Kyzylorda-news.kz Қоғамдағы тұрақтылық пен татулық – кез келген мемлекеттің орнықты дамуының басты алғышарты. Әсіресе, көпэтносты Қазақстан үшін бұл мәселе тек әлеуметтік саясаттың бағыты ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің өзегіне айналған стратегиялық басымдық. Осы тұрғыдан алғанда, Қызылорда қаласындағы Достық үйінде өткен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің кездесуі – қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңы болды.
Жиынды жүргізген «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Омаров Дәулет Кәрібайұлы ақпараттық-түсіндіру топтарының қоғамдағы рөліне тоқталып, олардың бүгінгі күні тек ақпарат жеткізуші ғана емес, алдын алу, түсіндіру және бағыт-бағдар беретін пәрменді құралға айналғанын атап өтті.
Кездесу барысында өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері де сараланды. 2025 жылы ақпараттық-түсіндіру тобы тарапынан 147 іс-шара өткізіліп, 5 мыңнан астам адам қамтылған. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 39 іс-шара ұйымдастырылып, 2063 тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұл көрсеткіштер қоғаммен жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатқанын аңғартады.

Жиында қоғамдық қауіпсіздік мәселелері ерекше назарға алынды. ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің Терроризмге қарсы орталығы басшысының орынбасары Телеуов Мұрат Сансызбекұлы терроризм мен экстремизмнің алдын алу бағытындағы жұмыстарға тоқталып, қоғамдағы сергектік пен құқықтық сауаттылықтың маңызын атап өтті. Ал облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының терроризмге қарсы қызметті үйлестіру бөлімінің басшысы Ізкенов Бағдат Оразбекұлы өңірдегі қауіпсіздік шараларын үйлестіру және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелеріне назар аударды.
Сонымен қатар, жиында жастар арасындағы өзекті мәселелер де кеңінен талқыланды. Буллинг, вандализм, нашақорлық пен лудомания сияқты әлеуметтік дерттердің алдын алу, сондай-ақ интернет кеңістігінің кері әсерлері жөнінде пікірлер айтылды. Бұл мәселелердің барлығы бүгінгі қоғам үшін аса маңызды екені атап өтілді.
Пікір алмасу барысында этномәдени бірлестіктер өкілдері де өз ойларын ортаға салды. Облыстық «Славяне» орталығының төрағасы Галина Щербакова жастар тәрбиесі мен қоғамдық тәртіп мәселелеріне тоқталса, облыстық шешен орталығы төрағасының орынбасары Лайла Пашаева мен Татар орталығының төрағасы Галия Гизатуллина, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері Жақсыбай Жакеев пен Асылбек Жұмабаев елдегі бірлік пен тұтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті. Олардың пікірінше, қоғамдағы келісім мен өзара құрмет – ел дамуының басты кепілі.
Жалпы, Қазақстан қалыптастырған этносаралық келісім үлгісі – халықаралық деңгейде мойындалған құндылық. Алайда оны сақтау мен дамыту үздіксіз жұмысты талап етеді. Әсіресе, жаһандану дәуірінде түрлі ақпараттық ықпалдар күшейген шақта қоғамның ішкі тұтастығын сақтау – баршаға ортақ міндет.
Жиын қорытындысы көрсеткендей, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Ал бірлігі бекем елдің болашағы да баянды болмақ.
