Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысының сотталғандарды қайта әлеуметтендіру жұмыстарын күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінде сотталғандарды еңбекке тарту арқылы қоғамға бейімдеуге бағытталған пилоттық жоба жүзеге асырылуда. 

Жобаның негізгі мақсаты – сотталғандарды жұмыспен қамту арқылы еңбек дағдыларын қалыптастыру, жауапкершілік сезімін арттыру және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға қайта бейімделуіне қажетті жағдай жасау.

Осы бағытта мекеме әкімшілігі жеке кәсіпкерлермен және кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесіп, сотталғандарды тұрақты жұмыспен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Жоба аясында сотталғандарға жұмыс берушілердің өндірістік нысандарында еңбек етуге мүмкіндік беріліп, олардың тұрмыстық қажеттіліктері де қамтамасыз етілуде. Атап айтқанда, жұмысшылар жатақханамен, үш мезгіл тамақпен, арнайы киіммен және қажетті тұрмыстық жағдайлармен қамтылған.

Өндірістік нысандарда құқықтық тәртіп пен белгіленген режим талаптарының сақталуы ҚАЖ қызметкерлерінің тәулік бойғы бақылауында. 

Қазіргі таңда "Уналбаев" жеке кәсіпкерлігінде 27 сотталған тұрақты еңбек етуде. Олар құм-блок өнімдерін өндірумен және арнайы техникаларды жөндеумен айналысады. "Алимбаев" жеке кәсіпкерлігінде 16 сотталған жұмыс істеп, тұрмыстық заттарды түгендеу және оларды сауда орындарына өткізуге дайындау жұмыстарын атқарады. 

Сонымен қатар "Dalatex" ЖШС-де 14 сотталған тігін өндірісіне тартылған. Еңбекпен қамту сотталғандардың уақытын тиімді өткізуіне ғана емес, өз еңбегімен табыс табуына, кәсіби тәжірибе жинақтауына және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне мүмкіндік береді. 

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті сотталғандарды еңбекпен қамту, кәсіби дағдыларын дамыту және олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.

ҚАЖ.jpeg

Тағы да оқыңыз: