Kyzylorda-news.kz  Сырдария аудандық мекемелер үйінің мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өткізілді. Жиынға Қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, кеңес мүшелері және күн тәртібіндегі мәселелер бойынша шақырылғандар қатысты.

Бірінші мәселе аудандық мәслихаттың алдағы сессиясына ұсынылатын аудандық бюджет туралы болып, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Ахетов баяндама жасады. Мұнан кейін «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2023 жылғы 4 қыркүйектегі № 54 шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы М.Қаратаевтың баяндамасы тыңдалды. Шешім жобалары бірауыздан мақұлданды.

Келесі мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасарлары Т.Нұртазаев пен Д.Байдушев, сондай-ақ аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы С.Аймаханов өз салалары бойынша Қоғамдық кеңес мүшелеріне есеп берді. Т.Нұртазаев макроэкономикалық көрсеткіштер, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ ауылшаруашылығын өркендету бағытындағы жұмыстарды айтты. Ал Д.Байдушев әлеуметтік сала жұмысының басым бағытына, білім, денсаулық, мәдениет пен спорт салаларында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Өз кезегінде С.Аймаханов ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары жөнінде есеп берді.

Қоғамдық кеңес мүшелері инвестиция көлемін арттыру, ауыспалы егісті жүйелі жоспарлау, жайылым мәселесін шешу, мәдениет мекемелерін сапалы аппаратурамен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының санитарлық талап нормаларына сай жұмыс істеуін бақылау, мемлекеттік сатып алу жұмыстарына мониторинг жасау, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін назарда ұстау, аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған орталық ашуды пысықтау жөнінде ұсыныстар айтты. Айтылған ұсыныстарға аудан әкімінің орынбасарлары мен мекеме басшылары жауап беріп, назарға алатынын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: