Kyzylorda-news.kz. Қазалыда аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өткізілді. Комиссия отырысына аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдері, қаржы ұйымдарының басшылары, мекемелер мен кәсіпорындар басшылары қатысты. Комиссия отырысына аудандық мәслихаттың төрағасы Ғ.Әліш төрағалық етті.
Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысының күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, ең алдымен аудандық полиция бөлімінің 2023 жылдың жарты жылдығы бойынша атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы және Қазалы ауданы бойынша 2023 жылғы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәселелер қозғалды.
Бірінші мәселе бойынша полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Асылбай Аңсатов хабарлама жасады. Хабарламадан соң аудандық мәслихаттың төрағасы, депутат Ғазиз Әліш «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автокөлік дәлізінің бойында әсіресе, Майлабыс ауылдық округінің тұрғындары мал жануарларын қараусыз қалдыруда. Соның салдарынан жол көлік оқиғалары орын алып, қайғылы жағдайға душар болудамыз. Сол себепті, ауыл әкімі тұрғындарды тәртіпке шақырып, өз малдарына ие болуы тиіс. Қараусыз қалдырған мал иелеріне қатаң шара көрілу керек. Сондай-ақ, мал ұрлығын анықтау мақсатында әркім өз малдарын арнайы есепке тіркеу қажет. Бұл мәселені алдағы уақытта аудан әкімдігінің мәжілісінің күн тәртібіне енгізуге ұсыныс берілетін болады. Сонымен қатар, жол қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтарға қатаң шара қолдануын ортаға салды.
Депутат Жамаладин Өтеев көптеген мал жануарлары жеке шаруа қожалықтарының жеріне кіріп, егістік алқаптарға зиянын тигізуде. Сол себепті, ауыл әкімдерімен бірлесіп пада ұйымдастырылу қажет. Қараусыз жүретін мал жануарларын уақытша ұстайтын орындар (қора) салу керектігін ұсынды.
Депутат Әбдуали Рахметов хабарламашының ұсынысына сәйкес жол көлік оқиғаларының алдын алу, жол жүру ережелерінің бұзылмауын, санитарлық тазалықтың сақталуын бақылау үшін және жасалған қылмыстарды дер кезінде ашу мақсатында Әйтеке би кентінің орталығына 20 дана сапалы бейнекамера орнатуға аудандық бюджеттен қаржы бөлуін қолдауға шақырды.
Депутат Әділбек Сарабеков құрылыс материалдарын таситын ауыр жүк көліктерінің жол жүру ережелерін бұзбауына және құм, саз, майда тас тиеген жүк көліктері үстін палаткамен жауып, санитарлық тазалықтың сақталуын қатаң бақылауға алуын жеткізді.
Депутат Есет Табынбаев орталық базар жанындағы көлік кептелісі мен жабайы сауда түрлерін ретке келтіріп, тәртіп орнатуды және сатушылардың санитарлық тазалықтың сақтауына құзырлы органдар тарапынан қатаң бақылау орнатуын айтты.
Депутат Ерболат Мұқаш түнгі мезгілде Қ.Пірімов көшесінің бас жағында автокөліктер қатты жылдамдықпен жүреді. Сондықтан, алдағы уақытта «Жеңіс» саябағының алдына тірек пунктін салу жұмыстары қолға алуды сұрады.
Екінші мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақовтың хабарламасынан соң депутат Ғазиз Әліш жас кәсіпкерлердің белсенділігін арттырып, кәсіпкерлердің қайтарымсыз грант алуына жәрдемдесуді, жаңадан өндіріс орындарын ашу мақсатында ауданымыздағы жас кәсіпкерлердің қатысуымен шағын және орта бизнесі дамыған оңтүстік өңірлерге барып тәжірибе алмасу жұмыстарын ұйымдастырып, жас кәсіпкерлерге өндіріс саласы бойынша жаңа жобалар әзірлеу мақсатында оқыту курстарын өткізуді жеткізді.
Депутат Есет Табынбаев Әйтеке би кентіндегі аялдамаларды кәсіпкерлік мақсатта пайдалану мүмкіндігін қарастыруды және жеке азаматтардың кәсіпкерлік мақсатта алған жерлерін уақытында пайдаланбаған жағдайда кері қайтаруын назарға салды. Комиссия отырысының соңында депутаттардың дауысқа салу қорытындысымен тиісті қаулылар қабылданды.