Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданы – Қызылорда облысының экономикалық қуатты аудандарының бірі. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейген. Бұдан бөлек, ауданның инфрақұрылымы да келіскен. Жыл сайын осындағы ағайынға қолайлы орта қалыптастыру үшін және Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті екіаралығын қосу мақсатында жаңа ғимараттар да салынуда. Қазалыдағы осындай әрбір құрылыстың сапалы жүруі бірінші кезекте аудан басшысы Мейрамбек Шермағанбеттің жіті бақылауына алынған.

Жақында Мейрамбек Зинабдинұлының тапсырмасына сәйкес, аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев ауылдық елді мекендерде жүргізіліп жатқан бірқатар құрылыс нысанын аралап, жұмыстың сапасын бақылады.

Жалғас Оңғарұлы алдымен, Жанқожа батыр ауылындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық мектеп құрылысына барды. Қазіргі таңда жаңа білім ордасының бірінші қабатының терезелерін орнатып, екінші қабатының кірпішін өру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Мұнан соң, Бекарыстан би ауылына барып, елді мекенде жуық арада басталған спорт кешенінің құрылысын көрді. Құрылыс жұмыстарымен мердігер мекеме «Жылу ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Дәл қазіргі уақытта спорт кешені құрылысының жер қазу шаруалары аяқталып, іргетасын қою жұмыстары атқарылуда.

Сонымен қатар, Жалғас Сүйеубаев Кәукей ауылына да барып, ондағы 100 орындық ауылдық клубтың құрылыс жұмыстарын да бақылады. Қазіргі кезде клуб құрылысы толықтай аяқталуға жақын. Мердігер мекеме «SCSИнжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлері ішкі әрлеу және жабдықтарын орнату, клуб ауласын аббаттандыру жұмыстарын жүргізуде.

Қазалы ауданы аумағындағы құрылыс жұмыстарының барысын көрген аудан әкімінің орынбасары аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы мен мердігер мекемелердің жауапты қызметкерлеріне құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қадағалауды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: