Kyzylorda-news.kz. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол…» деп Абай атамыз айтқандай, адам өмірінде болмай қоймайтын табиғи құбылыстың бірі – адам баласының бұл өмірдегі көретін жарығы, тататын дәм-тұзы таусылып, Жаратқанның бұйрығымен мәңгілік сапарға аттануы. Иә, ол әркімге әрқалай, әртүрлі уақытта келеді. Біреу дүние есігін ашпай жатып шыр етіп, аз кем ғана жарық көріп шетінеп те кетеді. Енді бірі оң мен солын танып, жақсы мен жаманды айырып, енді ғана азамат болып, үлкен өмірге қадам бастар сәтте артында ізін жалғастырар тұяқ та қалмай бұл өмірден қыршын кетіп жатады. Енді біреуге Жаратқанның жарылқауымен үбірлі-шүбірлі боп, немере-шөбере сүйіп ұзақ өмір сүру бақыты маңдайға жазылады.

Халқымыздың салт-дәстүрлерінің ішінде ежелден қалыптасқан көңіл айту үрдісінің орны ерекше. Жақынынан айрылып, қасірет шегіп, жан-жүрегі езіліп, қаралы боп отырған кісіге орнымен көңіл айтып, қайғысына ортақтаса білу де мәдениеттілікті, сыпайылықты, сонымен қатар шешендікті де талап етеді. Ал жақыны қайтыс болғанын білдіру үшін естірту айтады. Өз ортасында белгілі, беделі бар кісілер қайғылы қазаны жанашыр туыстарымен жиналып барып астарлап жеткізген. Қазақ халқының әдет-ғұрпында адам қайтыс болған күннен бастап оның жылы өтіп, асы берілгенше жоқтау айтылады. Қазаны естіген жанашыр ағайын-туыстар келіп, көңіл айтып, аза тұтып көріседі.

Мұны әдебиет терминінде «элегия» немесе дауыс қылу, жоқтау деп атайды. Жоқтаудың мәнісі марқұм болған кісінің жақсылығын айта отырып, оның өмірінде істеген ізгі істерін, басынан кешірген мүшкіл халдерін баяндайды. Бұл дүниенің уақытша жалғандығын айтып, адамдардың тірі кезінде бір-бірін бағалауға, Алланы үнемі еске алып тәубе етуге, сол айтылған жоқтаудан әрбір адам ғибратты ой түюге үндеген. Мұңды дауыспен айтылады. Алайда, осы жоқтаудың да жоралғысын дұрыс сақтай бермейміз. Мысалы; «Жасар жасын жасатпай, жаратқан неден асықты ай», «Өлімі құрсын өрт екен, өзекке түскен дерт екен. Елу бес жасқа келгенде аламын деген серт екен» т.б. секілді.

Тіпті кейбір жандар сабырсыздық танытып, басу айтқан басалқы сөзді тыңдамай шектен тыс бақырып-шақырып бейәдеп өрескел қылық танытып жатады. Кейде баспасөз беттерінде де жарияланған қазанамада: «Мейірімсіз, қатыгез сұм ажал арамыздан мезгілсіз алып кетті…» дегендей сөздер жазылып жатады. Мұның бәрі де Жаратқанның жазған тағдырына нала болу, Аллаға разы болмай наразылық таныту ниетінен туындайтын әрекеттер. «Жоқтауды мүлдем айтуға болмайды, жылау дұрыс емес» деуден аулақпыз, әрине. Әр нәрсенің өз шеңбері, шегі болады. Қай кезде болса да әдептен озбаған абзал болар еді. Ал енді тарихқа зер салсақ, қазақта жоқтау жазбаған ақын кемде-кем шығар. Алайда олар шариғаттан аспай, әдепті сақтай отыра естіген жандар ғибрат алатындай жоқтау жырын жазған. Жоқтау тек іштегі қайғы мен шерді сыртқа шығару үшін ғана емес, тірілерге салмақты ой салып, өнегелі өмір сүруге жетелеу үшін де жазылған.

Қазақтың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлы да өзінің келіні Зейнептен өлген кезінде жоқтау айтуын талап еткенінен біраз нәрсені аңғаруға болар еді. Сондықтан жоқтаудың тәрбиелік мәні де зор. Сол себепті бүгінгі күнгі жоқтаудың сөзіне ерекше мән берілуі керек сияқты. Үлкен кісілерден «Өлімді, яғни қаралы хабарды әйел адам естіртпейді, өлім белең алып кетеді» деп жатқанын еститінбіз. Ал қазір әлеуметтік желіде «Әкем қайтыс болды, шешем қайтыс болды» деп, жерден жеті қоян тапқандай дүйім елге жариялап жатады. Және сол посттың астына өзі пікір жазып, лайк басып отырады. Сонда әкесі не анасы марқұм боп жатқанда қалай ғана ұялы телефонға телміріп отырады екен. Бұны біз шын қайғырғандық деп айта алмаймыз. Бұл тіпті әдепсіздік десе де болады. Кейін қырық күндігінде немесе жылында, қайтқан күнінде еске алып, естелік жазса бір жөн. Осы жағына да мән бергеніміз жөн-ау. Қазіргі уақытта ақпарат құралдарында, ғаламтор беттерінде еліміздің кейбір өңірлерінде «ақылы жоқтаушылардың» шыға бастағанын жазып дабыл қағуда. Бұл дегеніміз бар ұятты ысырып қойып, беттің арын белге түйіп, сәндік үшін қайтыс болған кісіге түк қатысы жоқ адамды ақшаға жалдап әкеп отырғызып қойып, қойылым қойған көрініс секілді ыңғайсыз жағдай тудыратыны анық. Шын көңілден қайғырмаған соң ондай жасанды сценарий кімге және не үшін керек? Келешек ұрпағымыз азбасын десек, дереу бұндай келеңсіз құбылыстан арылуымыз керек. Жасыратыны жоқ, кейде қазалы үйге көңіл айтып барғанда қазаға емес, бейне бір тойға барғандай әсер алатынымыз бар. Қайғының қара бұлтын жамылып, жылап-сықтап жатқанда дастарханды құда күткендей жайнатып қойып (мүрде оң жақта жатқанда) табақтар тартылып, бір-біріне асатып, улап-шулап, сеңдей соғылысып, одан қалды сандық ашып жыртысқа таласып, бір жапырақ шүберек үшін қырғиқабақ боп жатады. Сонда дейміз-ау, бұл кімге күлкі, кімге түрпі? Біз мұндай әдеттермен келешек ұрпаққа қандай өнеге қалдыра аламыз? Жалпы үлкен болсын, кіші болсын қай жерде болмасын әдептілікті, қанағатшылдықты, мәдениеттілікті сақтай білсек жарасымды  болар еді…

Арыстанбек БАЙҚАБЫЛОВ, теолог

Тағы да оқыңыз: