Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданына қарасты Әйтеке би кентіндегі Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай «Әйелмен әлем әдемі» атты кездесу ұйымдастырылды. 

Мерекелік басқосу қыз ғұмырының балалық, бойжеткен, аналық кезеңінен көрініс беретін қойылыммен нәзікжандыларды шаттандырды. Аудан көркемөнерпаздарының сахналаған театрландырылған көрінісінен кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мерекелік лебізін білдірді. 

Салтанатты жиынға келген ақжаулықты әжелерді, көпбалалалы аналарды, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді айтулы датамен шын жүректен құттықтады. Бүкіл жан-дүниесін ақтара, ақжарқын тілегін жеткізді.

«Әйел – өмірдің өзегі, отбасының алтын діңгегі. Әйел әрбір әулеттің шамшырағы. Оларсыз өмірді елестету мүмкін емес. Әйелдің отбасында ғана емес, қоғамда да өзіндік орны бар. Бүгінде өңірдің қыз-келіншектері қай салада болмасын ерлермен қатар тең иық тірестіре жемісті еңбек етуде. Нәзікжандыларымыздың аудан экономикасын нығайтуда және өңір тұрғындарының әлеуетін арттырудағы ерен еңбегін ерекше бағалаймыз», – деді аудан басшысы Мұхтар Әуесұлы. 

Шара барысында әнші сазгер Индира Елубаева, Гүлнұр Нұрасыл әсем әнмен көңілдерді құйқылжытты. Сонымен бірге, қазалылық ақын Ақжол Түменбай аналардың құрметіне «Бүгін менің анамның туған күні» өлеңін нақышына келтіре оқып, жырдан шашу шашты. 

Кеш соңында ақжаулықтыларға, көпбалалы, тұрмыстық жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі және әр салада қызмет етіп жүрген аяулы қыз-келіншектерге аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың атынан арнайы сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды.

Тағы да оқыңыз: