Kyzylorda-news.kz. Қазақ жастары үшін дәстүрлі дінімізден бас тартып, басқа дінді қабылдауы, яки радикал ұйымдарға қосылып кетуі ұлттың өркендеу үрдісіне кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан да әлеуметтік жаңаруда зайырлылық принципін алға тарта отырып жастардың рухани дүниесін зерттеу арқылы тәрбие жұмыстарын жүргізу маңыздылығы туындап отыр. Осы орайда, Қазалы ауданы тұрғындары арасында "Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында қарсы насихаттық шараларды жүзеге асыру" әлеуметтік жобасы аясында Түркістан облысынан белгілі дінтанушы, теолог Ілияс Нағызхан арнайы іссапармен келді.
Дінтанушының алғашқы аялдамасы аудан орталығынан бірнеше шақырымда орналасқан Абай ауылы болды.
Бүгінгі жастарымыздың көзсіз көбелектей түрлі экстремистік ұйымның жетегінде кетуінің бірнеше факторы бар. Мысалы, жастардың өз тарихын, салт-дәстүрін толық білмеуі және діни сауатсыздық. Дегенмен қандай жағдай болмасын, өзінің тілін, ділін, дінін, тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін білген адам мұндай келеңсіз құбылыстарға жол бермесі рас.
Сол себепті ауылдық клубта өткен жиында Ілияс Саттарұлы тұрғындармен "Дін мен дәстүр сабақтастығы" тақырыбында әңгіме өрбітті.
Теолог тұрғындармен сұрақ алмасып, көкейде жүрген сауалдарына да жауап берді.
Артынша, ауыл ақсақалдары жылы лебізін білдіріп, айтылған мәселелердің шешімін бірлесе шешуді ортақ мақсат тұтатынын айтты.
Онан соң мамандар ат басын ақша бұлтты Ақтан батырдың есімі берілген ауылға барып, онда "Зайырлы мемлекеттегі діннің өмір сүру формасы" атты тақырыпты қозғады.
Әрі қарай Жанқожа батыр атындағы ауылға аялдап, онда "Діни сауаттылықтың маңызы" атты түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, тұрғындарды теріс ағымның шырмауынан абай болуды ескертті.
- Қазіргі әлемде ұлттық бірлікті және халықтың рухани-мәдени құндылықтарын сақтау өте маңызды. Діни сауаттылық теріс әлеуметтік құбылыстардан тиімді қалқан құруға көмектеседі. Қазіргі уақытта діни сауаттылықтың маңызын бағаламауға болмайды. Өйткені, хабардар болмаудың және надандықтың салдарынан адамдар деструктивті ағымдардың жетегіне ереді. Көбінесе бұл ағымдардың әсеріне жастар, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері және түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдар ұшырайды. Дін туралы базалық білімнің болмауы адамды деструктивті діни ағымдардың жақтаушылары үшін жеңіл нысанаға айналдырады. Көптеген адамдар бұл саладағы олқылықтардың орнын толтыру үшін бүкіләлемдік ғаламтордан ақпарат алу керек деп санайды, керісінше тиісті біліктілігі бар мамандардың көмегіне жүгінген жөн, - деді Ілияс Саттарұлы.
Одан кейін Қазалы ауданы бойынша профилактика объектілерімен оңалту жұмыстарын жүргізді.
