қабылданды. Жалпы бұл қандай құжат? Егемендік декларациясын қабылдамай-ақ, неге бірден тәуелсіздікті жарияламады? Онсыз да қылышынан қан тамған кеңестік жүйе әбден күйреп, күні мәңгі батуға таяу еді ғой…
Жыланды жеті кессең де кесірткелік күші бар
Өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың соңында алты құрлықты аузына қаратқан Кеңес үкіметі әбден әлсіреп, енді еңсе тіктей алмастай халге жеткені тарихтан белгілі. Қанша жерден қызыл айдаһардай айналасына айбат көрсетсе де кесірткедей күші қалмаған одақ ақыры 1990-шы жылдардың басында біржола тарайды. Дәл сол уақытта одақ құрамындағы мемлекеттер егемендік декларациясын қабылдап, тәуелсіздігін жариялауға кірісті. Тарихи деректерге сүйенсек, 1990 жылғы 25 мамырда – Грузия, 12 маусымда – Ресей, 20 маусымда – Өзбекстан, 23 маусымда – Молдова, 16 шілдеде – Украина, 27 шілдеде – Беларусь, 22 тамызда – Түрікменстан, 23 тамызда – Армения, 24 тамызда – Тәжікстан, 25 қазанда – Қазақстан, 15 желтоқсанда Қырғызстан егемендігін жариялап, декларация қабылдады.
Мақаланы жазу барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚРҰҒА академигі Хангелді Әбжановқа хабарластық. Ол кісі Қазақ КСР егемендігі туралы декларация жобасы Жоғары Кеңес президиумында екі мәрте, Президент кеңесінде екі мәрте талқыланғанын жеткізді.
– М.С.Горбачев бастаған қайта құру саясаты мен практикасы социализмнің барлық қайшылықтарын асқындырды.Одақтасреспубликалардағы үдерістер мен тәжірибені жіті қадағалап отырған қазақ зиялылары декларацияны қабылдайтын мезгіл жеткенін дөп басып тани алды. Мұндай құжатты Эстония, Латвия, Литва 1988-1989 жылдары қабылдаса, 1990 жылы Ресей құрамындағы автономиялы республикалар да қабылдап жатты. Мәселен, 1990 жылы шілде айында татар бауырларымыз мемлекетінің атауынан «кеңестік социалистік» деген анықтауышты алып тастап, «Татар Республикасы» атанды. Осы жылғы көктемнің соңына қарай Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаттары мен ғалымдар декларация мәтінін даярлауға кірісті. Қазақ КСР егемендігі туралы декларация жобасы Жоғары Кеңес президиумында екі мәрте, Президент кеңесінде екі мәрте талқыланған екен, – дейді академик Х.Әбжанов.
Қазір Қазақстан неге тәуелсіздігін ең соңынан жариялады деп жүрміз ғой. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан-ақ, кеңестік жүйенің шіри бастағаны белгілі болған. Бұл одақ көлеміндегі мемлекеттердің азаттыққа ұмтылысының басы еді. Әйтсе де тәуелсіздікті неге ең соңынан жариялады? Өйткені ол кезде Қазақстандағы саяси жағдай басқалардан әлдеқайда күрделі болған. Жоғары Кеңестегі депутаттарға егемендік декларациясын қабылдатудың өзі оңайға соқпаған. Басқасын айтпағанның өзінде қазақ тілін мемлекеттік тіл етуге қарсылар бар еді. Олардың ішінде өзіміздің қазағымыз да жүрген. Дәл осы кезді мемлекет және қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Мұхтар Құл-Мұхаммед «Академик Зиманов және егемендік декларациясы» мақаласында кеңірек баяндайды. Архив құжаттары негізінде жазылған мақала 2022 жылдың қазанында «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған.
– Сонымен 1990 жылдың 25 қазаны – қасиетті жұма күні «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» депутаттар талқылауына шығарылды. Бұл кездегі Жоғарғы Кеңес төрағасы көрнекті мемлекет қайраткері, үлкен ақыл-парасат иесі, ірі экономист-ғалым Е.М.Асанбаев еді.Сессияны Ерік Мағзұмұлы ашып, әуелгі сөзді басқару жүйесіндегі жаңа құрылымдар жайлы ақпарат беру үшін Президент Н.Ә.Назарбаевқа береді. Одан кейін бірден декларация жобасын талқылауға көшіп, сөз комиссия төрағасы Салық Зиманұлы Зимановқа ұсынылады.Ол өз сөзін: «Біздің республикамыздың Мемлекеттік егемендік туралы декларациясы азаматтық, ұлттық, тұтастай алғанда, қоғамдық келісімге жетуге бағытталған консолидациялық құжат болуға тиіс», деп бастап, оны талқылаудың оңай болмағанын, кейбір баптар бойынша ортақ консенсусқа келе алмағандарын, сол себепті сессияның басында таратылып берілген нұсқаға бірқатар өзгеріс түсірілгенін алға тартты. Егер депутаттарға таратылған нұсқада 15 бап болса, талқылау барысында ол 18-ге дейін жеткен.С.Зиманов талқылауға ұсынылған нұсқа 21 қазанда дайын болып, одан кейінгі үш күн ішінде жекелеген депутаттар, ғалымдар және ғылыми-зерттеу институты өкілдерімен қосымша жұмыстар жүргізіліп, бірқатар редакциялық, стилистикалық және мазмұндық сипаттағы өзгерістер түсірілгенін жеткізді, – деп жазылған мақалада.
Декларация қабылданған кездегі Жоғары Кеңестің сессиясы туралы стенограмманыпарақтағанымызда бірнеше депутаттың егемендік декларациясының соңғы нұсқасына қарсы болғанын аңғардық. Олардың қатарында Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының жұмысшысы, депутат Б.В.Барченко, Солтүстік Қазақстаннан сайланған журналист-депутат А.Ф.Козлов,«Қостанайасбест» комбинатының экскаваторшысы В.И.Мосолов, Целиноград облысы Макин қаласындағы В.И.Ленин атындағы поршень сақиналары зауытының директоры, депутат Ю.М.Сухов, Қарағанды облысы «Тентек» шахтасының директоры, депутат В.Г.Кириллин сынды басқа да халық қалаулылары бар.
Осыған қарағанда қарсы топ әбден дайындалған. Тіпті алдын ала сөйлейтін, қарсы пікір білдіретін адамдарын әзірлеген. Осының өзі жыланды жеті кессең де кесірткелік күші барын көрсетеді. Алайда олардың барлық құйтұрқы сұрағына комиссияны басқарған С.Зиманов пен Жоғары Кеңестің сол кездегі төрағасы Е.Асанбаев сауатты әрі заңға негізделген жауаптарын берген.
– Талқылау алты сағатқа созылды. Құжаттың басты міндеттері кіріспе бөлімде /преамбула/ ашылды. Олар бес топқа бөлінген. Біріншісі – Қазақстан халқының еркін білдіру, барлық азаматтарға лайықты өмір сүретін жағдай туғызу. Екіншісі – Қазақстан халқының достығын нығайтуды басты міндет санау. Үшіншісі – адам құқықтарының декларациясын және халықтардың өзін-өзі басқару құқын тану. Төртіншісі – қазақ ұлтының тағдырына, ізгілікті демократиялық құқықтық мемлекет құруға жауапкершілікті мойынға алу. Бесіншісі – қазақ елінің егемендігін жариялау және декларацияны қабылдау. Кешкі 19.00-ге бірнеше минуттар қалғанда құжат қабылданды. 360 депутаттың 20 пайызы қарсы дауыс берді. Кеңестік билік өмір сүріп тұрғанына қарамастан, қазақ әлі демографиялық азшылықта болса да, осындайлық батыл әрі ізашар шешімнің қабылдануы халқымыздың жасампаздық қабілетін, тарих көшін алға сүйреуге даяр ұл-қыздары барын куәлендірді. Халқымыздың біртуар азаматы, комиссия төрағасы С.Зиманов алты сағат бойы аяғынан тік тұрып әрбір сұраққа, әрбір ұсынысқа, әрбір даулы таласқа егжей-тегжейлі жауап берумен болды. Стенограммамен танысу барысында екі нәрсеге тәнті болдым. Бірі – жасы 70-ке қараған ақсақалдың күш-қуатының молдығы, екіншісі – аса терең білім иесі екендігі. Сол күні 46 рет сөйлепті, – деді тарихшы Х.Әбжанов.
Декларацияның бірнеше жобасы дайындалған
Бүгінде мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды, ол тәуелсіздікке жол ашты деп жүрміз ғой. Шынтуайтына келгенде, бұл декларацияның бірнеше жобасы болған деген де дерек бар. Осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін тарихшы ғалым, академик Берекет Кәрібаевқа хабарластық. Ол айтуғаоңайболғанымен, бұлмаңыздықұжаттықабылдау барысындадепутаттарарасындаүлкенидеялық және саясикүресжүргенін жеткізді.
– Негізінен, егемендік туралы декларацияның үш жобасы дайындалды. Біріншісін, Жоғары Кеңестегі «Демократиялық Қазақстан» деп аталатын қазағы бар, орысы бар, басқалары бар орыс тілді 30-дан астам мүшеден тұратын депутаттар тобы әзірлеген. Олар Декларация жобасын қазан айының басында мерзімді баспасөз беттерінде жариялап жібереді. Бұл жоба бойынша Қазақстанда көп ұлтты этностар өмір сүріп жатқандықтан жаңа қоғамды құру ұлттық мемлекеттілік тұжырым негізінде емес, азаматтық қоғам ұстанымы негізінде болуы қажет, өйтпеген жағдайда, болашақта ол қоғамда келеңсіз жағдайларды көп туғызады делінеді. 1989 жылы қыркүйекте қабылданған қазақ тілі туралы заңның болуына қарамастан олар жасаған декларация жобасында орыс тілі ресми мемлекеттік тіл болады деп жазды. Бұл жоба қазақ азаматтарының қатты қарсылығын туғызды. Сол тұста жоғары кеңесте 361 депутат болды десек, соның 90-ы елім, жерім, ұлтым деген зиялы қауым өкілі еді. Одардың қатарында Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Шахмардан Есенов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Манаш Қозыбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Мұхтар Әлиев сынды елдің беткеұстар азаматтары болды. «Әлемді сұлулық, мемлекетті зиялылық құтқарады» деген сөз рас екен. Осы 90 депутат басқалардың көзін жеткізбегенде Қазақстан тәуелсіздік алатын ба еді, алмайтын ба еді, ол жағы беймәлім, – дейді тарихшы Берекет Бақытжанұлы.
Академик Хангелді Әбжановтың айтуынша, Жоғары Кеңеске төрт жоба келіп түскен. Оның ішінде газетке жарияланып кеткені де бар.
– Жоғары Кеңеске ұзын-ырғасы төрт жоба келіп түседі. Ақырында Жоғары Кеңес пен «Демократиялық Қазақстан» тобы ұсынған негізгі және балама екі жоба талқылауға қабылданды. Жоғары Кеңес сессиясындағы талқылау екі күнге – 15-16 қазан – созылды. Жарыссөз өте тартысты өтті. 40-қа жуық депутат мінбеге көтерілді. Ортақ пайым-тұжырымға келу қиынға соққандықтан Жоғары Кеңес арнайы комиссия құрғанды жөн санады, – дейді академик Х.Әбжанов.
Берекет Кәрібаевтың айтуынша, «Демократиялық Қазақстан» депаталатын ұйымнан бөлек Жоғары Кеңестің жұмыс тобы да декларацияның негізгі жобасын дайындап, талқылауға ұсынған. Алайда ол сол кездегі компартияның ықпалымен дайындалған көрінеді. Яғни көпшіліктің көңілі толмады деген сөз. Сол себепті де халыққалаулыларынан, қоғамдықұйымдар мен еңбекұжымдарынан, жекелеген азаматтардан көптеген ұсыныстар, толықтырулар, өзгерістер туралы пікірлер келген. Осыларды ескерген Жоғары Кеңес арнайы комиссия құрып, декларацияның толықтырылған, қоғам пікірі қамтылған жаңа нұсқасын дайындауды жүктейді.
– Жоғары Кеңес заңгер-академик, алдыңғы ойлы ұлтжанды азамат, депутат Салық Зиманов бастаған арнайы комиссия құрып, оған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отыра декларацияның жаңа, толықтай нұсқасын, басқаша айтқанда үшінші нұсқасын жасауды тапсырады. Салық Зиманов бұған дейін академик Жабайхан Әбдилдиннің басқаруымен алаш арыстарын ақтаған комиссия құрамында жұмыс істеген еді. Бір аптадан астам уақыт бойы жұмыс істеген С.Зиманов комиссиясы декларацияның соңғы жобасын Жоғары Кеңеске 15 қазанда ұсынды. Жобаны талқылау өте қызу және қарқынды жүреді. Талқылау барысында арнайы жұмыс тобының мүшесі, белгілі заңгер-академик, тағы бір ұлтжанды азамат, депутат Сұлтан Сартаев өте белсенділік танытып, қойылған сұрақтарға жауап бере отыра, «Егемендік туралы декларацияның» басты ұстанымы мен баптарын қорғауда белсенділік көрсетеді. Сондай-ақ, ұлтжанды депутаттар – зиялы қауым өкілдері, әсіресе, қоғамдағы беделі өте зор академиктер басқа депутаттар арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізді. Осылайша, ел тағдырыүшін аса маңызды құжаттың қабылданылуы күрделі жағдайда өтеді. Сөйтіп, 1990 жылдың 25 қазанында, жұма күні 18 сағат 55 минутта ҚазКСР-нің 12-ші шақырылған Жоғары Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияны көпшілік дауыспен қабылдады, – деді академик Б.Кәрібаев.
Тәуелсіздікке негіз салған құжат
Тарихи құжаттарда осы декларацияны қабылдау кезінде декларацияны 261 депутат қолдап, 18 депутат қарсы дауыс бергені, 2 адам қалыс қалса, 1 адам мүлде дауыс бермегені жазылған. Қабылданған егемендік декларациясы 17 тармақтан тұрды. Онда Қазақ мемлекеттілігін құруда, қоғамды қалыптастыруда жалпыадамзаттық құндылықтар мен принциптер басшылыққа алынатыны айтылған. Сондай-ақ, декларацияда Қазақстандағы биліктің қайнар бастауы және иесі Қазақстан халқы деп жарияланды. Сонымен бірге бұл маңызды құжатта Қазақ КСР-нің территориясы тұтас, оған қолсұғылмайды және елдің келісімінсіз оны ешкім пайдалана алмайды делінді.
– Декларацияда мемлекеттік биліктің үш тармаққа бөлінетіндігі – заң, сот және орындаушы болып бөлінетіндігі жария етілді. Сонымен бірге Қазақ КСР аумағында Ата заң мен ел заңдарының үстемдік құратыны, ел аумағындағы ұлттық байлыққа республиканың дербес меншігі болатыны, халықаралық қатынастарда Қазақ КСР-і жеке субъект болатындығы және ішкі саясатты өз мүддесіне сай анықтайтындығы, егемендіктің басты белгілері – мемлекеттің елтаңбасы, туы және әнұраны болатыны мәлімделді. Декларация тәуелсіздікке негіз салған құжат. Қазақстан Республикасы егемендік туралы декларациясын негізге ала отыра, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ Елінің Тәуелсіздігі туралы Заңды қабылдады. Сөйтіп, егемендік Декларациясы ел Тәуелсіздігіне негіз қалаған және жол ашқан тарихи маңызды құжат болып саналады, – деді академик Б.Кәрібаев.
Заңгерлер декларацияның әр бабына, тіпті әр сөзіне мән берген. Соның өзінде тырнақ астынан кір іздеп, киліккендер көп. Әйтсе де қабылданған декларация тәуелсіздік туралы заңды қабылдауға да, 1993 жылғы конституцияны жазуға да негіз болған. Өйткені онда қазақтың болашағын көздеген баптар қамтылған.
– Декларацияның әрбір бабы маңызды. Сөйте тұра ерекше маңыздыларына мыналарды жатқызуға болады: республика өз аумағында Қазақстан заңдарын бұзатын КСРО заңдарының қолданылуын тоқтата алады, қазақ жеріне қол сұғуға, оны бөлуге, келісімінсіз өзгертуге болмайды, Жоғары Кеңестің рұқсатынсыз республика аумағында басқа мемлекеттердің әскери құрамалары, әскери базалары орналаса алмайды, Қазақстан өзінің дербес ішкі әскерін, мемлекеттің және қоғамдық қауіпсіздік органдарын ұстауға құқылы, – деп жазылған дейді Х.Әбжанов.
Тәуелсіздік жылдары Қармақшы ауданының алғашқы әкімі болған, бүгінде жасы 90-ға таяған Жақай Бодықбаев мемлекеттік егемендік декларациясын Сыр жұрты да ерекше жылылықпен қарсы алғанын айтты.
– Бұл декларацияның қабылданғанын бәріміз күттік. Өйткені ол – мемлекеттің егемендігіне негіз боларлық күші бар құжат. Әйтсе де тәуелсіздік алған соң алға қарай адымдау оңай болмасын түсіндік. Бір қиындықпен еңсе тіктейтініміз белгілі еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әкімдер институты енгізілді. Мені Қармақшы ауданына әкім етіп жіберді. Облыстың бірінші басшысы мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов бір ауданның тағдырын сеніп тапсырған соң артқа шегінер жол жоқ. Ол кезде елдегі зауыт-фабрикалар бірінен соң бірі жабылып жатқан кез. Мекемелер жұмысшыларына айлық бере алмады. Себебі ақша тапшы. Республикадағы балабақшалар да жабылып жатыр.Азық-түлік тапшылығы туындады. Нан жетпейтін де кездер болды. Республика басшылығы өз күніңді өзің көр дейтін қадамға көшкен. Мәселені шешу мақсатында халықты өзін-өзі асырайтын жолға көшіруге кірістік. Қармақшыда күріш ақтайтын, ұн, талқан тартатын, сөк, май шығаратын цехтар аштық. Одан бөлек тігін цехтары, балапан шығаратын инкубаторлар іске қосылды. Бірте-бірте макарон өнімдерін шығардық. Аудан орталығынан азық-түлік дүкендері ашылды. Жәйлап жағдай түзеле бастады. Осының бәрін басқа емес, сол жергілікті тұрғындардың күшімен іске асырдық, – деді Жақай Серікұлы.
1990 жылғы 25 қазан – Қазақстан үшін тарихи күн. Кеңес үкіметі үшін қоңыр аюдың әлсіреген тұсы десек болады. Өйткені айналасына аюдай айбармен қарайтын алып империя күйреудің алдында тұрды.
Егемендік декларациясы Тәуелсіздік туралы заңды қабылдауға негіз болған. Декларация қабылданған 25 қазанды Республика күні деп белгілеп, бірнеше жыл мемлекеттік мереке ретінде аталып жүрді. Алайда 2009 жылдан 2022 жылға дейін бүл күннің атаусыз, ескерусіз қалғаны да белгілі. Ұлытаудағы ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтару керегін алға тартты. Осылайша 2022 жылдан бастап 25 қазанда Республика күні ұлттық мерекеміз сән-салтанатымен аталып келеді.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ,
әлеуметтік ғылымдар магистрі
