Kyzylorda-news.kz. Аймақта Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бар. Олардың негізгі міндеті – қылмыстық жазаны орындау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, қылмыстық жазаны орындайтын органдар мен мекемелерде құқық тәртiбi мен заңдылықты қамтамасыз ету. Сонымен қатар олар жазасын өтеп жатқандардың түзелуiн ұйымдастыру, сезiктiлердiң, айыпталушылардың және сотталғандардың, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесi мекемелеріндегі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етеді.
Облыстағы комитет қандай қызмет атқарып жатыр? Биылдың өзінде біршама жұмыстың басын қайырған мамандар түрлі шаралар уақытылы ұйымдастырылуда дейді. Жыл басынан бері өткізілген шаралардың тінін тарқатып көрейік.
«Жұмыспен айналысу сотталғандар үшін – босатандыққа бастайтын жол» деген ұранды берік ұстанғандар бар екен. Мәселен, тергеу изоляторының шаруашылық бөліміне қалдырылған жазасын өтеуші азамат темір терезелер жасайды. Ол қамауда отырып-ақ, өзіне де, мекемеге де пайдалы іспен айналысып жүр екен.
Жалпы Қызылорда облысы бойынша түзеу мекемесінің тергеу изоляторының №68 мекемесінде тұрмыстық қызмет көрсету отряды жұмыс істейді. Олар бұл мекемедегі шаруашылық жұмыстарын атқарып жүрген, мінезі оңды жазасын өтеушілер. Оның ішінде сантехниктер, электриктер, дәнекерлеушілер, шаштараздар, тәртіпшілер, гардеробшылар, тазалаушылар, асхана жұмысшылары, абаттандырушылар, құрылыстар мен құрылыстарды жөндеушілер, БОД (ванна және кір жуу зауыты) жұмысшылары, кір жуу машинистері жұмыс істейді.
Солардың бірі Шиелі ауданының тумасына тоқталып өтсек. Ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 1-бөлігі, яғни мал ұрлау, бөтеннің малын жасырын жымқыру бойынша 5 жылға бас бостандығынан айрылған екен. Төрт баланың әкесі. Сотталғанға дейін тұрақты жұмысы болмаған. Дегенмен бүгінде мекеменің шаруашылық бөлімінде дәнекерлеуші болып жұмыс істейді.
«Мен үшін жұмыс өте маңызды. Өйткені, жұмыс барысында жағымсыз ойлар мен эмоциялардан алшақтап, ең бастысы өзіме де, қоғамға да пайдалы уақыт өткіземін. Бүгін дәнекерлеу жұмыстарын аяқтадым. Атқарылған жұмыстың нәтижесін көру қандай керемет. Жасыратыны жоқ, өз жұмысымды жақсы көремін. Сүйікті ісіммен айналысу маған шығармашылық шабыт сыйлайды. Оған күш пен қуат береді. Әрі бостандыққа шығуыма үміт сыйлайды» дейді жазасын өтеп жатқан азамат.
Мамандардың айтуынша, шынында да мекемедегі шаруашылық бөліміне қалдырылған жазасын өтеушілердің еңбекпен айналысуы олардың мінез-құлқына оң әсерін тигізеді екен. Жұмыс оларды бойкүйездіктен, әртүрлі жағымсыз ойлардан арылтатынын алға тартады олар. Иә, ең бастысы олардың жеке тұлға ретінде дамуын арттырып, бойларында өз-өздеріне деген сенімділікті нық орнатуға үлкен әсері бар. Яғни, жұмыспен айналысу жазасын өтеушілер үшін – босатандыққа бастайтын жол.
Темір торға тоғытылғандар да психолог кеңесіне жүгінеді. Мәселен жақында Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің психология қызметтерін жетілдіру бойынша және сотталғандарға, сонымен қатар ұзақ мерзімге жазаға тартылғандарға психологиялық көмек беруді күшейтудің 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесі психологиялық қамтамасыз ету тобының психолог мамандары жазасын өтеушілермен «Қарым-қатынас, өзара іс-қимыл және өзара түсіністік» тақырыбында тренинг өткізген.
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты жазасын өтеуші азаматтардың өз мінез-құлқын сырттан бағалай отырып, өзін басқалармен салыстыру және нақты жағдайларда қарым-қатынасын түзету. Әрине, темір торда кім нендей жаза арқалап отырса да, ол – адам. Адам болған соң өмірге деген көзқарасы, дұрыс жағынан өзгеруі, өзін ұстауы, қоғамға бейімделуі маңызды қадамдардың бірі болмақ. Психолог мамандардың айтуынша, әр адам әртүрлі. Әрқайсысының бөлек, бір-біріне ұқсамайтын тағдыры бар. Тұйықталып, өмірден түңіліп кететіндері де жетерлік. Дегенмен, бұл жердің күліп-ойнауға келмейтін жер екенін ескерсек те, тұлға болған соң өз сезімін, жанын тұншықтырып, тар қапаста қалмауы керек.
«Тренинг барысында көптеген сотталушы жан дүниесіндегі сырымен бөлісіп, ішіндегі өшіп бара жатқан «махаббат, жылулық, адалдық» атты сезімдерінің бар екенін, олардан бір ұшқын болса да қалғанын айтты. Тіпті, көз жасына ерік беріп, ішкі жан дүниесін тебіреніп, эмоциясын жасырмағандар да көп болды. Әрине, қиын жағдайды бастан өткеріп жатқан жандарға ашылып сөйлесу үшін бұл тағы бір мүмкіндік. Өз ойларын ашық айтып, сергіту сәтінде өздерін еркін сезінгендері бізді де қуантты» дейді психолог Салтанат Сейілбек.
Іс-шара барысында жазасын өтеп жатқан азаматтарға «Мен кіммін?», «Жылыту«, «Үш сөз» деген тренинг жаттығуларын ұйымдастырған.
Қорытындылау барысында шеринг әдісі қолданылыпты.
«Өз кінәсін мойындағаннан жақсылық күт» дейді. Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесі жедел бөлімі қызметкерлерінің жүргізген жедел жұмыстары нәтижесінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188 бабының 3-бөлігі 3-тармағымен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған 1994 жылы туылған азамат бостандықта болған уақытында бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру қылмысын жасағаны жөнінде өз еркімен мәлімдеме жасап, кінәсін толық мойындаған.
«Жасаған қылмысымды мойындап, берілген жазаны толықтай өтеймін. Қолмен жасаған ісімді мойныммен көтеремін. Заңға қайшы жасаған іс-әрекетім үшін өкінемін, тіпті енді қайталамауға бекіндім» дейді темір торда жазасын өтеуші.
Ал мамандардың айтуынша, өз кінәсін мойындаған адам алдағы уақытта бұл кінәсін қайталамауға күш салатын болады екен.
«Мойындаудың астарында діни тілмен айтқанда тәубеге келу жатады. Яғни, айыбы үшін өкініп, енді мұндай теріс қылықты қайталамаймын деп іштей түйсіну адамды ондай жаман әрекетке барудан сақтандырмақ. Дәстүрлі діндердің бәрінде бар тәубеге келу түсінігінің астарында жасаған теріс әрекетін ең алдымен мойындап, соны түйсіну жатады. Содан кейінгі қадам өзіне абырой әпермейтін мұндай теріс әрекетті алдағы уақытта жасамауға деген ынта болмақ.
Аталған қылмыстық оқиғаға байланысты жинақталған құжаттар процесуалдық шешім қабылдау үшін Қызылорда қалалық полиция басқармасына жолданды» дейді Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мамандары.
Айта кеткен жөн болар, адам құқықтары жөніндегі Қызылорда облысы бойынша уәкілі Дәурен Сақтапбергенұлы Шәріпбаев, азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынастарға жол бермеу және алдын алу мақсатында қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесінде жаза мерзімін өтеп жатқандардың бір күндік тыныс-тіршілігімен танысқан болатын. Сонымен қатар, Дәурен Шәріпбаев жазасын өтеушілерді жеке сұрақтармен қабылдап, барлық көкейіндегі сауалға толыққанды жауап берді.
Аймақтағы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің биылғы жыл басынан бері атқарып жатқан жұмыстары аз емес. Соның ішінде бірер мысалдар келтіріп көрелік. Жақында тасжол бойынан автомат оқтары табылды. Ол Республикалық «Қару» жедел іс-шарасы аясында жүзеге асқан болатын.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №60 мекеме жедел тобы мекеменің жедел бөлім қызметкерлерімен және Қызылорда ОПД КПБ-ның жедел қызметкерлерімен бірлесіп Қызылорда қалалық әуежайына барар тасжол бойындағы Жаңадария каналы көпірінің оң жағалауындағы ағаштың жанынан қызыл түсті полиэтилен пакетке оралған затты тапты. Ол жерге көмілген. Ішінде 18 дана мылтық оғы мен 40 дана тапанша оғы бар екен. Аталған дерек бойынша сараптама тағайындалып, қазіргі таңда толық мән-жайы анықталуда. Сонымен қатар, Қызылорда облыстық медицина орталығы басшысының бірінші орынбасары мен Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің № 60 мекеме басшылық құрамы сотталғандардың денсаулық жағдайымен танысып, жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Медицина қызметкерлері мекемені аралау барысында сотталғандарға медициналық көмек көрсетуді арттыру және медициналық қызмет көрсетудің бірыңғай жүйесін құру басты мақсат болып табылатынын атап өтті.
«Біздің негізгі мақсатымыз сотталғандарды қазіргі заманға сай тексеру, диагностика және емдеу әдістеріне қол жетімділігі кең болуына көз жеткізу. Олардың жай-күйін бақылап, мазалап жүрген сауалдарына жауап беру» дейді Нұржан Жұмаш.
Өз кезегінде Қазақстан Ресаубликасының Ішкі Істер Министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №60 мекемесінің басшысы Мақсұт Өтегенұлы сотталғандардың денсаулығына қажеттілікті мекеме тарапынан талап ету ажырамас құқығы екенін атап өтті. Сонымен қатар, жазасын өтеушілер де көкейде жүрген сауалын жолдады.
«Менің бүйрегіме ота жасалған. Басқа адамның бүйрегімен жүргеніме биыл 5 жылдың жүзі болды. Соңғы кезде денсаулығым сыр беріп, бүйрегімнің де ауырғаны қайта басталды. Қандай ем-шара қолдансам болады? » деп сұрады жазасын өтеп жатқан азамат.
Бұған мамандар да аурудың нақты қандай белгілері барын сұрап, жазасын өтеуші азаматтың денсаулық тарихымен танысты. Әрі тағы бір тексеріс жұмыстарын жүргізетінін алға тартты.
Мұнда қатып қалған қағида жоқ. Ұйымдастырушылар іс-шараны түрлендіріп, әр түрлі форматта ұйымдастырып отырады. Оған дәлел де жоқ емес. Мәселен, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесінде темір торда жазасын өтеп жатқандар арасында «Шындықпен және әзілмен» тақырыбында карикатуралық жарыс ұйымдастырылыпты. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты жазасын өтеуші азаматтардың көңіл күйлерін позитивті күйге ауыстыра отырып, уақытты тиімді пайдалануға қалыптастыру. Сонымен қатар ұйымшылдыққа, бірлесіп әрекет етуге, өз қабілеттерін еркін көрсете білуге дағдыландыру. Іс-шара барысында жазасын өтеуші азаматтар «Күлеміз», «Біз мықты» деген тренинг жаттығуларына белсенділікпен қатысып, өз қабілеттерін көрсете білді.
«Күлкі – өмірді ұзартады. Оны барлығымыз да білеміз. Ал соны сезіну үшін, көңіл көтеру үшін жазасын өтеушілер арасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Бұл сотталғандардың бір-біріне деген мейірімділігін арттыратыны рас. Сонымен қатар, жақсы көңіл-күй де сыйлайды» дейді мекеме психологы Шырын Нұрғалиқызы.
«Бұл жарыс өте қызықты тартысқа толы болды. Керемет әсер қалдырды. Ойымыз бөлініп, көңіліміз көтеріліп қалды. Іс-шара соңында алған әсерімді өлең жолдарымен бөлістім» деп атап өтті жазасын өтеп жатқан азаматтардың бірі. Ал қорытындылау барысында белсенділікпен атсалысқан азаматтар алғыс хатпен марапатталды.
Бірін айтып, екіншіге кетіп жатырмыз. Біздің ақпараттық агенттікке келетін ақпараттар, хаттар толассыз. Соның ішінде осы аймақтаңы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бөліскен мәліметтер көп. Бұл олардың атқарып жатқан шаруалары шұрайлы екенін аңғартады емес пе? Тек көңіл көтерер іс-шара ғана ұйымдастырып қоймай, жедел профилактикалық жұмыстар да жиі атқарылып жатыр. Тіпті мамандары да қырағы болып, өз қызметін адал атқаруда. Мәселен, темір торда жазасын арқалап жатқан азаматқа зайыбы қатық құтысының ішіне телефон салып, өткізіп жібермек болған.
Алайда қылмыстық атқару саласының Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мемлекеттік мекемесінің бақылаушылары тыйым салынған заттың ішкі аймаққа өтіп кетпеуінің алдын алды. Жазаланушы 262-266 бап бойынша темір торда жазасын өтеп жатыр. Оған сәлем-сауқат әкелген зайыбы айласын іске асырмақ болады. Дегенмен сәлем-сауқатты қабылдау бөлмесінің қызметкерлері азаматшаның азық-түлік тапсыруын тексеру барысында айран құтысының ішінен 1 дана телефон және екі дана Beeline сим картасын тәркіледі. Анықталған факт бойынша бөлім қызметкерлері дер кезінде әрекет етіп, ҚР ӘҚБ-481-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырып, ісін сотқа жолдады.
«Біздің қызметкерлер өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті. Бұл бірінші рет орын алып отырған оқиға емес. Бүгінге дейін мемлекетіміздің игілігі үшін адал қызмет етіп келе жатқан қызметкерлеріміздің жетістіктерін мақтан тұтамын. Қырағылық пен сақтық бақылаушыларымыздың басты қасиеті» дейді мекеме басшысының міндетін атқарушы Темірбек Азамат.
Иә, жаман болсын, жақсы болсын, заңды белшеден бассын, жазықсыз болсын, не дегенмен адам – адам болып қалмақ. Періште көкте ғана емес пе?
Дайындаған Айнұр ӘЛИ