Kyzylorda-news.kz. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарына жатады. Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші кезектегі міндеттері болып саналады.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат олардың қоғамға толыққанды кірігуіне және халықтың осы санаты басқалармен теңдей өмір сүруіне жағдай жасайды. Сондай-ақ, жұмыс істеп, білім алуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы және тағы басқа үшін кедергілерді еңсеруге және жоюға бағытталған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазалы ауданы бойынша осы жылдың сәуір айына мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы мүгедектер саны 3251 құрап отыр. Оның ішінде – I-топтағы – 285, II-топтағы мүгедектер – 1197, III-топтағы – 1313 адам бар. Бұған қоса, 7 жасқа дейінгі мүгедек балалардан – 130-ы тіркеуге алынған. Ал, 7-18 жас аралығындағы балалар 1-топтағы – 45-сі, II-топтағы – 49-ы, III-топтағы – 232-сі тізімге ілінген.

«Аудан көлеміндегі мүгедектігі бар 3251 азамат 2150 адам мүгедектігіне байланысты оңалтудың жеке бағдарламасымен қамтылған. «Мүгедектерді жеке оңалту» бағдарламасына байланысты әлеуметтік қорғау, әлеуметтік көмек көрсету, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту, білім беру және олардың қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей белсене қатысуына мүмкіндіктер жасауға арналған жұмыстар атқарылды», – дейді Қазалы аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және хал-актілерін тіркеу бөлімінің мүгедектермен жұмыс секторының бас маманы Жадыра Сырымова.

Бас маманның айтуынша, 2023 жылдың 3 айында Қызылорда қаласының «Талсуат» елді мекенінде орналасқан «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» мемлекеттік мекемесіне жеке оңалту парағы бойынша жолдамамен 17 мүмкіндігі шектеулі жан оңалтуға жіберілді.

«Мүгедектердің жеке оңалту бағдарламасына байланысты санаторий-курортқа емделуге 68 мүгедектігі бар адам құжат тапсырды. Әлеуметтік порталы арқылы санаторий-курорттық қызмет көрсетуші мекемені өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбалары арқылы ем алатын уақыттарын өздері таңдайды. Солардың ішінен 15 көңілі қаяу адам дем алуға жіберілді», – дейді Жадыра Ұлтайқызы.

Мүгедектердің жеке оңалту бағдарламасына сәйкес міндетті гигиеналық құралдарға – жөргек, нәжіс және несіп қабылдағыштарға қажетті сома берілді. Сонымен бірге, қосымша техникалық көмекші құрал-жабдықтарға бюджеттен биыл барлығы 74919,0 мың теңге бөлінген. Соның ішінде, 510 мүгедектігі бар адам гигиеналық құралдарға құжат тапсырған. Енді 33687,1 мың теңгеге 415 адамға жеткізіп берушілермен (поставщиктерге) төлем жасалып, аудандық пошта байланыс торабы арқылы үйлеріне жеткізіліп берілді.

Мүгедектердің жеке оңалту бағдарламасына сәйкес, протезді-ортопедиялық құрылғы – 107, тифлотехникалық құрылғы – 98, арнаулы жүріп-тұру құралы – 32, сурдотехникалық құрал – 12 адамға жеткізіп берушілермен төлем жасалды. Қазалы аудандық пошта байланыс торабы арқылы үйлеріне апарылып табысталды.

Әңгіме барысында Жадыра Ұлтайқызы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша жұмыс жүйелі атқарылатындығын жеткізді. Атап айтқанда, «Инватакси» қызметіне ағымдағы жылы бюджеттен 8350 мың теңге аударылды. Соған орай, 10 инватакси көлігімен тұрақты түрде мүгедектігі бар адамдардан 1188 тапсырыс қабылданып, 1893,1 мың теңгеге қызмет көрсетілді. 

«Шапағат» мүгедектігі бар балаларға күндізгі жартылай стационарлық жағдайдағы оңалту орталығында арнайы қызмет көрсету бойынша бюджеттен 25251,0 мың теңге қаржы қаралған. Есептік кезеңде 18 балаға 2971,0 мың теңгеге қызмет көрсетілді. Жүріп-тұруы қиын І-топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің қызметіне биыл бюджеттен бөлінген 227016,0 мың теңгеден есептік кезеңде жүріп-тұруы қиын І-топтағы 170 мүгедектігі бар адамдарға 170 жеке көмекшінің қызметіне – 32739,0 мың теңге төленді. Ымдау тілі маманының қызметіне бюджеттен бөлінген қаржыдан 12 естуі бойынша мүгедектерге 1 ымдау тілі маманының қызметіне тиісті сомасы төленді деген мәліметті алға тартты Қазалы аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және хал-актілерін тіркеу бөлімінің мүгедектермен жұмыс секторының бас маманы Жадыра Сырымова.

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін ауданда әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек пен қолдауды, әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалтқан функцияларының орнын толтыруды және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі осылай жұмыс істейді.

Тағы да оқыңыз: