Kyzylorda-news.kz. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ xалқы. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі.
Қазіргі таңда ауданымызда қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар қатары көбейіп келеді. Осы ретте аудандық мәслихаттың депутаты Нұрмағанбетова Эльмира Жалпақбайқызы ізгі амалға мұрындық бола білді. Халық қалаулысы өзінің сайлау учаскесіндегі құлау қаупінде тұрған, тұрмысы төмен жалғызбасты Оразова Бекзия анамызға жаңадан тұрғын үй салып беруге қолдау білдіріп, қайырымдылық істің бастамашысы болды. Осыдан 1-2 ай шамасында бастау алған игі іске көптеген жанашыр азаматтар атсалысып, бүгін Бекзия анамызға жаңа қоныс пайдалануға берілді.
Бұл игілікті іс туралы журналист Ержан Қожас әлеуметтік желідегі парақшасында: «Иә, бұрынғы қабырғасы сөгіліп, құлағалы тұрған көне үйді үй деуге келмес. Жағдайы жұрттың тауық қамайтын қорасынан да төмен. Тіпті, бір қабырғасы құлаған соң туыстарын жағалап кеткен қазалылық ананың сол кездегі жай-күйін кім біліп, кім ұғыпты дейсіз?! Әркім өз халінше қым-қуыт тіршіліктің қамытын киіп, тырбаңдап жүрген уақыт емес пе бұл…
Деп ойлағанмен, мейірімді жандар Қазалыда бар екенін жоғарыда айттық қой. Эльмира ханым мен Болатбек аға, Куралай Асаубаева, бас ұста Хамит Қалниязов, Райс Досжанов, Марина Тәжібаева сынды азаматтардың жедел ұйымдастыруымен баспанаға мұқтаж ананы қолдау жұмыстары көктемнің соңғы айларында басталып кеткен еді. Үй тұрғызу кезінде жастардың да жабыла үн қосқанын баса айту керек. Бұның ішінде «Қазалы қайырымды жандары» еріктілер тобының жетекшісі Әсем Көшербаева бастаған қыз-жігіттердің еңбегі зор. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер есік-терезесі, басқа да құрылыс материалдарына көмектесіпті. Мұндай қайырлы бастаманы естіген жұрт та жабыла көмек көрсеткен. Әсіресе, Құрбан айт мерекесінде кей ағайын атаған құрбандық етін осында жеткізіпті. Бұл істе Қазалы Ауданының Полиция Бөлімінің жігіттері де бар. Өзге тұрғындар да құрылыс басына ыстық тамақ, салқын суын тасуды да ұмытпаған.
Қош, мамырдың соңғы күндері басталған құрылыс 38 күнде бітіпті. Ал бүгін көлемі 70 шаршы метр, үш бөлмелі су жаңа үйге Бекзия Оразова апамыз жайғасты. Қайырымды топ қарияға ыңғайлы етіп жуынатын жерін, дәретханасын ішіне орналастырған. Жылу жүйесін де ұмытпапты. Осылайша көңілді бір демдеген жұрт аса қуанышты. Қазір ғана Бекзия апаның шаңырағына шашу шашылып, қоныс тойы тойлана бастады.
Жақсылық жасауға жарысқан жұрттың жаңалығын осында тізбектедік, ағайын! Жанға демеу жылы сөз сіз де арнаңыз», – деген жазба қалдырып, қазалылық қайырымды жандарды одан әрі шабыттандырып қойды.
