Kyzylorda-news.kz. Даму бағыты, саяси ұстанымы әртүрлі болса да  көптеген мемлекеттердің ортақ бір мәселесі бар, ол – жемқорлық. Қанша жаһанданған немесе демократиялық болса да – мемлекетте  жемқорлықтың болуы оны алға бастырмайды.

Себебі – жемқорлық, ең алдымен, әлеуметтік мәселе. Билік басында сыбайластық пен жемқорлық орын алуы адамдардың сол билікке сенімін жоғалтады. Заңның үстемдігіне, демократиялық принциптерге сенім жоқ жерде – адамның өзіне және болашағына көзқарасы әлсірейді.

Сый-сияпат беру арқылы мәселені шешу – тамыры терең  дертке әкеп соғатыны айқын. Дертті таныған кезде  оны жеңу қиын екені аңғарылады. 

Осы үйреніп қалған жүйе қолайлы сияқты көрінеді. Жолыңдағы жемқорлық деген кедергіні жеңем деп жүргенше, сен де ең оңай жолды таңдап сол әдіспен өтіп кеткенің оңайырақ сияқты. Міне – қоғамды құртатын осы жағдай.

Тамыр-таныстықтың, сый-сияпат берудің үлкен күш екенін кішкене кезінен сезінген балада менмендік, масылдық, жазадан қорықпау мінезі қалыптасады. Бұл, өз кезегінде, жалқаулық, сауатсыздық, дөрекілік сияқты келеңсіз қасиеттерді оның бойына берік орнатады.

Бұдан шығатын қорытынды қандай?

Отбасы мен қоғамда  жемқорлыққа қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру.

Жемқорлыққа қарсылық мәдениеті – адамның құқықтық сауаттылығының деңгейіне байланысты. Өзіңнің денсаулығыңа, өміріңе, қоршаған ортаңа, қоғамға, одан әрі мемлекетке зардабын тигізетін жемқорлық деген жаман дертке бой алдырмау үшін ерекше алгоритм ойлап табудың қажеті жоқ. Оның шипасын дәстүр мен салттан, берік діни ұстанымнан, отбасылық құндылықтардан табуға болады. Өз білімің мен күшіңе сену, көмекке немесе қолдауға мұқтаж адамдарға сергеу қарау, жақсылықты қайтарымсыз жасау ниеті, әдептілік және еңбекқорлық. 

Отбасында, бала-бақшада, мектепте адал, шыншыл, өз білімі мен еңбегінің арқасында көпке пайдасын тигізген жандар туралы көп айту, еңбек пен масылдықтың, адалдық пен өтіріктің, құрмет пен жағымпаздықтың ара жігін ажыратуды құлаққа құю маңызды. Әр адамның адалдық туралы нақты пікірі азаматтық қоғамның ұстанымын қалыптастырады. Ал қоғамның моральдық бейнесі «заңды бұзба» деген шарттан тұруы керек.

Белгілі ғұлама Конфуций: «Әр адам өз міндетін орындауы керек: әке – әке болсын, бала – бала болсын, билеуші – билеуші болсын»,- деген. Яғни, әр адам заңға бағынып, өз міндетін адал және жауапкершілікпен орындаса болғаны, ешбір жемқордың жетегінде кетпес еді. 

Бұдан шығатын қорытынды: өз отбасыңның лайықты ізбасары, өз Отаныңның нағыз патриоты болу үшін ішкі мәдениетіңді көтеруді ойла! Біліміңді арттырып, тәртібіңді нығайт! Күйбең тіршіліктен бастап мәртебелі мемлекеттік мәселеге дейін барлық әрекеттің нәтижесі оны жасаған адамдардың ақыл-ойына, сенімді әрекетіне, мінсіз қызметіне байланысты екенін жадыңда тұт! 

Сонда ғана қатыгездіктен ада, көреалмаушылықтан таза, парақорлық пен жемқорлыққа жол бермейтін қоғамды қалыптастыра аламыз. Яғни,  махаббат пен мейірімге, жақсылық пен бақытқа бөленген әлемде өмір сүру үшін сол әлемді өз қолымызбен жасаймыз.

Осы қарапайым  қағиданы әр азамат ұстанса – жемқорлықсыз мықты мемлекетті құруға болар еді.

Бақыт ОРДАНОВА,
Қызылорда облысы бойынша
экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 
бас маманы

Тағы да оқыңыз: