Kyzylorda-news.kz Қазалы талай талантты дүниеге әкелген киелі топырақ. Бұл өңірде ғалым да, ақын да, батыр да туған. Қазіргі таңда да, республикаға есімі таныс абыройлы азаматтар аз емес. Солардың қатарында Кеңес Одағының, Қазақстан Республикасы Жоғары Қарулы Күштерінің, Ауған соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз», «Мінсіз қызметі үшін» III дәрежелі орденімен марапатталған, генерал-майор Әлімжан Ерниязов та бар. Отан қорғаушылар күні қарсаңында туған жерге келген азаматпен жастар кездесіп, өнегелі әңгімесіне құлақ түрді.
Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде өткен жиынға Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Нұрлан Көлбаев және колледждің студент жастары қатысты.
Кездесу барысында генерал-майор Әлімжан Қанағатұлы әскери өмірдің қызықтары, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, жастар арасындағы құқықбұзушылықтарды болдырмау, әскери-патриоттық тәрбие, бүгінгі таңдағы солдаттарға жасалатын мүмкіндіктер жайында сөз қозғап, студент жастармен еркін форматта пікір алмасты. Кездесу соңында жастарда әскери өмір жайлы өз сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Сондай-ақ Қазалыдан шыққан тұңғыш генералмен естелік суретке түсті. Ал, Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығында өткен кездесу кешінде Ауған соғысының ардагері Серікбаев Күмісбай, Қазалы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Нұрлан Көлбаев, аудан жастары және әскерден әскери борышын өтеп келген сарбаздар болды. Бұнда да, генерал-майор Әлімжан Қанағатұлы әскери - патриоттық тәрбие, бүгінгі таңдағы сарбаздарға жасалатын мүмкіндіктер жайында сөз қозғап, жастармен еркін форматта әңгіме өрбітті. Кездесу соңында Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбаздар Мақсат Нұрлыбекұлын, Бақдаулет Серікболұлы және Данияр Бозжігітұлын генерал-майор Әлімжан Қанағатұлы марапаттады.
Кеш кейіпкері туралы айтар болсақ, 1955 жылы 9 сәуірде Қазалы қаласында дүниеге келген. М.Горький атындағы №16 мектебін 1972 жылы тәмамдап, бір жыл теміржол саласында еңбек етті. Сонан соң Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищеге түсті. 1977 жылы оқу аяқталысымен әскери қызметі басталады. Артынша, 1979 жылдың желтоқсан айында Кеңес жауынгерлері құрамында Ауғанстанға аттанды.
Ол 1984 жылы Мәскеу қаласы М.В.Фрунзе атындағы Әскери академиясын бітірген. Одан кейін басқа да, шет елдерде болды. 1991 жылы Қазақстанға оралып, 1992 жылы Балқаш қаласында военком қызметін атқарады. Ұзамай тағы да, бұйрық шығып, Семей облысына полк командирі болып, содан кейін, Сарыөзекке сегізінші дивизияның командир орынбасары қызметіне тағайындалады. Біршама уақыттан кейін, Өскемен қаласында командир болды. Сөйтіп, 2001 жылы желтоқсан айында Түңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының қолынан генерал шенін алған. 2005 жылы Америкаға жіберіліп, бір жылдан соң елге оралып, «Батыс» өңірлік әскери қолбасшысының орынбасары, артынша бірінші орынбасары, сосын қолбасшы атанды. Кейін Астана қаласына Қазақстан Республикасы ҚМ Бас инспекциясының бас инспекторы қызметін атқарды. Сонда жүріп, әскери даярлық департаментінің ген-штабы бастығы болып, 2013 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан.
Әскери саланың ыстығына күйіп, суығына тоңған азамат генерал-майор Әлімжан Қанағатұлы: «Бұл салаға деген ең алғаш, қызығушылығым мектеп қабырғасында басталды. Юрий Михалович ағайым әскери даярлық пәнінен сабақ жүргізетін. Сол кісі сыныптастармен тоғайға барып, дарияның етегінде келе жатып, әскери сұрақ қоюды бастайды. Мен соның барлығында белсенділік танытып отыратынмын. Бүгінде өзі дүниеден өтсе де, менің әскери азамат болуыма бірден-бір жол сілтеген ұстазым екенін ұмытпаймын. Одан кейін, Қазалы аудандық әскери комиссариаты Игнатов 9-сынып оқушылары арасында училищеге оқуға насихат жүргізді. Міне, осындай себептер арқылы әскери өмірді таңдап, қиындығы мен қызығы мол жолға түстім», – деді әсерлі әңгіме барысында.