Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектеп жанындағы өлкетану мұражайында өткен ғасырда осы ауылда өмір сүрген Кәдір ұстаның өз қолымен жасалған мылтығы болды. Көненің көзіндей болып жеткен құнды жәдігерді мектеп мұражайына оның ұрпақтары табыстаған екен.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүріп, ұсталық өнермен айналысқан Кәдір Келісбаев өз ісінің шебері атанып, адал еңбекпен отбасын асыраған. Бар өмірін ұсталыққа арнап, артында талай жақсы істер қалдырған. Оны ауыл адамдары «Қара ұста» деп атаған.

Кәдір ата 1898 жылы киелі мекен Жанқожа батыр ауылында дүниеге келген. Кезінде белді колхозшы атанған. Соғыс жылдарында, яғни 1943–1946 жылдарда еңбек колониясында жұмысшы болған. Кәдір ақсақал 1988 жылдың шілде айында өмірден өткен. Ауыл адамдарынан қара мылтықтың қасиеті барын естідік. Қанша жылдан бері келе жатқан мылтық бұл күнде мектеп мұражайында сақтаулы тұр. 

Айта кетейік, Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектеп жанындағы өлкетану мұражайы Ұлы Жеңістің 65 жылдық құрметіне орай 2010 жылы ашылған. Мұражай экспозициясы «Бабаның өшпес ерлігі», «Туған ауыл – тұнған шежіре» және «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім» атты үш бөлімнен тұрады.

№94 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Индира Әбдіразақ жетекшілік ететін мұражайда 265 жәдігер қойылған. Олардың арасында халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлына арналған экспозиция мен мектеп мұғалімдерінің жетістіктері, ұлағатты ұстаздар, мектептің мақтанышына айналған түлектер туралы мәліметтер жинақталған. Сондай-ақ, Жанқожа батыр ауылы территориясындағы 1928-1950 жылдардағы бес колхоздың және қазіргі ауыл картасы мен ауылдан шыққан ұсталардың жасаған бұйымдары, еңбек құралдары да орын алған.

Тағы да оқыңыз: