Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданның әкімі Мұхтар Оразбаев Абай елді мекеніне орамішілік газ желілерін жүргізу құрылысымен танысты.
Жоба құны – 357,735 миллион теңге болатын құрылысқа жауапты мердігер – «Ремстрой» ЖШС.
“Бұған дейін Қазалы қаласы, Жалаңтөс батыр, Қашақбай Пірімов және Басықара ауылдарында қызу жұмыс жүріп, тұрғындар қосылған табиғи газдың игілігін көруде. Сәтін салып, мұндай қуанышты күнге Абай ауылының тұрғындары да жететін болады. Ол үшін Сіздер жұмыстарыңызға асқан жауапкершілікпен қарап, сапасы мен уақытын да қаперден шығармауларыңыз қажет”, – деген аудан басшысы жауапты мамандарға тиісті тапсырмаларды жүктеді.
Шыны керек, биыл Сарыкөл ауылдық округінің жұрты үшін жағымды жаңалықтар аз емес. Олай дейтініміз, елді мекенде газ құрылысынан бөлек орталық саябақты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.
Бас қақпасынан бастап ажарланатын саябақта сахна құрылып, ойын және спорт алаңы салынып, түнгі жарықшамдары жарқырайтын болады.
Бас мердігер – «Данияр 97» ЖШС мамандарына құрылыстың сапасына мән беріп, уақытылы аяқтауды тапсырған аудан басшысы орталық саябақ тікелей бақылауында болатынын баса айтты.
