Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданының тұрғыны Назерке Сәбитова бисерден көздің жауын аларлық небір дүние жасайды. Бірақ онысын ешқашан сатқан емес.

Кейіпкеріміздің қолөнерге қызығушылығы бала күнінде басталған.

– 4 сыныпта оқып жүргенде оқушылар үйінің ұстаздары келіп, бізді сондағы үйірмелерге шақырды. Кішкентай кезімнен тоқу, тігу ісіне икемім бар еді. Анам талабымды қолдап, үйірмеге жіберді. Содан мектеп бітіргенше оқушылар үйіне қысы-жазы үзбей бардым. Әуелгіде сақина, моншақ, кісі есімі жазылған білезіктер жасадым. Одан кейін әртүрлі суреттерді, ертегі кейіпкерлерін бисермен тоқитын болдым. Мұны көрген мектептегі еңбек және технология пәнінің мұғалімдері мақтауымды асыратын. Одан сайын шабыттанып, қолөнерді дамыта бердім, – деді Назерке Сәбитова.

Қолөнер ісін кейіпкеріміз хоббиі санайды. Ұсақ моншақтардан ағаш түріндегі сувенир, сәнді сөмке, өзге де бұйымдар әзірлегенмен бірде-бірін сатып көрген  емес.  Тек жақындарына сыйлайды.

– Бисермен тоқу жұмыстан кейін проблемаларды ұмытып, шаршағанымды басуға көмектеседі. Сыйлық ретінде алған адам қуанса, менің де көңілім көтеріледі. Жақыныңды қуантқаннан артық ештеңе жоқ, – деді ол.

Назерке Сәниязова

Тағы да оқыңыз: