Kyzylorda-news.kz Астананың екі тұрғыны 37 адамды Мекке мен Мәдинаға қажылыққа апаруға уәде беріп, жиналған 60 млн теңгені иемденіп кеткен. Сот оларды төрт жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Прокуратура мәліметінше, Астананың екі тұрғыны Instagram желісінде Сауд Арабиясына қажылық сапарды ұйымдастыру туралы хабарландыру жариялаған. Олар ниет білдіргендерге Мекке мен Мәдинаға баруды ұсынған.
"Алаяқтардың уәдесіне сенген 37 қажы сотталушыларға жалпы сомасы 60 млн теңге көлемінде қаражат берген", - делінген хабарламада.
Алайда ұйымдастырушылар уәдесін орындамаған, олар түскен қаражатты өздері жұмсаған.
"Сот үкімімен олардың әрқайсысы 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талабы қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", - делінген қадағалау органының мәлімдемесінде.
Астана прокуратурасы азаматтарды сақ болуға және күмәнді тұлғаларға ақша бермеуге шақырды.
Көрнекі сурет: pixabay.com
