Kyzylorda-news.kz Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері еліміздегі су басқан аймақтарда қол ұшын созып, қайырымдылық көмек көрсетуде белсенділік танытып жатыр.

«Жүректен-жүрекке» қайырымдылық акциясы аясында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблея мүшелері, Корей этномәдени бірлестігі, Татар орталығы, «Ассамблея жастар» ұйымы судан зардап шеккен аймақтардағы азаматтарға гуманитарлық көмек жинауда. Үш күнге жуық жиналған заттардың арасында азық-түлік, күріш, төсек-орын, гигиеналық және тұрмысқа қажетті химиялық заттар, дәрі-дәрмектер бар.

Корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Денис Пактың айтуынша Корей орталығына корей кәсіпкерлер орталығы, қаладағы «Любовь», «Надежда» шіркеулері, Корей этномәдени бірлестігі орталығының ардагерлері, жастары, белсенділері ақшалай қолдау білдірген. 

Жиналған 1 млн теңге қаражатқа олар 1 тонна азық-түлік, 1 тонна гигиеналық және тұрмыстық, химиялық заттарды, дәрі-дәрмектерді, көрпе-төсектерді әкеліп, «Ассамблея жастар» ұйымының белсенділерімен бірлесіп, оларды сұрыптап, арнайы ҚХА, Қазақстан Корей қауымдастығы және Татар орталығының эмблемаларын жабыстырды.

Өз кезегінде Корей этномәдени бірлестігінің белсендісі Елена Ан барша қызылордалықтарды судан зардап шеккен аймақтарға көмек қолын созуға шақырды. Бірлік пен ынтымақтастықта бұл қиындықты жеңетіндігімізді алға тартты.

− Бұл барша елдің басына келген ауыр жағдай. Ел болып бірлесе көтеруіміз керек. Әрине қиын, десе де бұлттың артынан күн шығатыны секілді, бұл қиындықтың артынан да күн шығып, елімізді жарқын болашақтың күтіп тұрғанына сенімім мол. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен, − деді ол.

Ал Корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Денис Пак өз кезегінде көмек қолын созып жатқан барша жанға алғысын білдірді. 

− Елімізде орын алған жағдайға байланысты бізде өз үлесімізді қосу мақсатында 3 күн бойы гуманитралық көмек жинадық. Жиналған қаржыға барынша қажетті дүниелерді алдық. Осы ретте бізге қолдау білдірген жандарға барынша риясыз алғысымды білдіремін. Қандай жағдай болса да осылай бір-бірімізге қолдау білдірсек, бұл қиындықты да бірлесе еңсереріміз сөзсіз, − деді.

Тағы да оқыңыз: