Kyzylorda-news.kz Айдарлы ауылында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен қоғам қайраткері, журналист, саясаттану ғылымдарының докторы Әбдіжәлел Қошқарұлының 85 жас мерейтойына арналған облыстық ақындар мүшәйрасы өтті. Жыр додасын аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмір-Темір Хұсейін, Қазақ тілі қоғамының төрағасы және ауыл тұрғындары тамашалады.

Аудан әкімі мерейтой иесі көрнекті қоғам қайраткері атқанған еңбегін атап, мүшайраға қатысушы ақындарға сәттілік тіледі.

— Біз көрнекті қоғам қайраткері, журналист, саясаттану ғылымдарының докторы, ұлт руханияты мен елдің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Әбдіжәлел Бәкір Қошқарұлының 85 жылдық мерейтойына арналған облыстық ақындар мүшәйрасында бас қосып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, Әбдіжәлел ағамыз – нағыз ұлтжанды азамат, тіл жанашыры, мемлекеттік басқару, бұқаралық ақпарат, білім салаларында абыройлы қызмет атқарған көрнекті тұлға. Ардақты азамат киелі Сырдың топырағында, Айдарлы ауылында дүниеге келді. Еңбек жолындағы алғашқы қадамдарын Сырдария ауданында ұстаздықтан бастады. Әбдіжәлел Қошқарұлы Қызылорда қалалық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, бірінші хатшысы, облыстық комсомол комитетінің хатшысы, партия комитетінің бөлім меңгерушісі қызметтерінде жүріп, өңірдің өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірді. Екі мәрте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, тіл жанашыры ретінде ана тіліміздің мерейін арттырды. Дана халқымыз «Қаламы қарымдының еңбегі жарқырайды» деп бекер айтпаған. Әбдіжәлел Қошқарұлының қаламынан шыққан 200-ден астам ғылыми мақала, 10 монография мен 2 кітап әлеуметтік маңызын жоғалтпаған ғылыми еңбектердің қатарында. Жыр додасында бақ сынайтын ақындар шабыты мен шеберлігін ортаға салып, ел үшін атқарған еңбегіңізді дәріптейді деп сенемін. Сізді мерейлі мерекеңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақ-береке тілеймін. Мерейтойыңыз құтты болсын! Мүшәйраға қатысушыларға ақындарға сәттілік тілеймін! - деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Іс-шара барысында аудан басшысы Әбдіжәлел Қошқарұлының мерейтойына арнайы құттықтау табыстап, сый-құрмет көрсетті.

Облыстың түпкір-түпкірінен жүйрік ақындар қатысқан жыр додасы екі кезең бойынша өтті. Ақындар тарихи тұлға Мұстафа Шоқай мен Әбдіжәлел Қошқарұлына дайындаған арнауларын оқыды. Сайыс қорытындысы бойынша топтан үздік шаққан ақындар марапатталды.  

Сонымен қатар, Әбдіжәлел Қошқарұлының құрметіне кітап көрмесі мен фотокөрме ұйымдастырылды.

Әбдіжәлел Қошқарұлы.jpg

Фото: Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: