Kyzylorda-news.kz. Қазалы аудандық мәслихаттың депутаты Нұрмағанбетова Эльмира Жалпақбайқызы өз сайлау округіне қарасты учаскелерін аралап жұмыс атқаруда.
Аудандық мәслихат депутаты Эльмира Жалпақбайқызының ықпалымен Асан қайғы көшесінің қиыршық тасы, асфальты жоба-сметалық құжаты бойынша талапқа сай салынды. Тұрғындар өтініші негізінде М.Матаев атындағы №170 орта мектептің жанындағы су толы каналға балалар қауіпсіздігін сақтау мақсатында аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясының шешімімен қаржысы бөлінді.
Көне аурухана тұрғыны жалғызбасты қарт кісінің өтініші бойынша қарттар үйіне орналасуына тікелей ықпал жасады. Қамқорлық жасауды азаматтық борышы ретінде қабылдап, бірнеше рет ауруханаға жатқызып, мерзімі өтіп кеткен жеке куәлігін, өз қаржысынан жасатып, толықтай киіммен және азық-түлікпен қамтамасыз етсе, екінші бір тұрғынның денсаулығына байланысты жеке сақтандыруы төленбей тұрғандықтан қаржылай көмек көрсетіліп, ауруханаға емделуіне жағдай жасады.
Сонымен қатар, депутат Эльмира Жалпақбайқызы баспанасы ескірген жалғызбасты анаға үй салу мақсатында бастама көтеріп, «Сауаптан құр қалмайық» қорымен біріккен түрде үй салу жұмысы басталды. Ағымдағы жылдың мамыр айында ігетасы құйылды, қалған жұмыстарын «Сауаптан құр қалмайық» қорымен бірігіп ұйымдастыруда.