Kyzylorda-news.kz Тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамның басты назарына айналған мәселенің бірі. Зорлық-зомбылықпен күресу ендігі жерде тек полицияның емес, жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың да міндеті.
Қазалы ауданы прокуратурасы Қазалы аудандық Ардагерлер кеңесі және Қазалы аудандық Әйелдер кеңесімен бірлесіп, өңірдегі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу мақсатында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» мәселесіне қатысты ықпалдасу және кеңесу тәртібінде атқаратын іс-шаралар туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумның мақсаты – отбасылық-тұрмыстық зорлық- зомбылықты алдын алу шараларын күшейту, әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қауіпсіздігі мен қорғау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған ықпалдасу және кеңесу түріндегі іс- қимылдарды жүзеге асыру болып табылады.
Қазіргі таңда, Қазалы аудандық полиция бөлімі, Қазалы ауданы прокуратурасы Қазалы аудандық Ардагерлер кеңесі және Қазалы аудандық Әйелдер кеңесі, Қазалы ауданы әкімдігі және Қазалы аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен меморандум аясында атқарылатын іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілді.
Отбасылық құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда жәбірленуші тарап көбіне бұл жағдайды отбасылық мәселе ретінде қарап, сыртқа шығармайды. Полициядан көмек сұрамайды. Аталған жағдайлар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өршіп, тіпті өлімге әкелетін қылмыстың көбеюіне жол ашты. Полиция органдарымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шаралары ретінде: профилактикалық әңгімелесу; әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау не қорғау нұсқамасын шығару үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамды ішкі істер органдарына жеткізу; қорғау нұсқамасы; әкімшілік ұстау; медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары; құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу; әкімшілік жаза қолдану жүргізіледі.
Профилактикалық әңгімелесудің негізгі міндеттері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаудың себептері мен жағдайларын анықтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлеуметтік және құқықтық салдарларын түсіндіру және заңға мойынсынушылық мінез-құқықтың қажеттігіне сендіру болып табылады.
Бүгінде, профилактикалық бақылау меморандум қатысушыларымен бірлесіп жүзеге асырылады. Отбасылық жанжал, қазіргі таңда, жанұя жанжалы орын алған отбасының емес, қоғам қатысушыларының басты назарында.
