Kyzylorda-news.kz.  Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесінің мүшелері аудан орталығындағы мемлекеттік балабақшалардың жұмысына мониторинг жүргізген болатын. Мониторингқа Кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, кеңес мүшелері Сансызбай Сәдуақасов, Жұмаділда Нарымбетов, Қайрат Сүлейменов, Ақтөре Ибрагимұлы және кеңес хатшысы Жандос Әбубәкіров қатысты.

Кеңес мүшелері ең алдымен Азатбақыт Әлиакбаров көшесіндегі №2 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасын аралап көрді. Балабақша ұжымымен кездесіп, ғимарат ішіндегі топтармен танысты. Балабақша ауласына жаңадан ойын алаңын салу қажеттілігі жөнінде ұсыныстар айтылды. Бұл бағытта бюджеттік өітінім әзірленген екен. Қаржы бөлу жұмыстары Қоғамдық кеңес құрамындағы депутаттар тарапынан көтерілетін болады.

– Қазіргі уақытта бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлінуі тиіс. Балабақша тәрбиешілерінің жұмысын жандыру – күн тәртібінен түспеу керек. Сонымен қатар балабақша мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру жолға қойылса дейміз. Негізінен, бала тәрбиесінің бастауы балабақшада басталатындығын жақсы білеміз. Сол себепті ата-аналардың сын ескертпелеріне оңды нәтиже шығару керектігі назарда болу керек. Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің мүшелері кейбір отырыс барысында балабақша мәселесін көтеретін боламыз, – деді Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Еспенбетов.

Мұнан кейін Кеңес мүшелері №13 «Нұр бөбек – Тереңөзек», №6 «Ботагөз» санаториялық бөбекжай балабақшасында болды. Мұнда да балабақшаның ішін аралап, балаларға қаншалықты қолайлы жағдай жасалғанын бағамдады. Балабақша меңгерушілері атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Кеңес мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, олардың басым көпшілігі орындалатын болды.

Мониторинг жұмыстары №1 «Қызғалдақ» бөбекжай балабақшасында жалғасты. Мұнда 130 бала тәрбиеленіп жатыр екен. Балабақшаның меңгерушісі ойын алаңын жаңалау және ғимараттың кейбір тұстарын кеңейту қажет екенін айтты. Кеңес мүшелері тарапынан да ұсыныстар айтылды.

– Мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жалғасын тапса, сала мамандары жұмысы сапа бола түспек. Өзге қалаларда балабақша жұмысының сын көтермейтіндігін байқап жүрміз. Сондықтан барлық мүмкіндіктерді қарастырып, халық баласын тәрбиелеуде ерекше мән берілетін мәселелер көп. Өзіміз бала тәрбиелеп отырғаннан кейін балабақша жұмысы таразылап, балаға қолайлы орта қалыптастыра алатын мамандарды іздейміз. Біз бүгін бірнеше балабақшаны аралап көрдік. Балабақша меңгерушілеріне әріптестік байланыс орнатып, баланың болашағы үшін тікелей жұмыс жасау керектігімізді ескерттік. Себебі, көпшілік әлеуметтік желі арқылы өзге өңірлердегі олқылықтарды болдырмау мақсатында жоғары талап қояды. Расында, балабақша жұмысы ұдайы бақыланып отырады, – деді аудандық мәслихати депутаты Ақтөре Ибрагимұлы. 

Мониторинг барысында Кеңес мүшелерінің назарына ұсынылған мәселелер алдағы уақытта Кеңестің кезекті отырыстарында көтерілетін, талқыланатын болады. Кеңес мүшелері алдағы уақытта да өз құзіреті шегінде мониторинг жұмыстарын ұйымдастыратын болады.
 

Тағы да оқыңыз: