Kyzylorda-news.kz. Бұған дейін Тереңөзек кенті орталығының көркейіп, кезекті жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатынбыз. Күн жылысымен кезекті жөндеу, құрылыс жұмыстары ауылдық округтерде де қолға алына бастады.

Аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар аудан әкімінің тікелей бақылауында. Берік Сәрменбаев жұмыс жоспарына сәйкес құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарды аралап, мердігер мекемелерге жұмыстың сапалы орындалуын тапсыруда.

– Аудан көлемінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өз кезегінде ауданнан шалғайда орналасқан Қоғалыкөл ауылына атбасын бұрып отырмыз. Елді мекендегі бірнеше жөндеуден өтіп, халық игілігіне беріледі. Әрине, дарияның арғы бетіндегі ауылдарға ұдайы қолдау көрсетіледі, – деді аудан басшысы.

Қазіргі таңда Қоғалыкөл ауылында алты көше күрделі жөндеу жұмыстарынан өтуде. Аудан әкімі жұмыс аптасын аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылдық округтегі жұмыстармен танысудан бастады. Аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне жұмыстарды сапалы және мерзімінде атқаруды ескертті. Тиісті сала басшысы мен ауыл әкіміне жұмысты тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Елді мекендегі А.Құнанбаев, И.Мақсұм, Ә.Айзунов, А.Есмахов, Шымбай, С.Майқанова көшелерін жөндеу жұмыстарын «Қызылорда жолдары» ЖШС атқаруда. Жалпы 2,8 шақы­рым жол жөнделіп, тұрғындар үшін жақсы жағдай жасалмақ. Қазіргі таңда көшелерді асфальттау жұмыстары жүргізілуде.

Тағы да оқыңыз: