Kyzylorda-news.kz “AMANAT” партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартайдың қатысуымен Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Онда Қызылорда қаласы бойынша қоғамдық көліктердің қызметі мен сапасы талқыланып, комиссиясының құрамына өзгерістер енгізілді.
Комиссия төрағасы Нұркен Бақытбекұлы ең алдымен партия алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – ол Сайлауалды уәделердің орындалуы екенін атап өтіп, осы бағытта Жол картаға енгізілген қала тұрғындарын қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, қала тұрғындарын сапалы қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз ету, жолаушылар тасымалын жақсарту бағытында өңірімізде көптеген жұмыстар жасалуда. Дегенмен облыс орталығында халық санының өсуі қоғамдық көлікке деген сұранысты жыл сайын арттыруда. Сондықтан бұл салаға қатысты тұрғындар тарапынан айтылатын сын пікірлердің де болуы заңдылық, – деді Нұркен Бақытбекұлы.
Жиында күн тәртібіндегі мәселеге орай қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді. Оның айтуынша қала ішілік жолаушылар тасымалын “Қызылорда автобус паркі” ЖШС үйлестіріп отыр. 2017 жылы заманауи талаптарға толық жауап беретін автобус паркінің жаңа ғимараты қолданысқа берілген. Соңғы жылдары жолаушылар тасымалы бағыттарының саны да өскен. Мәселен, 2022 жылы Серіктестік 5 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырған болса, бүгінгі күні 32 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Бүгінде барлық қалаішілік бағыттарда жолаушыларды тасымалдайтын автобустар 2GIS, Яндекс GO және Яндекс Карта ұялы қосымшасына тіркелген. Өз кезегінде қызылордалықтар мен қала қонақтары баратын жерлеріне қосымша арқылы қай бағыт қай уақытта жүретінің көру мүмкіндігі жасалған.
Атап өту керек, облыс әкімінің қолдауымен 2022-2024 жылдары Қызылорда қаласының қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы табиғи газбен жүретін «Yutong ZK6852 HG» маркалы 300 дана автобус алынды.
Жиында қала әкімінің орынбасары халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға, такси қызметтеріне тиімді бағаларды қалыптастыруға бағытталған эко такси қызметі жөнінде де атап өтті.
– 2024 жылы Қызылордада қалаішілік көлік қатынасын одан әрі жетілдіру үшін «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не 1 млрд. 100 млн. теңгеге 100 жаңа электромобиль сатып алынды. «Эко такси» қызметіне тапсырыс «Апару», «Яндекс» және «Жұлдыз TAXI» мобильді қосымшалары арқылы қабылданады. Бұл бәсекелестікке кері әсерін тигізбей, керісінше халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, қоғамдық көлік мәселесін шешуге оң әсерін тигізеді, – дейді ол.
Жиын барысында кеңес мүшелері тарапынан қоғамдық көлік қызметін жетілдіруге қатысты ұсыныстар ортаға салынып, партиялық бақылауға алынды. Күн тәртібіне сәйкес Партиялық бақылау комиссиясы құрамына Партиялық бақылау департаменті мен облыстық филиал басшылығы келісімімен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Cанитариялық- эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда облысы бойынша филиалы басшысы Фарида Қалиева, облыстық кәсіподақтар орталығының төраға орынбасары Марат Бәйімбетов және Қазақстан Заңгерлер Одағының мүшесі, «Әділет» құқықтық қызмет көрсету орталығының жетекшісі Дәулет Ізбасарұлы комиссия құрамына қабылданды.
Жиынды қорытындылаған партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай бұл салаға аймақ басшысының қолдауы ерекше. Нәтижесінде Сайлауалды бағдарламаға енген жұмыстар толығымен жүзеге асқанын тілге тиек етіп, комиссия қатарына қосылған азаматтардың жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің қала тұрғындарына сапалы және уақытылы қызмет көрсетуіне қатысты ұсыныстарын білдіріп, олардың орындалуы партиялық бақылауға алынатындығын жеткізді.
