Kyzylorda-news.kz Ашықтық пен әділдік – қазіргі күннің басты талабы. Осы бағытта мемлекеттік органдар жұмысының жүйелі, нәтижелі болуы үшін қоғамдық кеңестердің маңызын арттыруға баса мән беріліп жатыр. Өз кезегінде облыстық қоғамдық кеңесте нәтижелі жұмыстардың жүзеге асуына ықпал жасап келеді. Яғни, қоғамдық кеңесті тегеурінді тетік деп қарастырсақ болады. Тұтас қоғамның белсенділерінен құралған институттың мүмкіндігі мол. Көп істің басында жүргенін жыл бойы жасалған жұмыстарынан-ақ байқауға болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әріп Хожбанов баяндады.
– Қоғамдық кеңес не істеп жатыр, немен айналысып жатыр деген сұрақтар бар. Бірақ біз өзіміз істеген жұмысты жарнамалау үшін емес, нәтижеге жету жолында жұмыс жасап жүрміз. Республикалық деңгейде шешілген ұсынысымызды айтайын. Бұл Бейнеу - Бозой арқылы келіп, Батыс Қытай - Батыс Еуропа жолына қосылатын жолды салу мәселесі көтерілді. Қоғамдық кеңестің белсенді мүшелері осы жұмыстарға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Халқымыз ежелден жыршылық өнерді, жалпы жырауларды ерекше құрметтеген. Десе де, біздің облыста жыраулар үйі болмады. Қоғамдық кеңестің белсенділері “жыраулардың өз үйі болуы керек” деп осы мақсатта ұсыныс айтты. Нәтижесін көрдік, куә болдық. Сол секілді бірталай мәселелердің шешілуіне ықпал жасадық. Бұл қоғамдық кеңестің үш жыл мерзімі біздер үшін білу, тану, үйрену уақыты болды десек артық айтпағанымыз. Бір-бірімізден үйренгеніміз көп. Қоғамдық кеңесте бір ғана білімді, білікті сала мамандары ғана емес, өмір мектебінен өткен тәжірибелі мамандар қызмет жасады. Сондықтан қоғамдық кеңес мүшелеріне өз алғысымды білдіргім келеді, – деді Әріп Битілеуұлы.
Қызылорда облысының қоғамдық кеңесі – азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты дамытуға бағытталған консультативтік-кеңесші орган. Қоғамдық кеңес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, жергілікті билікке ұсыныстар береді. Осы тұрғыда облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Болат Нұрхожаев өз пікірімен бөлісті.
– Қоғамдық кеңес – бұл билік пен халық арасындағы маңызды байланыс құралы. Оның негізгі мақсаты – қоғамның мүддесін қорғап, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал жасау. Облысымызда түрлі бағыттар бойынша маңызды жобалар жүзеге асырылуда, бірақ кейбір мәселелер әлі де шешімін күтуде. Халықтың пікірін ескере отырып, әділдік пен ашықтық қағидаттарына сүйене отырып жұмыс істеу – біздің басты міндетіміз. Қоғамдық кеңес мүшесінің басты міндеті – тұрғындардың өтініштерін қарау және олардың мәселелерін шешуге атсалысу. Кеңес мүшелері азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істеп, өңірдегі маңызды мәселелерге бей-жай қарамайды. Мысалы, Кіші Арал мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өткізілді. Сондай-ақ, Арал ауданында кездесулер өткізіліп, бұл мәселенің шешімін табуға бағытталған қадамдар жасалды. Қоғамдық кеңестің жұмысы өз нәтижелерін көрсету үшін тиімді құралдарға ие. Оларға мониторинг жүргізу, сарапшылардың пікірін алу және қоғамдық тыңдаулар өткізу кіреді. Мұндай тәсілдер арқылы біз тұрғындардың мүддесін қорғап, олардың пікірлерін ескере отырып, қоғам игілігі үшін шешімдер қабылдаймыз, – деді Болат Жолтайұлы.
Қоғамдық кеңес – билік пен қоғам арасындағы байланыстың дәнекері. Әр саланың үздіктері қордаланған мәселенің шешілу жолына үңіліп, ұсыныстарын ортаға салады. Мәселен, бір ғана ауыл шаруашылығында атқарылатын жұмыстар жетерлік. Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Ерұлан Өмірсеріков осы салаға ауыл азаматтары да мықтап ден қоюы керегін айтты.
– Қаланың мәселесі ауылға байланысты. Ауылға байланысты облыс басшысының берекелі жұмыстарының ішінде, біздің де ұсыныстар ескерілгенін көріп отырмыз. Ауыл мәселесі бір күнде біте қалатын жұмыс емес. Негізінен мемлекет жұмысты алып барған. Әрі қарай жұмыс ауыл азаматтарында, сол ауылдың халқында, сол ауылдың инвесторына байланысты. Сонда ғана ауылдың тұрмыс-тіршілігі жақсарады. Ауыл мәселесі дегенде, оның арғы жағында халқымыздың рухани құндылығы жатыр. Қоғамдық кеңестің ең басты мақсаты - қоғамның сұранысын, талабын дәйекті түрде жергілікті атқарушы органдарға жеткізу.Ауылда атқарылатын мәселе әлі де көп. Соның шешілу жолына әрі қарай да қызмет жасай береміз деп ойлаймын, – деді Ерұлан Қарсыбекұлы.
Қоғамдық кеңес – бұл билік пен қоғам арасындағы маңызды көпір болып табылады, оның басты мақсаты – халықтың мүддесін қорғап, қоғамның әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға үлес қосу. Кеңес мүшелері қоғамдық мәселелерді талқылап, сарапшылардың пікірлеріне сүйеніп, нақты шешімдер ұсынады. Оның жұмысы азаматтардың белсенді қатысуымен тиімді жүзеге асырылады.
- Бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты – облыстағы қоғамдық мәселелерге көз жіберіп, қоғамдық кеңестің атқарып жатқан жұмысымен таныстыру. Қоғамдық кеңес – бұл билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып, қоғамның мүддесін қорғау үшін қызмет атқаратын маңызды алаң. Біз осы қоғамдық кеңес аясында әділдік, ашықтық және халықтың мүддесін ескере отырып, шешімдер қабылдауға ұмтыламыз. Әрқайсымыз үшін қоғамдық кеңестің жұмысы – тек қана міндет емес, сондай-ақ азаматтық борыш. Біз әрбір мәселені егжей-тегжейлі талқылап, тиімді шешімдер іздеп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шараларды қабылдаймыз. Біздің жұмыстың басты мақсаты – халық пен билік арасында сенімді байланыс орнату, сол арқылы қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ету, – деді Сәрсенкүл Биқожаева.
Қызылорда облыстық қоғамдық кеңесінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия медициналық қызмет көрсету сапасы, дәрігерлердің жетіспеушілігі, техникалық қамтылуы бойынша терең зерделеп, жұмысын жақсарту бағытында министрліктер мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына нақты ұсынымдар беріп отырады. Осы ұсынымдар негізінде тұрғындардың бірнеше мәселесі шешімін тауып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы нақты шаралар қабылдады.
– Әлеуметтік комиссия жұмыс барысында денсаулық саласына үлкен бақылау жасап, министрлікке дейін өз ұсынысымызды жеткіздік. Мәселелер бойынша халық арасында сауалнамалар жүргізіп, мониторинг жұмыстары тұрақты атқарылып отырды. Жұмыс барысында медициналық мекемелерге сапа жүйесін орнатуды ұсындық. Себебі, әр тұрғын медицина қызметкерлерінің жұмысына, дәрі-дәрмек сапасына баға беріп отыруды жолға қойса сапа артар еді. Халық сынынан ешқашан қашпау керек, себебі орнымен айтылған сын жұмысты жетілдіруге септігін тигізеді. Сондай-ақ қоғамдық кеңестің алаңында денсаулық саласымен қатар жұмыссыздық мәселесін көтердік. Мемлекеттен берілетін гранттар мен несиелер, жалпы әлеуметтік көмектердің жүзеге асырылуын кеңінен зерттеп, өз ұсынысымызды басшыларға жеткізіп отырдық. Бүгінде өңіріміздегі қоғамдық кеңестің жұмысы өте нәтижелі, тиімді болды. Азаматтардың жанайқайын осы алаңда талқылап, мемлекеттік органдарға тұрақты жеткіздік. Міне біздің бірігіп осы алға қойған міндеттерді атқарып келе жатқанымызға да үш жыл болып қалды. Үш жыл мерзім ішінде осы жұмыстарды бірге атқарып, ұйымшылдық пен белсенділік танытып келген қоғамдық кеңес мүшелеріне алғыс білдіреміз, – деді Аида Ибрагимқызы.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі