Kyzylorda-news.kz. Аудандық окушылар үйінің алаңында «Жырым сенсің, Астана!» атты Астана қаласының 25 жылдығына және Қазалы ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай «Туған өңір – тұнған өнер» атты аудандық өнер ұжымдарының фестивалі өтті.
Ауқымды шара Астана қаласының 25 жылдығына арналған қойылыммен басталды. Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сахна төріне көтеріліп, Қазалы халқын мерекемен құттықтады.
«Жыл санап қарыштап дамыған еңселі Елорданың арқа төсінде қанатын жайғанына биыл – 25 жыл толып отыр. Осындай аз ғана уақыттың ішінде бас қаланың келбеті ерекше түрленіп, ажарлана түсті. Астана – әлем елдерінің назарын аударған, талайдың таңдайын қақтырып, тамсандырған әсем шаһарға айналды. Биыл бас қаламыз құрылғанына 25 жыл толған мерейтойын тойлағалы отырса, талай тұлғаны құшағында тәрбиелеген Қызылорда қаласының құрылғанына биыл – 85 жыл. Ал топырағын түрсең, тарихы сөйлейтін Қазалы ауданы биыл 95 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы ретте, Қазалы ауданының 95 жылдығына орай рухани күш беріп, атсалысқан өнер саласы ұжымдарының қосқан еңбегін ерекше айтқым келеді. Арқа төсіндегі ару астанамыз ажарланып, тек қана жақсылықтың жаршысы бола берсін. Қызылорда қаласының 85 жылдығы және Қазалы ауданының 95 жылдығы тағы да құтты болсын», – деген аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар жандарға аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.
Сондай-ақ, «Туған өңір - тұнған өнер» атты аудандық өнер ұжымдары фестивалінің жеңімпаздары марапатталды. Атап айтар болсақ, бас жүлдеге «Аудандық оқушылар үйі», бірінші орынға «Ақсуат» ауылы, екінші орынға «Лақалы» және үшінші орынға «Бекарыстан би» ауылы қол жеткізді.
Жүлдегерлерге аудан әкімінің дипломы мен дыбыс күшейткіш аппаратура сыйға тартылды.
Шара аясында «Қазалы перзенттері» атты кітаптың да тұсаукесер рәсімі өтті. 95 жылдық аясында жарық көрген жинақтың авторлары - Сержан Қожа Берденұлы және Қасқырбек Мәмбетжанов.
Мерекелік кешке келген қонақтар Астана қаласының құрылғанына 25 жыл толуына орай бейнеролик тамашалап, еңселі елорданың бүгінгі күнге дейінгі жылдардағы жеткен маңызды оқиғаларға толы хронологиясымен танысты.
Ауқымды шара мұнан әрі «Туған өңір - тұнған өнер» атты өнер ұжымдарының аудандық фестиваліне ұласты.
Концерттік бағдарламада аудан және ауыл өнерпаздары ән айтып, би биледі. Одан бөлек, «Атамұра» халықтық ардагерлер ансамблі, Бекарыстан би, Жанқожа, Бірлік, Абай ауылдық әжелер ансамблі және Қазалының өткені мен бүгінін жырға қосқан өнерпаздар көпшіліктің көңілінен шықты.
Концерт «Қазалым» әнімен қорытындыланып, аудан тұрғындары жоғары деңгейде өткен шараға ризашылығын қошеметпен жеткізді.