Kyzylorda-news.kz. Уақыт ізін айшықтауға келгенде сәулет өнерінен асқан құдіретті дүние жоқ. Қара жерге қазық болып қағылып, тау боп төселген ғимараттар мен ескерткіштер салынған дәуірінің тыныш-тіршілігі мен арман-мұратынан, қилы тағдырынан сыр мен шежіре шертер нағыз дерек. Сол дәуірдің сәлет ескерткіштеріне қарап-ақ, уақыт лебі мен тарих желісін, өркениет мәнін түсінуге болады.

Тарихқа зер салсақ, қазақ даласында құрылыс ерте дәуірлерде басталған. Жетісу мен Шу бойы, Сыр жағалауы, Арыс пен Талас өзендерінің бойы, Ұлы Жібек жолының өн бойында өркениет пен ежелгі қала мәдениеті дамып, бірегей сәулет өнерінің туындылары бой көтерді. Қожа Ахмет Яссауи, Айша бибі, Қарахан кесене-күмбездері, Сыр бойында жатқан қалалар соның дәлелі.

Жалпы, ескерткіш – сәулет өнерінің жемісі. Туынды кейіпкерінің бейнесі тасқа қашалып не болмаса шойыннан, мыстан, қола сынды металдан құйылып, мүсінші өнерпаздардың қолымен жасалады. Көпшілігіміз мүсіншілерді танығанымызбен, ескерткіш құйылмас бұрын әуелі оның жоба-сызбасын даярлайтын, еңбегі өлеусіз сәулетшілерді назардан тыс қалдырып жатамыз. Міне, сондай жанның бірі сәулетші Яхия Күлібаев болатын.

Яхия Күлібаев 1958 жылы Шиелі ауданына қарасты «Жеміс-жидек» (қазіргі Алмалы) ауылында дүниеге келген. Балалықтың бал шырын сәттері мен қайта оралмас кезеңдері де осы жерде өткен. Болар баланың өзгеден бөлекше болатыны бар демекші, Яхия жасынан ұсталыққа бейім болып өседі. 1976 жылы онжылдық мектепті бітіріп, жүрек қалаумен Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне түседі. Үздік дипломмен бірге Ленинградқа берілетін сирек жолдамаға ие болды. Осылайша, жас сәулетші  Репин атындағы көркемсурет Академиясында 6 жыл бойы тәлім алып, сәулетші мамандығының қыр-сырын жетік меңгеріп шығады. Білімі толысып, сәлет өнеріне құштарланған ағамыз еңбек жолын 1980 – 1982 жылдары Шиелі аудандық халыққа қызмет көрсету комбинатында суретші-әрлеуші,  1988 – 1995 жылдары АлмаАтаГипроГор мемлекеттік жобалау институтында сәулетші қызметтерін атқарады. Өзі біліп қана қоймай, білгенін жас буынға үйрету үшін Қазақ Мемлекетік Суретшілер Академиясында «Мүсін» кафедрасында «Сәулет» сабағынан аға-оқытушы болып 4 жыл қызмет етеді. Ал, өмірінің соңғы жылдарын, яғни 1999 – 2016 жылдарда Алматы қ. Сәулет және Құрылыс басқармасында өткізеді. Өкінішке қарай, Қазақстан Республикасының құрметті сәулетшісі Яхия Күлібаев 2016 жылы дүниеден озды.

Білікті биігірек сәулетімен

«Біліксіз биік болса дәулетімен, білікті биігірек сәулетімен» деп аталарымыз айтпақшы, Яхия Күлібаевтың қай жобасын алсақ та, әрқайсысы өзінше ерекше мәнге ие. Деректерді ақтарып қарайтын болсақ, оның қолтаңбасы түскен ескерткіштер мен нысандар еліміздің бірнеше аймағынан кездесетінін байқаймыз. Алғашқысы 1990 жылы Алматы қаласындағы 1200 оқушыға арналған мектеп болса, сол жылы ҚР президентінің резиденциясының «Марапаттау» залы да оның авторлық жобасы болып есептеледі. Сондай-ақ, сәулетші 1991 жылы Ақтау қаласындағы «Бекет ата» орталық мешітінің, 1992 жылы Қапшағай қаласының спорттық-сауықтыру кешенінің, 1993 жылы Алматы облысы, Сарыөзек қаласының мешітінің авторы атанды. Яхия Күлібаевтың қолынан шыққан жобалардың көпшілігі мешіттер екендігін байқадық. Мешіттің ішкі-сыртқы әрлеу-әдемілеу жұмыстарының қаншалықты қиындыққа соғатынын ескерсек, оның жеңіл жолмен жүруді қаламағанын байқаймыз. 

Ағамыздың қолтаңбасы бар ескерткіштер мен нысандар қатары мұнынмен аяқталмайды. Мәселен,  ол 2002 жылы «Бәйтерек» монументі жобасының сәулетшілер тобының мүшесі, «VII Қысқы Азия Ойындарының» ашылуына қалған күндерін есептеу Стелласының сәулетшісі, «ҚР Тұңғыш Президенті саябағы» фонтан аллеясы мен «Қазақстан» монументі жобасының кеңесшісі, авторлар мүшесі болып қызмет атқарады. Мұнымен қоймай Ресейдің, Астрахан облысы, Камызяк ауданындағы Ұлы Отан Соғысының жауынгерлеріне арналған ескерткіштің бой көтеруіне ат салысады.

Оның қолы тиген сәулет өнері ескерткіштерінің басқа сәулет ескерткіштеріне қарағанда өзіндік ерекшелігі бар. Әсіресе, оның сызбасымен Сыр елінде бой көтерген еңселі ескерткіштердің жөні бөлек. Сол жәдігерлерге қарап тұрып өз бойындағы талантты қадірлегенін, сәулет өнерінің қадір-қасиетін жанымен ұғынғанына көз жеткіземіз. Сыр елінде бой көтерген ескерткіштердің қатарында  1998 жылы Шиелі ауданында бөй көтерген М. Шоқай ескерткіші, 1991 жылы Сұлутөбе ауылында соғылған «Жаназар батыр» кесенесі мен Қызылорда қаласында орналасқан «Сыр бойы батырлары» монументін ауыз толытырып айтуымызға болады.

Яхия Күлібаевтың Шиелі ауданында сызбасын сызған ескерткіштері туралы ҚР Мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов өз ойын жеткізді. 

«Ескерткіш – сәулет өнерінің жемісі. Кейіпкердің бейнесі тасқа қашалып не болмаса шойыннан, мыстан, қола сынды металдан құйылып, мүсінші өнерпаздардың қолымен жасалады. Ол құйылмас бұрын әуелі сәулетші оның жобасын дайындап алады. Мүсінші сонан соң ғана білек сыбана іске кіріседі. Мәселен, Мұстафа Шоқайдың ескеткіші облысымызда бірнешеу. Сонау 1998 жылы Шиелі кентіндегі орталық алаңда алғашқы мүсін салтанатты түрде ашылды. Жоба авторы – сәулетші Яхия Күлібаев, күллі түркі жұртының мақтаны М.Шоқайды мүсіндеген – Мұратбай Үмбетов. Міне, ширек ғасырдан бері аудан әкімдігі мен руханиятшыл азаматтар жыл сайын 7 қаңтар күні Алаштың ардақты ұлының туған күнін осында атап өтеді. Бұған қоса, отаршылдық езгіге қарсы күрескен Жаназар батырдың кесенесін қайта сомдауының өзі неге тұрады?! Бұл бір ауданның ғана емес, тұтастай Сыр елі үшін мақтануға тұрарлық іс», - деді Берік Саймағанбетов.

Жаздың керемет кешінде шиеліліктер демалатын бір жайлы орын бар. Ол – Шиелі кентінде орналасқан орталық алаң. Оның қақ төрінде Түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайға арналған алып ескерткіш тұр. Мұстафа Шоқай сынды қайраткердің бейнесін шебер суреттеген туындының ішкі сырын, жеткізбек болған ойын бір білсе, бірі білмес. Тіпті, мән беріп қарамайтын да шығар. Дегенмен, ескерткіштің салыну тарихына қанық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил өз пікірін білдірді.

«Өз басым жаз айларында немеремді ертіп орталық алаңда серуендегенді жақсы көрем. Жай серуендеп қоймай, алаңның қақ төрінде орналасқан алып ескерткіштің тарихын, Мұстаф Шоқай атамыздың жүріп өткен жолын, ескерткіш арқылы автордың жеткізек болған ойын ұқындыруға тырысамын. Жалпы, асқан шеберлікпен соғылған бұл ескерткіш сонау 1998 жылы салынып, 23 жыл өтсе де кескін-келбетін жоғалтпай келеді. Естуімше, ескерткіш гипстен құйылып, сырты мыс қаңылтырмен қапталған. Биіктігі – 2,5 метр, тұғырының биіктігі 2 метр болатын ескерткішті соғардан бұрын, сәулетішінің күн-түн демей толғанып, күннің батысы мен шығысын есептеп әлекке салынған естігенім бар. Демек, сәулетші әрбір ескерткішке жанын беріп іске кіріседі деген сөз», - деді Өркен Исмаил. 

Яхия ағамыздың сәулет өнеріне, еліміздегі әсем ғимараттар мен ескерткіштерді орнатуға деген еңбегі түрі күнінде де елеусіз қалған жоқ. 2009 жылы «Қазақстан Республикасының Құрметті Сәулетшісі», 2012 жылы «Мәдениет саласының үздігі» атағын алса, түрлі жылдары Сәулетшілер одағының «Алтын диплом» иегері, Қалақұрылысшылары одағының «Алтын диплом» иегері, Қалақұрылысшылары одағының «Құрмет грамотасы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалінің иегері, «Қазақстан конституциясына 20 жыл» медалінің иегері, РФ, Астрахан облысының Мәдени-мемориалдық фондына сіңірген еңбегі үшін Алғыс хаттың, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медалінің иегері атанды.

Тірлігінде даңқты тұлғаларды мүсіндеген сәулетшінің өзі де сол мүсін-бейнеге айналып, жыл өткен сайын оны білетін, еске алатын адамдар қатары сирей түсуде. Дегенмен, ол жасаған мүсіндер мен әсем ғимараттар арқылы табиғаттан дарыны мен білімін туған елінің игілігіне жұмсаған талант иесінің есімі ұмытылмақ емес.

Тағы да оқыңыз: