Kyzylorda-news.kz. Полиция  –  өте  күрделі  де  жауапты,  әрі  адам  бойындағы  өжеттілік  қасиетін  талап  ететін мамандық.  Полиция қызметкері  болу  өзің  үшін  емес,  өз  елің  мен  қоғамның,  адам  өмірі  мен  қауіпсіздігінің мызғымастығына  жауапты.  Сол үшін де осы саланың жауапкершілігін арқалаған жандарды қоғам тыныштығын күзетуші, тәртіп сақшылары деп жатамыз. Бүгінде аса күрделі мамандықты абыроймен арқалап жүрген ерлермен қоса әйел адамдар да осы қызметті мүлтіксіз атқарып келеді. Ерлерге жүктелген жауапкершілікті олар да арқалайды, қызығына да, қиындығына да төтеп береді. Бүгінгі әңгімемізде ішкі істер саласында еселі еңбек еткен ардагер аналарымызды тілге тиек етпекпіз.

Жалпы, мамандықтың түрі көп. Оның қайсысы болсын өз алдына білім мен талпынысты, ең бастысы, адалдық пен адамгершілікті талап етеді. Ал біз мақалаға тұздық қылған полиция қызметі адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау және қадағалауды жүзеге асырады. Иә, Отанға адал қызмет ету ол, әлбетте, ең алдымен отансүйгіштіктен бастау алады. Өз туған жеріне деген отансүйгіштік қасиеті бар адам үшін мемлекет пен қызметіне деген адалдық өз қызығушылығынан әрқашан артық тұрады. Ал полиция қызметкері болуды таңдау кімге де болсын ең алдымен осы отансүйгіштік,  елдің  тыныштығын  қорғауға  деген  ұмтылысы  себеп болады деп есептейміз. 

2b762fc0-7bab-4d01-b74b-eb2770556c73.jpg

Жалағаш аудандық полиция бөлімінде ұзақ жылдар қоғам тыныштығын күзеткен нәзікжандылар бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, өздерінен кейінгі жастарға үлгі болып отыр. Олардың әрбірінің өнегемен өрілген өмір жолы, әр жылдары аудандық полиция бөлімі жұмысының алға басуына жұмсаған күш-жігері елеусіз қалуы мүмкін емес. Мәселен, отставкадағы полиция подполковнигі Жанат Мұзаппарова осы шенді иығына таққан аудандағы алғашқы қыз, әзірге басқа ешкім жоқ. Қызылорда пединститутының жаратылыстану факультетін бітірген. Еңбек жолында мектепте мұғалім, онан кейін аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, үшінші хатшы болған. Тоқсаныншы жылдардың басында комсомолдық жолдамамен АІІБ-ге жасөспірімдер инспекциясының инспекторы лауазымына тағайындалған. Қызметін адал атқарып, ерлермен бірдей қызмет етуінің арқасында шені өсіп отырған. Ол осы инспекцияның бастығы, паспорт столының бастығы, көші-қон полициясы бөлімшесінің бастығы лауазымдарын атқарып, ІІО-да қызмет ету ережесіне сәйкес, құрмет демалысқа шыққан. Одан кейін білім саласында қызмет етіп, аудандағы №31 мектеп-гимназиясында тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін жауапкершілігіне алып, бүгінге дейін абыроймен атқарды. Әріптестерінің сөзінше, паспортта жүргенде бүкілодақтық іздеудегі бірнеше қылмыскердің мекен-жайын анықтаған екен. Алимент төлеуден жалтарғандарды тауып, шара көру жөнінде облыстағы ең тәжірибелі қызметкер атанған. 

Отставкадағы полиция майоры, ІІО-ның ардагері Марта Тапашева да Жалағаштың төл тумасы. «Ол да Қызылорда пединститутының филиология факультетінің орыс бөлімін бітіріп, мұғалім болған. Кейін комсомолдық жолдамамамен АІІБ-ге жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекцияның инспекторы болып келген. Ол осы салаға алғаш жаңа леп алып келген қызметкер болды. Өйткені бұрын бұл лауазымда бала тәрбиесіне қатысты білімі жоқ егде жастағы ер кісілер атқарып келген-ді» деп баға береді әріптестері. 

80e7d502-03fd-4f77-9e0b-3233210c3234.jpg

Әрине полиция майорының осы қызметте тәртіп бұзушы жасөспірімдерді жазалау бағытында емес, тәрбилеу мақсатында және олармен жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жаңа методикалық тәсілдерді қолданғаны белгілі. Кейін ол паспорт столының бастығы лауазымынан зейнеткерлікке шыққан. Сонымен бірге ІІО-ның ардагері, отставкадағы полиция капитаны Марина Оңғарбаева да АІІБ-ге әдепкіде хатшы-машинистка болып қабылданып, кейін заңгерлік мамандық алып, бөлімнің алдын ала тергеу қызметінің анықтамашысы болып офицерлік лауазымға тағайындалды. Мұндай санаттағы қылмыс жасаушыларды бөлімге шақырмай-ақ елді мекендерге өзі барып, тергеуді сапалы аяқтап, сотқа жолдауға басымдық беретін. Кейін Марина бөлімдегі  мемлекеттік маңызы бар өте құпия мәліметтерді қабылдау-сақтап тиісті лауазым иелеріне табыстауды қамтамассыз ету жөніндегі 2 арнаулы топтың инспекторы лауазымын да адал атқарып, құрмет демалысына шыққан. 

Мемлекеттік мекеменің қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз ететін арнаулы қызметтер мен техникалық қызметкерлердің болатыны сөзсіз. Қазір 83 жастағы батыр ана, еңбек ардагері Торы Жүнісова, 70 жастағы Нәзира Шәмшиевалар да тазалық жұмыстарын барынша адал атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Сондай-ақ кезінде бөлімнің қаржымен қамтамасыз ету тобының жетекші маманы лауазымын атқарған 65 жастағы еңбек ардагері Оразгүл Жәнібекова қызметте болған жылдары бірде-бір рет мемлекет қаржысының ретсіз жұмсалуына немесе басқа да қаржылық тәртіп бұзушылыққа жол бермей, абыроймен зейнеткерлікке шыққан жандардың қатарында. Зибагүл Орынбекова АПБ-ның уақытша ұстау абақтысының фельдшері болып ұзақ жылдар қызмет еткен. Оның атқарған бұл қызметі өте қиын әрі қауіптілігі басым қызметтер қатарынан екені белгілі. Өйткені оқшауланған арнаулы ғимараттағы санитарлық тазалық пен уақытша күзетпен ұсталған адамдардың денсаулығына жауапты болу оңай емес. Бұл кісі де өз міндетін адал атқарып, зейнеткерлікке шыққан еңбек ардагері. Осындай басым көпшілігі ер азаматтар қызмет ететін мекемеде ерлермен бірдей табанды еңбек еткен ардақты аналардың ізін бүгінгі пагондағы арулар жалғастырып отыр. Офицер қыздардың барлығы да ІІМ-нің ведомоствалық медаль, төсбелгілерімен және

ПД мен аудан, облыс әкімдерінің құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен марапатталған. Бүгінде полиция қызметкерлерінің қатарынан нәзікжандарды көру таңсық дүние емес. Өйткені қазір қай салада болсын әйел адамдар бой көрсетіп жатады. Тіпті уақыт өткен сайын тәртіп сақшысы мамандығын жетік меңгерген қыз-келіншектердің қатары артуда. Қоғам тыныштығын күзету, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай емесі бәрімізге белгілі. Бұл сала ішкі істер органы болғасын ерлер немесе әйелдер деп бөлінбейді. Өйткені ереже, тәртіп бәріне бірдей.

6fc94479-8571-4ade-81e4-2582452434b4.jpg

Тағы да оқыңыз: