Kyzylorda-news.kz. Шиелі аудандық қоғамдық кеңестің жаңартылған құрамы жұмыстың жүйелі жоспарын түзіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде бақылаушылық, ұсынымдық сипаттағы ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Кеңесті билік пен азаматтық қоғам арасын байланыстырушы буын деп білетін көпшілік кейде шешімін таппаған, түйінді түйіткіл осы ортадан тарқалады деп те сенім білдіріп жатады.
Қабілеш Бекішев төрағалық ететін қоғамдық кеңес кент және ауылдық округтердегі құрылған қауымдастықтармен де етене тығыз байланыс құра білген. Қоғамдық кеңестің негізгі қызметі – қоғамның өзекті мәселелерін көтеру. Көтерілген өзекті мәселенің шешімін атқарушы билікке ұсыну. Сонымен қатар кеңестің бюджет жобасын, оның орындалуы туралы есепті, стратегиялық даму жоспарларын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік-құқықтық актілерді талқылау өкілеттігі бар екендігін ескерген жөн. Мәслихат мақұлдап, әкімдік бекітпестен бұрын қоғамдық кеңестің алдынан бір өтіп, ұсынысын тыңдау жергілікті атқарушы биліктің дәстүріне айналғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де, демократиялық ашық қоғам қағидатына бет бұрған біздің еліміз үшін азаматтық қоғам институттарымен осылайша ашық жұмыс істеу бір жүйеге түскендей. Жуырда аудандық қоғамдық кеңес отырысында осы айтылған мәселелердің айна қатесіздігіне тағы да бір рет көз жеткіздік.
Шиелі кентіндегі Ардагерлер үйінде өткізілген кеңестің кезекті отырысында белгіленген күн тәртібі төмендегіше өрбіді.
Бірінші болып аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы М.Жұмаділдаев – 2023 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша аудан бюджетінің атқарылуы туралы есепті баяндамасын жасады. Сала басшысының көрсеткен цифрлі мәліметі бойынша, жыл басында аудандық бюджет несиелерді қоса есептегенде 10 млрд 754 млн теңге көлемінде бекітілген.Оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі 4 млрд 298 млн теңгені құраған. Осы ретте айта кету керек М.Жұмаділдаевтің жасаған баяндамасынан ұққанымыздай өткен жылы өз кірісіміздің жоспары 3 млрд 597 млн теңге болса, орындалуы 4 млрд 515 млн теңгені құрап 125,5 процентке көтеріліп, 919 млн теңгеге артық орындалған. Ауданда бюджетті көтеру бағытында өсу динамикасы қалыптасқандықтан болар 2023 жылдың 1 шілдеге түзетілген бюджет 12 млрд 984 млн теңге көлемінде бекітілген. Осылайша, жыл басынан бекітілген бюджет пен түзетілген бюджет арасындағы айырма 2 млрд 169 млн теңгені құраған. Корпоративтік және жеке, әлеуметтік табыс салықтарынан, жарнама объектілерін орналастырудан, аукцион арқылы жер учаскелерін сатудан бюджетке 611 млн теңге жоспардан тыс қосымша кіріс түскен. Аталған бөлім жыл соңына дейін кірісті қосымша 400-500 млн теңгеге жеткізуді жоспарлап отырғанын да бүкпесіз жайып салды. Кеңес мүшелері «бәрекелді» десіп, сала жұмысына оң бағасын берді. 2023 жылдың І жарты жылдығына аудан бюджетінің шығыстары 4 млрд 803,7 млн теңгеге жоспарланып, 6 айдың қорытындысымен 99,8 пайызға орындалған.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Әшірбеков – конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізімі туралы хабарлама жасады.
Қоғалы, Бәйтерек, Қарғалы, Ақмая, Телікөл, Иіркөл, Майлытоғай, Ортақшыл, Тартоғай,Тұран ауылдық округтері бойынша 32 жер телімі, барлығы 2 646 гектар жер конкурсқа ұсынылатындығы хабарланды. Кеңес барысында кейбір жер телімдері ауылдық округтердегі қауымдастық мүшелерінің келісімінсіз конкурстық тізімге енгізілгені белгілі болып, барлық 32 жер телімі қоғамдық кеңестің оң шешімін алмастан кері қайтарылды.
Қоғамдық кеңестің күн тәртібіндегі кезекті мәселелер бойынша аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің, мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс істеу секторының меңгерушісі А.Сейтжаппарова, Сұлутөбе ауылдық округі әкімдігінің заңгері О.Файзуллаевтар хабарлама жасады.
Кеңес мүшелері А.Абдрахманов, Т.Бабасов, Ғ.Есімов, Б.Күлімбет, М.Салқынбаев, И.Бәйкенжеев, Н.Палымбет, Ж.Баймұратовалар сала мамандарына жасаған хабарламаларына сәйкес, өзекті мәселе төңірегінде тұщымды ой қозғап, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Иә, қоғамдық кеңес пен оның мүшелері білімі мен өмірлік жиған тәжірибесіне сүйене отырып, осындай диалог алаңдарында ешкімнен айылын жыймай қоғамда орын алған һәм алуы ықтимал мәселені ашық көтеріп, түйіткілді тарқату жолын жоғарғы билікке жеткізіп, ұсынып, халық пен билік арасындағы алтын арқауға айнала білсе, қоғамдық кеңес – қоғамдық сенімнің бастауы болмақ.
