Kyzylorda-news.kz. Қоғалыкөл ауылына сапарымыз барасында жеке бизнес иесімен амандық сұрасып, жөнімізді айтқаннан соң Темірбек Тұрғанұлы Қожанов байыппен сауалдарымызға жауап бере бастады. Газельдің қасында тұрмыз. Әуелгі міндет – кейіпкеріміздің қандай кәсіппен айналысатынын білу. Алғашқы сұрағымыз да соған сай. Шаруаға бейім Т.Қожанов бірден шешіле сөйледі.
– Ауылдың шығыс жағында Базаркөл мен Кіндіккөл бар. Өзі екі шақырым жер. Сонда балық шаруашылығымен айналысамын. Бұл іске бейімделгеніме 15 жылдай уақыт болды. Қазір 3 тұрғынды жұмыспен қамтып отырмын, – деді кәсіпкер. Басты сұрақтың жауабын білгендей қойын дәптердің жаңа бетіне «Балықшы» деп жазып қойдым. Содан соң әрі қарай сөзге құлақ түрдік.
Темірбек Тұрғанұлы балық шаруашылығымен айналысудың қыр-сырын түсіндірді. Су жануарының уылдырық шашу кезеңінен бастап ерекше күтімде болатыны, оларды көбейту, қоректендіру ісі көптің қолынан келетін іс емес. Қыс мезгілі таяп қалды. Бұл мезгілде балықтың тыныс алуына жағдай жасау өте маңызды. Сонымен бірге, көлдерде балық көбейген. Сондықтан қазірден көлдердің суын көбейту керек. Осы мақсатта Жаңарық каналымен су жеткізілуде. Ал қақаған қыста мұз қатқанда әр жерден ойып, қамыс салынады. Бұл олардың демалуына сеп. Кәсіпкердің жары Жұмакүл Қожанованың атындағы Қоғалыкөл көліне де осы жұмыстар жасалуда.
Көлдерден ауланған балықтан түсетін пайда көп. Ауыл, қала халқы басты тұтынушы. Арагідік жәрмеңкелерге де шығып тұрады. Көбінесе 15-20 келілік амбурлар, сазан, дөңмаңдай секілді балық түрлері сатылымға шығарылады. Осы жұмысқа деп арнайы газель көлігін сатып алған екен.
Кәсіпкермен бірге ақырын ерекше бортты уаздың жанына келдік. Мұны не үшін қолданатынын сұрағанымызда, Т.Қожанов бал арасын асырайтынын айтты. Сөйтсек, ауылдағы әйгілі омарташы осы кісі екен. Кәсіптің көзін білетін шаруа адамы жоғарыда айтқан көлдердің жанындағы жайылымдық жерлерді осы мақсатқа қолданатын болып шықты.
Көбіне, балды орыс ағайындардан сатып алып жүргеніміз рас. Қазекем бұл іске бет бұра бермейді. Әрине, бал арасын асырап, оның өнімін алу деген қиынның-қиыны. Ал Темірбек Қожанов үшін оңай жерде нан жоқ. Бұл кәсіппен айналысқанына да аз уақыт болмапты. Он жылдың шеңберінде кәнігі омарташы болып алған. Тіпті, аралардың отбасылық жағдайына дейін тәптіштеп айтқанда таңғалдық.
– Негізі, ара 29 күн өмір сүреді. Аналықтары 5-6 жылға дейін шыдайды. Бұларды ерте көктемнен бастап қоректендіру қажет. Мамырдан бастап дала өсімдіктері гүлдей бастағанда бал жинайды. Сол кезде аралар көбейеді. Арнайы жәшікке әкелген балды бұлар бірнеше рет сүзгіден өткізеді. Ішіндегі зиянды заттардан тазартып, өздері өліп кетеді, – деді кәсіпкер.
Көктем мезгілінде бал жинаған аралар балалайды екен. Одан шыққан аралар бастапқыда арнайы жәшік ішіндегі жақтаудың тазалықшысы болады. Шамалы уақыттан соң күзетшілікке ауысады. Содан кейін ұшып, бал жинайтын көрінеді. Осындай өзіндік ішкі тәртіптерін айтқан омарташы асырап жатқан араларын қыстан аман алып қалудың қамына кірісіпті. Есік алдындағы ықтасынға жәшіктерді жинаған. 60 отбасыны әр жәшікке екі отбасыдан қойған. Ол жәшік ішіндегі жылулықты сақтайды. Және де қыстан аман алып шығуға әлсіз отбасыларды бір-біріне әдейілеп жұптаған. Екі отбасыны бір жәшікке тоғыту үшін пияз және әтірді пайдаланған. Бір-бірінің иісін сезбеу үшін осылай жасамаса қосылмайды екен. Сондай-ақ, кәсіпкер әркезде таза жүруді тілге тиек етті. Жағымсыз иіс-қоңысты сезе қалса, аралар жат адамға бірден шабуыл жасайды екен.
Кейде аралар өз ішінде бүлік шығарады. Сол кезде не жағдай болғанын тексересің. Ішіндегі жалғыз аналық қартайып, өліп қалуы мүмкін. Аналық жоқ жерде еш тірлік болмайды. Сондықтан мұны үнемі бақылап жүресің. Бір орыс «Жиырма жыл болса да әлі үйреніп жүрмін» деп еді. Сол айтқандай, он жыл болса да әлі омарташылықты үйренумен келемін, – деген Темірбек Тұрғанұлы қазіргі жағдайдағы аралардың тіршілік үшін күресіне де тоқталып өтті.
Нашар бір отбасы бар еді. Бір ұяға бірен-саран ара кірді ма болды ғой, қыстан аман шықпайды. Сол күзетшісі нашар болды ма қай күні бір үяға бір-екі ара кірген. Олар балды ұрлап, басқаларына да айтып барған ғой. Сөйтіп, жан-жақтан қаумалап, екі күннің ішінде сол ұядағы балды тындырды. Енді оның аралары өліп қалады. Тіршілік үшін күрескенімен қаншама ара келсе, еш қоймайды, – деді омарташы.
Осындай жіті қадағалаудың арқасында ара өнімі де пайданың көзі болып тұр. Жылына 3-4 рет арнайы аппаратпен бал алынады. Кәсіпкер «Көпшілік балға қант қосады» дейді. Ал Т.Қожанов қоспасыз, таза өнімді халыққа қолжетімді бағада береді. Оның сапасын анықтаудың сырын да айтты. Кәдімгі 1 литр судың салмағынан 1 литр бал салмағы жарты келіге басым болуы керек екен. Ал 1,5 литр балдың салмағы 2,4 келі болуы тиіс. Сол сапалы болмақ.
Кейіпкеріміз мемлекеттік бағдарламалар негізінде несие алып, мал басын көбейту тұрғысында да кәсібін дөңгелетуде. Қора жағында жылқы ұстап, арнайы бағып жатқанын көрдік. Ол ісіне де береке тіледік. Сөйтіп, бар кәсіптің басында жүрген Темірбек Тұрғанұлымен тілдескеннен кейін манағы қойын дәптерге «Балықшы» деп жазғанды бел ортадан сызып, «Әмбебап кәсіпкер» деп қойдым.

