Kyzylorda-news.kz  Өңірдің дамуы көш соңында емес. Қай салада болсын мүмкіндігіне қарай ілгерілеушілік байқалады. Әсіресе, Қазалы ауданындағы жол жайы көңіл қуантарлықтай. Халықтың көкейінде жүрген мәселелер ескеріліп, автомобиль жолдары, елді мекенаралық жолдар жөндеуден өтуде. Кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Жалпы, Қазалы ауданы көлемінде жол жайы жақсарып келеді.

Жол – экономиканың күретамыры, байланыстың алтын арқауы. Алысты жақын етіп, адамдардың қарым-қатынасына, барыс-келісіне әсер ететін жолдың сапасы кімді болса да бей-жәй қалдырмасы анық. Әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат еткен Қазақстан мемлекетінің алға қойған келелі міндеті – халықтың әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру болса, сол биік үрдістен көріну үшін бүгінгі күннің негізгі талаптарының бірі – сапалы жол салу болып табылады.

Қызылорда облысында, оның ішінде, өзіміздің өңір Қазалы ауданында оқтай түзу көшелер көбейді. Тақтайдай тегіс жолдар ауданның, Әйтеке би кентінің, Қазалы қаласының және елді мекендердің ажарын ашуда. Көлік тізгіндесең де, жаяу жүрсең де тегіс жолдар көңіліңді қуанышқа бөлейді екен. Бір ғана адам емес, қаншама аудан тұрғындары жөнделген көшені айтып мақтанып жүр.

«Бұрынғы біздегі жай қалай еді? Қазалы қаласында жауын-шашын болса, шошитын едік. Ми батпақ аяқ киімнің соры болатын. Кейінгі кездері жол салынып, қазір тақтайдай тегіс көшелермен жүреміз. Жауын да, басқасы да, бізге кедергі емес. Қала көшелері әдемілікті ашып, керемет көңіл-күйді сыйлап тұр. Шүкір, қазір бізде бәрі бар. Дүкендер де, ашылған кәсіпкерлік нысандар да. Екі ортаның да, арасы жалғанып, ауданның ажары айшықтала түсуде. Бұл жалғыз менің ғана емес, Қазалы ауданы тұрғындарының көңілінен шығуда. Осы орайда, біршама міндеттемелер мен жүктемелерді арқалап, кезең-кезеңімен оның орындалуына атсалысып жатқан басшылыққа алғысымызды айтамыз. Алдағы уақытта да, ауданымыздың келбеті көркейе береріне сеніміміз мол» деп қуанды көпбалалы ана. Жол деген – экономиканың күретамыры. Сондықтан, жол инфрақұрылымның сапалы болуы өте маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол саласы жайында біраз сын айтып еді. Жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу және жолдардың сапасына айрықша назар аудару керек екені туралы сөз де қозғап жүр..

Жалпы, жол саласында жағдай күрделі. Қазіргі уақытта осы салада Қазақстанда ірілі-ұсақты 300-дей компания (70-ке жуық ірі компания) қызмет етеді. Оның – 32-сі ғана Қазақстанның автожолшылар қауымдастығына мүше. Қауымдастыққа мүше болу арқылы компаниялар жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қатыса алады Үкімет, Парламент және басқа да, мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Өзгерістер жиі болып тұратындықтан, осы салада жұмыс істеймін деушілер құлағын түріп жүруге тиіс. Олай болмаған жағдайда көшке ілесе алмай, қалып қойып жатады. Сондықтан, жылдан-жылға жолда қызмет ететін компаниялар саны азаюда, оның ішінде, шетелдік компаниялардың саны – 10-ға жуық екен. Оған бірнеше себеп бар. Жол саласында тексеріс өте көп жүргізіледі. Бірі кетсе, артынша, екіншісі дайын тұрады. Әрине, бұл жұмыс барысына көп кесірін тигізеді.

Сыр өңірінде жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Оны біз жәй ғана ақпараттардан емес, көзімізбен де көріп, біліп жүрміз. Әрине, жол қатынасы тұрғындар үшін ең өзекті проблема. Соның ішінде, астын сызып айтатын мәселе – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы жол жағдайы. Тақтайдай тегіс жол халықтың игілігіне қашан беріледі?

Ең алдымен, Қазалы ауданындағы жол құрылысына байланысты жалпы, сипатына тоқталып өтейік. Жалпы, Қазалы ауданының коммуналдық меншігінде барлығы – 406 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы және елді мекендерде – 430 шақырымды құрайтын – 470 көше жол тораптары бар екен. Оның ішінде, Қазалы аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі – 86 процентті құрайды. Елді мекендер бойынша, бұл көрсеткіш – 65 процент болып отыр. Әсіресе, Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде асфальт қабаты салынған жолдар 50 процент жетпейді. Мамандардың айтуынша, осы тұрғыда біршама жобалар қолға алынып, тиісті жұмыстар басталып кеткен.

Өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген – 70 миллион теңгеге жұмысы басталған Әйтеке би кентіндегі – 2,4 шақырымды құрайтын Жанқожа батыр және Әйтеке би көшелерін қайта жаңғырту жобасын аяқтауға биыл ұлттық қор есебінен – 691,8 миллион теңге алынып отыр. Жанқожа батыр көшесінің асфальт қабатын қайта ауыстырып, жол жиегін бекіту және қоғамдық көлік аялдамаларын орнату, сонымен қатар, көлік кептелісін азайту мақсатында Пірімов көшесімен қиылысына бөлек жол айрығы жүргізілмек.

Әйтеке би көшесінің – 1,7 шақырым автомобиль жолын барынша кеңейтіп, 8 автобус аялдамасын және 110 жол белгілері жаңадан орнатылмақ, жол сапасын арттыру мақсатында екі қабатты жол төсемдері, яғни, асфальт салынады. Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, Әйтеке би кентінің Бегім ана және Сырым батыр көшелері толық асфальттанып пайдалануға беріліпті. Әйтеке би кентіндегі алты көшеге құм аралас малта тас қоспасы салынған. Оған республикалық бюджеттен – 198 миллион теңге қаржы бөлінген болатын.

«Шағын және моно қалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен, Қазалы қаласының – 10 көшесіне мердігер мекеме «Болашақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биыл жұмысты бастауға республикалық бюджеттен – 69 миллион теңге бөлініп отыр. Жоба бойынша жалпы ұзындығы – бес шақырым көшеге асфальт қабатын төсеу, бес көшеге жаяу жүргіншілер жолдарын салу және аяқсу өткізгіштерін орнату жұмыстары атқарылатын болады.

Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңғырту бойынша да, жұмыстар жалғасуда. 2024 жылға облыстық бюджеттен бөлінген – 120 миллион теңгеге «Бозкөл-Тасарық» (жоба құны – 687 071,0 теңге), «Бекарыстан би – Шөмішкөл» (жоба құны – 546 198,0 мың теңге) бағытындағы барлығы – 20,4 шақырым автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жолды пайдалануға беруге республикалық бюджеттен – 164 миллион теңге қажеттігіне қарамастан, мердігер «Қазалы жолшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражаты есебінен жобаны аяқтауға жұмыс істеуде.

«Бозкөл-Тасарық» автомобиль жолында – 11,2 шақырымға құм аралас малта тас төселіп, жол бойына екі дана су өткізгіш құбырлар орнатылған. «Бекарыстан би – Шөмішкөл» автомобиль жолына гравийлі құмды қоспа (ГПС) қабаты төселіп, 1 дана су өткізгіш құбыр салынған. Қазіргі кезде Әйтеке би кентінің кезек күттірмейтін 10 көшесін орташа және күрделі жөндеу бойынша жоба сметалық құжаттар әзірленіп, сараптама қарауына жолданған.

Әйтеке би кентінің жалпы ұзындығы – 5,1 шақырымдық Әбілхайыр хан, Желтоқсан, Ахмет Байтұрсынов көшелерін күрделі жөндеу, ұзындығы – 3,1 шақырым Аманкелді, Қобыланды, Төремұрат жырау, С.Жәрімбетов, С.Нұрхатов көшелерін орташа жөндеуге жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Аудан тұрғындарына белгілі, Қазалы ауданында бірнеше жылдан бері құрылысы басталып, мердігер мекеменің жауапсыздығынан және басқа да себептерге байланысты кешеуілдеп келе жатқан Әйтеке би – Қазалы қаласын байланыстырып жатқан – 7 шақырымды құрайтын жолдың жайына тоқталып өтсек. Шын мәнінде, бұл күрделі мәселе болып келді. Алайда, бүгінгі таңда шешімін табуға бірлесе жұмыс атқарылған.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен жүзеге асып жатқан Әйтеке би – Қазалы аралығындағы – 7 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау мерзімі 2022 жылдың 30 желтоқсаны болатын. Құрылыс жұмыстары мердігер мекеме тарапынан биылға дейін жалғасып келді. Бұрынғы мердігер мекемемен сот шешімі арқылы біржақты келісім шарт бұзылыпты.

Мамандардың айтуынша, қазіргі кезде, 838,1 миллион теңге қаржыға қалған жұмыстарды аяқтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жақын уақытта қорытынды шығады деп күтілуде. Биыл төрт жолақты жолды аяқтап, пайдалануға беру жоспарда бар екен.

Ел игілігі үшін жасалған әрбір дүниені ұқыпты үйлестірсек игі. Жол қадірін жүрген біледі. Жол салған мен мешіт салғанның сауабы мол дейді Құран Кәрімде де Алла Тағала. Ендеше, әрбіріміздің жолымыз ашық та, тегіс болсын. Бір адам салған жолдан мың адам алғысын айтып өтіп жатса, бұл Алла алдында да, адам алдында да сауабы мол қайырымды іс екенін алға тартады аудан тұрғындар.

Расында да, тұрақтылықтың көрсеткіші ел тұрғындарының жақсы өмір сүруімен өлшенері анық. Бұл орайда, олардың сапалы жарықпен, таза ауыз сумен, үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етілуі уақыт күттірмейтін мәселе. Электр жарығының мәселесі де реттеліп, тұрғындардың тыныш өміріне жол ашты.

Жол сапасы әлемнің алпауыт елдерінің өзінде түйіткілді мәселе болып табылады. Дегенмен, көш басына алшаң басып аттанған елдер қатарын негізінен еуропалық мемлекеттер толықтырып тұрғанына ешкім таңдана қоймас. Тау мен тасы талай істің тоқырай тоқтауына сеп болса да, амалын тауып автокөлік жүргізушілерінің арман мекеніне айналған елдің бірі – Нидерланд. Өзен көлдің көптігі, жазық жердің жоқтығы қызғалдақтар елінің жол жөндеу мамандары үшін аса үлкен мәселе емес секілді. Тіпті, сапалы жол үшін ақы алудан да бас тартқан бұл ел. Қытымыр табиғаты қитыққа тиіп, қара жерден қар жапқан жері басым Финляндияда бұл көштің басында орналасқан. Бұл елдегі жолдың жақсы болуы үшін коммуналдық мекемелер ғана емес, жеке меншік компаниялар да жауапты. Құрылысы күрделі істің жүргізілуі үшін ерекше технология қолданылады екен. Әлемдік экономикалық форумның тізімінде біздің ел – 141 елдің ішінде, 93-і орынға жайғасқан.

2019 жылдан бері, кері кету процесін бастан өткеріп жатқан біздің жолдардың сапасы сын көтермейтіні ай сайын айтылып та, жыл сайын жазылып та жатқанын жасыра алмаймыз. Мамандар еліміздегі 12 мың шақырым республикалық маңызы бар жолдың қайта құрылысты қажет ететінін айтып отыр. Мемлекеттік деңгейдегі мәселенің май шаммен қаралып, қарқынын күшейтпесек болмасы анық. Бағасы қымбат, сапасы жұмбақ жолдардың құрылысын қолға алуды сала мамандары да құптап отыр. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да қозғалған еді бұл мәселе.

«Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті, басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау құрақ көрпеге ұқсайды. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп. Тендерді жыл сайын бірді-екілі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды» деген еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

«Жол мұраты жету» деген сөздің астарына үңіліп, мағынасын ұғыну бүгінгі күннің талабы. Даналығы дараланған, көрегендігі көсемдігінен көрінген бабаларымыз тар жол, тайғақ кешкен уақытында тас жолды армандамаған да болар. Бірақ, бүгінгі талап басқа. «Ел болам десең – бесігіңді түзе» дейтін сөз бүгінде «Дамимын десең – жолыңды түзе» деп алмастыруға әбден лайық. Сіз қалай ойлайсыз? Біздің қасиеті құмға сіңген, тарихы алтынмен таңбаланған, қазыналы Қазалының да жол саласы, жол сапасы кейінге шегеруге болмайтын мәселе деуге толықтай негіз бар.

Бесенеден белгілі дүние – біз қанша жылдан жырлап келе жатқан туризмді дамыту үшін тақтайдай түзу жолдар мен қызмет көрсету сапасын жақсарту керек. Жол жақсы болса – жолаушы шаршамайды. Адамзат тіршілігіне қан жүгірткен күре жолдар бүгінде өркениеттің өрісін кеңейтіп келеді. Алыстағы ағайынға апталап жүретін алыс жолдарды төтесінен тартқан теміржолдар алмастырды. Ат тұяғын тоздырған арба жолдың орнына тақтайдай тегіс даңғылдар салынып, автокөліктер зымырады. Қазір байқап қарасақ, шетелден келген қонақтар қазақ жерінің кереметтерін көлікпен жүріп тамашалағанды жөн көреді екен. Оған себеп те, жоқ емес. Өйткені, қазіргі күні автомобиль жолдарының бірқатар бөлігі ептеп жөнделіп келе жатыр. Тіршіліктің күретамыры біртіндеп жақсарып келеді. Тек, мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаражаттың әр тиынын тиімді жұмсап, жол сапасын жақсартсақ болғаны. Сонда ғана, белден асқанша, белің үзілетін мың шұңқырлы жолдан арыламыз.

Тағы да оқыңыз: