Kyzylorda-news.kz. Қазалы өңірі батысында Арал ауданымен, солтүстігінде Жезқазған облысымен, шығысында Қармақшы ауданымен, оңтүстігінде Өзбекстанның Бұқара облысы және Қарақалпақстанмен шектеседі. Осындай дархан да қазыналы жерде бүкіл түркі әлемінің данышпаны Қорқыт ата және Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би, Бекарыстан би, Жанқожа, Ақтан сияқты кемеңгер бабаларымыз дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында жау басқыншыларымен арыстанша алысып, ерлігімен көрінген Үрмәш Түктібаев, Махаш Балмағанбетов, Владимир Михайлович Счастнов, Яков Данилович Михайлюк, Генадий Фадиевич Шляпиндей Кеңес Одағының батырлары шықты. Ғанидай Қазақстан мен Орта Азия жастарының көшбасшысы, Роза мен Мәдинадай күміс көмей әншілер, тағы басқа да есімі Алты алашқа белгілі көптеген асыл тұлғалар түлеп ұшқан.
Осында Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент шаһары, Үлкен күйік пен Кіші күйік қалашығы, Әулиетөбедегі зират, Мыңтөбе қорғаны сияқты археологиялық нысандар бар. Сараман – Қоса, Орақ батыр, Сырлыбай хан кесенелері, Ғанибайдың керуен сарайы, Ғанибай, Мірәлім (Нұралы) мешіті тағы басқа да жүзден астам тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекет қорғауына алынған.
Тәуелсіз елімізде соңғы жылдары «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында алтын бесік – ауылдардың жағдайын көтеруге айтарлықтай көңіл бөлінуде. Осыған орай жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда. Ауыз су мәселелері шешіліп, инфрақұрылымдық қуаты мен сәулеттік келбетін арттыруға назар аударылуда.
Мәселен, менің кіндік жуып, балалық шағымды өткізген Бекарыстан би ауылы бұл күндері адам танымастай өзгерген. Жаңадан аурухана, пошта үйі салынып, ауыл орталығынан «Тәуелсіздік алаңы» ашылды. Мәдениет үйіне күрделі, білім шаңырағы – мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілді. Көшелер тегістеліп, саялы ағаштар қатары көбейе түскен. Орталық алаң жастардың бос уақытта тынығатын, түрлі іс-шараларда тұрғындардың бас қосатын сәулетті орнына айналған.
Орта Азия мен Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғ.Мұратбаев есімін иемденген елді мекен аудан орталығынан бес шақырымнан сәл ғана асатын қашықтықта орын тепкен. Әйтеке би кенті бағытына күніне бірнеше рет «Газель» автокөлігі қатынап, ондаған жеңіл көлік патент арқылы жолаушылар тасымалымен айналысады. Аралас заттар дүкені тұтынушылардың күнделікті қажеттіліктерін өтеуде. Сондай-ақ мектеп, емхана, мәдениет үйі, «Балдәурен» балабақшасы, пошта бөлімшесі, 8 су көтеру бекеті, ветеринариялық пункт халыққа қызмет көрсетеді. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы берілген несиеге қол жеткізген тұрғындар нан өнімін шығарып, мал өсіруді қамтамасыз етіп отыр. «Рза-Агро» ЖШС мен жеті шаруа қожалығы егін салып, мал басын көбейтумен айналысты. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Рауан», «Мақсым», «Шағдиев Е» шаруа қожалықтары 4-5 млн аралығында несие иеленіп, мал шаруашылығын өркендету жолында қажырлы еңбек етіп келеді. «Құлан» бағдарламасы арқылы бірнеше талапкер несие алып, кәсіп істеуге құжаттарын дайындауда. «Жеңісбек» селолық кооперативі жаңадан құрылып, ісін жандандырды.
Ғ.Мұратбаевтың 110 жылдығы мерейтойы қарсаңында ауылдың сәулеттік келбетін дамытуға ерекше бетбұрыс болды. Соның арқасында көшелер көркі адам танымастай өзгерді. Жаз айында «Орталық саябақ», «Атамекен» алаңына петуня, канн, филаргония, кокия гүлдері егіліп, су бұрқақ тұрақты жұмыс істейді. Бүгінде «Атамекен», «Орталық саябақ», «Тәуелсіз Қазақстан», «Ғани бағында» 5000 түп саялы ағаш бар. «Ғани бағы» төріндегі Ғ.Мұратбаевтың еңселі ескерткішіне келушілер мен жұбайлық өмірге қадам басқан жас отау иелері тағзым етеді.
Ауыл көшелерінің сексен пайызға жуығы асфальтталып, түнде жарық шамдары самаладай жарқырайды. Ауыз су жүйесі сервистік желіге қосылған. Келешекте тұрғын үйлерге көгілдір отын желісін жеткізу мәселесі де жоспарланып отыр.
Бұл ауыл қазірде «Кішкентай Астана» деп аталып, Қазалы жеріне түрлі мақсат-мүддемен ат басын бұрған қонақтарға қысылмай көрсететіндей дәрежеге жеткізілген.
Еліміздің үдемелі дамығандығын Жанқожа батыр ауылынан да байқаймыз. Бүгінде мұнда мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, қоғамдық саяси тұрақтылықты баянды етуге және әлеуметтік жаңғыртуларға айтарлықтай мән берілген.
2014 жылы Әйтеке би, Ш.Жалғасбаев, Ә.Оспанов көшелеріне аудандық бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, жарық шамдармен жарықтандырылды. Облыстық бюджет есебінен ауылдың кіреберіс тұсындағы 3,2 шақырымдық аудандық маңыздағы автомобиль жолына күрделі жөндеу жүрді. 2015 жылы Жанқожа батыр, Ақтан батыр көшелері де тыңғылықты жөндеуден өтті. 2014 жылы Жанқожа батырдың 240 жылдық мерейтойында облыстық және аудандық бюджеттен қаражат қаралып, ауыл орталығынан демалыс орны – «Орталық саябақ» құрылысы жүргізілді. Қорымдар қоршалып, ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған азаматтардың рухына «Ер есімі – ел есінде» монументі қойылды. Шаңырақ кейпіндегі су бұрқақ іске қосылды. Ауыл сыртындағы бас қақпа жаңғыртылып, Әйтеке би көшесі бойынан жаяу жүргіншілер жолы жасалып, көше бойындағы екпе ағаштар қоршалды. Саябақ пен мәдениет үйі аралығынан да жүргіншілер жолы салынды.
«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен ауылдық дәрігерлік амбулатория үйі 2013 жылдың қараша айының соңында іске қосылды. Республикалық бюджет есебінен салынған 90 орындық балабақша құрылысы 2015 жылдың жаз айында аяқталып, бүлдіршіндер мен ата-аналарды қуанышқа бөледі.
Қазіргі таңда ауыл бойынша 24 шаруа қожалығы және 27 түрлі кәсіппен айналысушы барлығы 51 кәсіпкер тіркеліп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында оң шаруалар атқарылып келеді. Осы ретте ауыл шаруашылығын өрістетуге арналған баянды бағдарламалардың игілігін көрушілер де аз емес.
Республикалық бюджет қаражаты арқылы 2017 жылы ауылдың тұрғын үйлеріне сервистік су құбырын кіргізу жоспарланып, бекітілді. Өркендеу ауылы аудан орталығынан 40 шақырымдағы Ұлы Жібек жолы бойында түркі елдеріне ортақ тұлға – Қорқыт бабамыздың кіндік қаны тамған, ежелгі Жанкент шаһары маңында орналасқан.
Ауылда Тәуелсіздік жылдары тұсында жаңадан мектеп салынды, телефон нүктелері көбейтілді. «Қазақстан», «Хабар» телеарнасын сапалы көрсету мақсатында жаңадан телемұнара орнатылды. Су тұшытатын қондырғы арқылы халыққа ауыз су берілсе, соңғы жылдары әрбір үйге сервистік желімен ауыз су кіргізіліп, тұрғындардың қуанышы еселенді. Халықтың күшімен имандылық үйі – мешіт бой көтерді.
«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Жанкент шаһарының орнын зерттеу жалғасып, тарихи-мәдени нысандар санатындағы «Сырлыбай хан», «Құттыбай» кесенелері қайта қалпына келтірілді.
Ауыл шаруашылығын дамыту жолында «Сыр маржаны» ЖШС инвестор болып келсе, «Мерей» шаруа қожалығы, басқа да ұсақ 14 шаруа қожалығы мен 17 кәсіпкерлік субъектісі жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуда.
2014 жылы облыс әкімінің шешімімен Өркендеу ауылы тіректі елді мекендер қатарына қосылды. 90 орындық балабақша мен ауылдық клуб ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізілді. Елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсарту жөніндегі жобалар дайындалып, 2015 жылы ұйымшылдықпен іске асырылды. Ауылдың кірер тұсына арка орнатылып, төрт жерге жолаушылар аялдамасы қойылды. «Орталық демалыс» саябағы мен «Жастар алаңы» жаңа талғамға сай көркейтілді.
Саябақтағы «Ер есімі – ел есінде» атты Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, елге аман-есен келіп, шаруашылықты көтеруге атсалысқан және тылда еңбек еткен азаматтарға арналған ескерткіш монумент қайта тұрғызылды. Балалар алаңы, гүлзарлар ашылып, орындықтар орналастырылды. «Жастар алаңының» табанына брусчатка төселіп, концерттік сахна мен арнаулы тұғырдағы «Биг Бен» сағаты айналаның сәнін келтіріп-ақ тұр.
Жасанды спорт алаңының сыртына көрермендер үшін орындықтар жасалды. Ә.Тобаев, Қ.Балтөреев және аралық көшелердің жолдарына орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Жоғарыдағы аталған екеуі мен Қорқыт ата, Жанкент, Сарыкөл және аралық көшелерге түнгі жарық шамдар қондырылды. 2016 жылы «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы арқылы республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттен қаржы беріліп, Қорқыт ата көшесі де орташа жөндеуден өткізілді.
Жалаңтөс батыр ауылында бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік, тоғыз шаруа қожалығы жұмыс істейді. Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру бағытында ауылдың батыс бетінен арка орнатылды. Ыбыраев, Жалаңтөс батыр, Тілеубаев көшелерінің көркі арттырылып, жарықтандырылды. Бұрыннан өсіп тұрған талдар қоршалып, күтімге алынды.
2009 жылдың тамыз айында «Қызылорда Тех-сервис» ЖШС Қ.Пірімов атындағы 103 орта мектептің жаңа ғимаратының іргетасын қалады. 2010 жылдың қыркүйегінде қос қабатты білім шаңырағының лентасы қиылып, шәкірттерге құшағын айқара ашты.
2012 жылғы маусым айында баба ұрпақтары білім ордасындағы алаңға Қ.Пірімовтің бюстін орнатты. Мектеп жанынан Қ.Пірімов атындағы тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Бұл күндері заман талабына сай келетін Қ.Пірімов атындағы 103 орта мектепте екі жүзден астам оқушы білім мен тәлім-тәрбие алуда.
2014 жылдың тамызында Жалаңтөс дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, халықтың денсаулығын нығайту жолға қойылды. Ауыл тұрғындары және сыртқа қоныс аударған бір топ азаматтардың демеушілігімен салынған «Жалаңтөс батыр» мешіті 2014 жылдың қарашасында бітіп, жұртшылықты имандылық пен ізгілікке үндеуде.
2015 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқарудағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) грантына қатысып, Қ.Пірімов атындағы 103 орта мектебі жанынан жылыжай салуға жоба ұсынылды. Нәтижесінде білім беру ұжымы құны 3300,0 мың теңгенің жеңімпазы атанды.
2015-2016 жылы типтік жобадағы 90 орындық балабақша құрылысы жүргізіліп, 2016 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға берілді. 14 «Сәуле» бөбекжай-балабақшасында бүгінде бес топ құрылып, ұлттық үрдісімізге сай тәлімді тәрбие алуда.
Ауыл орталығынан «Орталық алаң» жасау басталып, оған Жалаңтөс баһадүр ескерткіші қойылды. Балалардың ойын алаңы жабдықталып, жастарға спорттық тренажерлер орнатылды. Екі қабатты, еңселі де әсем мәдениет ошағы бой көтеріп, ел игілігіне қызметін көрсете бастады.
Біздің жоғарыдағы тілге тиек еткен ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің дамып, көркейіп, көріктене түсуі ел Тәуелсіздігінің арқасында жеткен жетістіктеріміз. Елбасымыздың: «Біз кез келген ұлттың түп-тамыры ауыл жұртында жататынын естен шығармауға тиіспіз» деп атап айтқанындай ауылдардың келешегі кемел, болашағы бұдан да жақсара түсеріне ешқандай шүбә келтірмейміз.
Бұл ретте аудан орталығы – Әйтеке би кентінің сәулеттік келбеті туралы да аз-кем айта кетсек артық етпейді.Кентіміздің келбеті жыл санап көркейіп, қанатын кеңге жаю үстінде. Соңғы жылдардың өзінде төрт мектеп, екі дене шынықтыру, сауықтыру кешені мен түрлі кәсіпкерлік нысандары салынды. Жанқожа батыр, Әйтеке би, В.Счастнов, Р.Бағланова, Желтоқсан көшелері жөнделіп, жарықтандырылып, адам танымастай болып өзгерді.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесінде аудан әкімі Нажмадин Шамұратовтың бастамасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Қашақбай Пірімов көшесінің бойында әсем архитектуралық нысандар бой көтерді. Атап айтсақ Бегім ана, «Асандар көтерілісі» құрбандарына арналған ескерткіш, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы монументі мен Жалаңтөс баһадүр мовзелейі көше ажарын келтіре түсті. Гүлзарлар және серуен алаңымен жабдықталған бұл көше тұрғындардың көптеп жиналып, бос уақыттарын көңілді өткізетін орнына айналған. Ескі шаһарымыз – Қазалы қаласының да жыл сайын көркіне көрік қосыла түскені қуантады.