Kyzylorda-news.kz «Қазалы–Қожабақы–Бозкөл–Кәукей» автожолының 16-шақырымындағы Сырдария арқылы өтетін көпір өткелінің құрылысы жаңа мердігердің қатысуымен қайта жалғасуда. Құрылыс барысының қазіргі жай-күйімен Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев, Сенат депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов, сондай-ақ партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов танысты.

Аталған нысанның құрылысы 2022 жылы басталғанымен, бастапқы мердігер «СтандартОйлКЗО» ЖШС өз міндеттемелерін толық орындамағандықтан, келісімшарт сот тәртібімен бұзылған болатын. Кейін жарияланған конкурс нәтижесінде жаңа мердігер – «Нұрлы Тау ЛТД» ЖШС құрылыс жұмыстарын қайта қолға алды.

Жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын бұл автожол III санатқа жатады. Қазіргі уақытта нысанда 70 дана свайға бұрғылап бетон құю, 3 ростверг, 2 ледорез, 2 ригель және 2 тіреу жұмыстары орындалған. Сондай-ақ көпірге жалғасатын кірме жолдарды топырақпен көтеру жұмыстары жүргізілуде. Биыл көпір құрылысын жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 758,4 млн теңге қаражат бөлінді.

Халық қалаулылары құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасына назар аударып, бұл маңызды инфрақұрылымдық жобаның жергілікті тұрғындар үшін жоғары мәнге ие екенін атап өтті. Нақты айтқанда, жаңа көпір пайдалануға берілгеннен кейін Жанкент, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Тасөткел, Лақалы, Ажар, Тасарық және Кәукей елді мекендерінде тұратын 12 мыңға жуық халықтың қатынау мүмкіндігі жақсарып, көлік қатынасы айтарлықтай жеңілдейді.

Тағы да оқыңыз: