Қазалылықтар сенбілікке шықты
Kyzylorda-news.kz. «Тазалық иманнан» деген тәмсілді тереңнен түсінетін қазалылықтар бүгін сенбілікке шығып, аудан аумағының қоқыстан тазаруына белсене араласты. 

Тазалық – денсаулықтың кепілі. Онсыз реттілік орын алмайды. Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Әуесұлы де осы маңға келіп, тазалық сенбілігінің қалай өтіп жатқанын көзбен шолып шықты. 

«Бәрі де көпшілікпен бітетін жұмыс қой. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әп-сәтте тазалықтың орын алғаны көңіл қуантады. Туған мекенді қоқыстардан арылту жақсы іс болды. Бұл шараға азаматтар келіп қатысуда. Осындай игі істерді жасасақ, азаматтығымызға сын болады. Тазалық бар жерде береке де болады. Қала өзіміздікі болған соң, оның тазалығына да жанашырлықты өзіміз бастағанымыз жөн. Көрер көзге түрпідей тиетін бейберекетсіз шашылған қоқыстарды жинап, даланы ретке келтірген көпшілік атырапты мұнтаздай таза етті. Мұның өзі кейінгі жас буынға өнеге екені де рас. Еңбекпен шыныққан адам баласы өз саулығын да тіктеп алады. Еңбектен қашпағандар ғана өз мақсаттарына еріседі. Қазалылық тұрғындар әркезде де жақсылық пен игіліктерге бастамашыл бола біледі», – дейді Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев.

Қазалы ауданы көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Соның ішінде «Қазақ қорымы» аумағы, 5 квартал аумағындағы TS май құю бекетінің арты және Жанқожа баба кесенесі қоқыстан тазартылды. Сондай-ақ, Батыс темір жол өткелі – Бас қақпа аралығы, Тесік көпір аумағы, «Биг бен сағаты – Алтын көпір» аумағымен «Биг бен сағатынан – батыс темір жол өткелі» аралығы жиналды.

Сенбілік – бұл ұжымдық рухты, бірегейлікті, ауызбіршілікті көрсететін керемет шара. Аудан көлеміндегі сенбілік жұмыстарын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы аралап, туған жердің тазалығы үшін еңбек етіп жатқандарға сәттілік тіледі.

Тағы да оқыңыз: