Kyzylorda-news.kz. Ынтымақ түбі – ырыс. Айтылған аталы нақылды көңілдеріне берік орнықтырып, уақыт көшіне тән өз шаруаларын дөңгелетіп жүргендерді ортамыздан көптеп жолықтыра аламыз. Сондай іскер жігіттер қатарында ағайынды Мереке, Мерей, Медеу Есқожаевтарды ыстық ықыласты пейілмен мақтаныш етсек басқалардың да қолдау көрсетеріне кәміл сенімдіміз. 

Бұларды қашан жолықтырсаң да жүздерінен мейірім шуағы төгіліп, ізетті де инабатты қалыптарынан танбайды. Бойларынан имандылық пен адалдықтың, еңбекқорлықтың лебі есіп тұрады. Бармын деп таспайтын, жоқпын деп саспайтындардың нағыз өздері осылар десек жарасады. 

Бердібайдың төрт ұлының үлкені Мереке 1990 жылдары қасына інілері Мерей мен Медеуді алып, базар сөрелерінде ұн, қант, өсімдік майын сатумен айналысты. Шаруашылықтардан салы алып, Қызылордадағы күріш зауытына ақтатып, тұтынушыларға ұсынды. 
Ұзамай Алматыдағы Қытай компаниясынан диірмен сатып әкеліп, күріш дайындайтын цех ашуға қол жеткізді. Арасында егін егетіндерге тұқым, тыңайтқыш, техника жеткізіп, Қармақшыдан дәндік күріш тасымалдап, шаруашылықтарға таратты. 

Адал еңбек алға сүйреп, цех жұмысы жанданды. Ағалы-інілілер бұрынғы ет комбинатын сатып алып, Қытай елінен әкелінген «МСТР-60» маркалы күріш ақтайтын зауытты іске қосты. Шығарылатын өнім мөлшері көбейе бастады. 

Арман – алға жетелейді. Талмай талпынған ағайындылар Қожабақы ауылынан «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, егіншілікпен айналысуға бет бұрды. Бұл күндері аталған ұжым жылына 600 гектар күріш, 250 гектар бидай араласқан жоңышқа егіп, ауданымыздағы ауылшаруашылығының дамуына қомақты үлестерін қосуда. Тағы бір атап өтерлік жайт, серіктестікке маусымдық шаруа кезінде жүзге жуық диқан-механизаторлар жұмысқа тартылып, ауыл адамдарының нәпақасын айыруына мүмкіндік жасалады. 
Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара істерін өрге сүйреген ынтымағы берік үш жігіттің талаптары жан жадыратады. Бүгінде Мереке Қызылорда қаласында тұрып, сыртқы шаруаларды жандандыруға ұйытқы болуда. Мерей іштегі шаруашылыққа ие. Ал Медеу «Агро-Өркен» серіктестігін басқара жүріп, барлық есеп-қисапты ретке келтіруден шаршаған емес. 

Бұрынғы өткен замандарда қазақ халқында бауырмалдылық пен сыйластық бірінші орынға қойылған. Бір әулеттен шыққан ағайындылар енші алыспай, бір-біріне қолдан келген көмектерін көрсетіп, бірінің жоғын бірі толықтырып, татулықта өмір сүрген. Дегенмен қазіргідей алмағайып кезеңде озық үрдісімізге сына түсіп, кейбір туыстар арасындағы ауызбіршілік азайып бара жатқандай. 

Ағайынды Есқожаевтардың ел игілігі жолындағы бірлесе атқарған кәсіпкерліктегі табыстарын көре отырып, ата дәстүрдің айна қатесіз жалғастығын сезінгендей болдық. Құдайым тіл-көзден сақтап, істерің оңғарылып, береке-бірліктерің таси түссін.

Тағы да оқыңыз: