Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Достық үйінде жыл қорытындысына арналған салтанатты шара өтті. 

Жыл бойы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді айқындауға, сондай-ақ сала қызметкерлеріне құрмет көрсетіп, бірлік пен ынтымаққа негізделген мазмұнды кездесуге басқарманың және қарасты орталықтардың қызметкерлері толық қатысты.

Салтанатты шарада басқарма басшысы Руслан Каюпов сөз сөйлеп, ұжымын алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Басқарма басшысы өз сөзінде жыл бойы атқарылған жұмыстардың негізгі бағыты ел бірлігін нығайтуға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді байланысты күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Қоғамдық даму марапат.jpg

- «Баршаңызды алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Жаңа жыл әр шаңыраққа амандық пен береке әкеліп, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге мол табыс сыйласын. Биылғы жыл бірлік пен тұрақтылықты сақтау, қоғаммен ашық диалогты дамыту, ортақ құндылықтарды нығайту жолындағы нақты істерімен есте қалды. Бұл жетістіктер – баршаңыздың күнделікті, жауапты әрі қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Алда келе жатқан Жаңа жыл әрқайсымызға жаңа серпін, тың бастамалар мен берекелі жетістіктер әкелсін!», – деді Руслан Мұхамедәліұлы.

Салтанатты шара барысында жыл бойы қоғамдық келісімді нығайтуға, мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді жүзеге асыруға, жастармен жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізуге, тіл саясатын дамытуға және қоғаммен ашық әрі сапалы коммуникация орнатуға елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкерлер марапатталды. 

Адал еңбегімен, жоғары жауапкершілігімен және кәсіби шеберлігімен ерекшеленген бірқатар сала мамандарына облыс әкімінің, облыс әкімінің орынбасарының, сондай-ақ басқарма басшысының Алғыс хаттары табысталды. Бұл марапаттар қызметкерлердің атқарған еңбегіне берілген нақты баға әрі ұжым үшін үлкен ынталандыру болды.

Мерекелік жиын аясында басқармаға қарасты «Қоғамдық келісім», «Өңірлік коммуникациялар қызметі», «Жастар ресурстық орталығы», «Ақпараттық талдау орталығы» және «Тілдерді оқыту орталығы» ұжымдары дайындаған шығармашылық өнерлерін көпшілік назарына ұсынылды. Ән мен сахналық қойылымдар, мазмұнды көріністер шараның мерейін арттырып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жылдық қорытынды шара басқарма ұжымының ұйымшылдығын, өзара сыйластығы мен ортақ мақсат жолындағы табанды еңбегін айқын көрсетті. 

Алда келе жатқан Жаңа жыл әрбір қызметкерге жаңа мүмкіндіктер, сәтті бастамалар мен толағай табыстар әкеліп, бірлік пен тұрақтылықты нығайта берсін!

Қоғамдық даму марапат 2.jpg

Тағы да оқыңыз: