Kyzylorda-news.kz. Қазалы – қазақ жеріндегі алғашқы мектеп ашылған санаулы тарихи мекеннің бірі саналады. Жақында осы тақырып төңірегінде ой қозғамаққа бекіндім. Журналистік жолда материал дайындау барысында деректік құжаттар мен мұрағаттық жазбаларға жүгінетін әдетім бұл жолы нәтижесін бермеді. Тұңғыш білім ошағы туралы білетіндер де болмады, мардымды мағлұмат та табылмады. Бізге аудандағы ұстаздар қауымына арналып шығарылған қалың энциклопедиядан бұл білім шаңырағының бірінші ұстазы Момын Байдосов болғаны туралы бір ауыз сөзбен жазылған жолды місе тұтуға тура келді.
Шынында Момын Байдосов кім? Жергілікті жердің тумасы ма? Оның Қазылыға сіңірген еңбегі қандай?
Алғаш болып бас сұққан орнымыз– аудандық орталықтандырылған кітапхана болды. Мұндағы мамандар өтінішіме орай ауданда шығарылған мұғалімдер жайлы қос қалың кітапты ұсынды. Өңірден шыққан сала озаттары туралы жинақты қайта-қайта ақтарып, кіріспеде келтірілгеннен өзге Момын Байдосов жайындағы жазбаны кезіктіре алмадық. Ұжымдық, ізденіске толы еңбектіңбасқы бетіне «Қазалыдағы алғашқы ағартушы Момын Байдосов» болды деген сөзді жазудың әбестігі болмас еді деген пікір ойымызға оралды.
Бір білсе, тарихышылар біледі деген сеніммен тәжірибесі толысқан, осы пәннен дәріс беретін және зейнеткерлікке шыққан бірнеше мұғалімге қоңырау шалғанымызбен, ешбірінен мардымды жауап ала алмадық.
Аудан орталығының бастауы Қазалы қаласында қаланғанын негізге алып, ондағы Ғани Мұратбаев атындағы мемориалдық музейге хабарластық. Біз сұратқан ақпар негізгі жұмыстарына кірмесе де, мұрағаттағы ғылыми қызметкерлер қала тарихы туралы кітап көшірмелерін жолдады. Ал өлекетану ісімен тікелей айналысатын Әйтеке би кентіндегі музейдегілер: «Бұл бізде әлі зерттелген жоқ», – деген қысқа жауаппен ғана шектелді.
Сонда осы уақытқа дейін қазақтың ағартушылық саласында тыңнан түрен салып, ұлт мектебінің қалыптасуында із қалдырған адам туралы сұрау салудың қажеттілігі болмағаны ма?
Ізденісімізді одан әрі тоқтатпай, ғаламтор мен бұқаралық ақпарарт құралдары қызметіне жүгіндік. Ол жерден тақырып турасында сана саңлауын сәулелендірген Молдахмет Қаназдың мақаласына кезіктік. Алғашқы мектеп тарихымен бірге сол кездегі әлеуметтік ахуал жайы кеңінен тарқатылған еңбекте дәйекті дерекке иек артқан жазушы: «…Момын Байдосов мұғалімдікпен қатар, қоғамдық жұмыстарға да тартылған. 1873 жылыҚазалы уезі басқармасының аудармашы сыр етінде қамқа шапанмен марапатталған. Тағы бір құжат: «на основание предписания управляющего туземными населениями правого фланга туркестанской области от 21 декабря 1868 года за 1435 выдано учителю киргизской школы Байдосову за усердную и ревностную его службу сто рублей»», – деген жолдарды келтірген.
Сондай-ақ Момын Байдосов туралы 1878 жылдың 24 қаңтарында Сырдария облысының әскери губернаторы полковник Маевский Түркістан генерал-губернаторы атына жазылған хатта: «Хотя Мумун Байдусов, по происхождению на поступление на государственную службу право не имеет, но принимая во внимание с одной стороны хорошее его поведение и весьма добросовестное исполнение им объязанностей вольнонаемного переводчика при Казалинском уездном управлении с 1868 года и смотрителем, и учителя Казалинской русско-киргизской народной школы с 1864 года, и с другой, что Байдусов успешно окончивший полный курс наук русско-киргизской школы (7 летний) в Оренбурге при бывшей Оренбургской пограничной комиссии », – депмәлімет келтіреді.
Автор мақаласының соңында: «Жетпісінші жылдары Момын негізін қалаған 17 мектепке Ғани атын беру мәселесі туындаған», – дегенді айтса, журналист Нұрперзент Домбай «Қасиетті Қазалы» атты 2010 жылы «Ана тілі» газетінде жарияланған еңбегінде «Қазалы қаласындағы қазіргі Ғани Мұратбаев атындағы 17 қазақ орта мектебі М.Байдосов ашқан мектеп негізінде қалыптасты деуге толық негіз бар», – деген тұжырым айтады. Мұны оқыған бойда аталған оқу ордасына телефон соқтық. Мұнан білгеніміз, біз айтып отырған жайттың мектепке қатысы жоқтығы. Құжат бойынша 1938 жылы салынған оқу орнығимараты тарихын сол кезден бастайтын білім ұясындағылар Момын Байдосов ашқан мектепті өздерінің жұмыс істейтін орындарына телудің негізсіздігін жеткізді.
Тарихққа жүгінсек, 1850-1869 жылдары жұмыс істеген Орынбор шекаралық комиссиясы жанынан ашылған қазақ мектеп-интернаты ерекше рөл атқараған.Оқушыларға білім берумен бірге писерлер мен тілмәштар дайындауды мақсат тұтқанорында тағылым алғандар туралы тізімдеме Орынбор мемлекеттік мұрағатында сақталған. Ол жерден алты Алашқа аты мәшһүр қазақтың көрнекті ағартушылары Ыбырай Алтынсарин, Нұрым Мұңсызбаев пен Шахмұрат Құлыбековтермен бірге біз айтып отырған қостанайлық Момын Байдосов та бітіріп шыққан.
Қазақстан Республикасы Орталық музей мұрағатында тіркелген материалда: «Қазалыда қазақ мектебін ашу қарекеті 1860 жылы басталғанмен, қаржы тапшылығы, құрылыс саймандарының жер түбіндегі орыс қалаларынан жеткізілуі, дайын мұғалім де жоқ, баяу жүзеге аса бастады. 1862 жылдың 3 қарашасында Орынбор генерал-губернаторы А.А.Катенин сенімді инженер Геннрихке 25 оқушыға арналған қазақ мектебінің сызбасын дайындауды тапсырды. Үй – алты бөлме. Бір сынып, оқытушыларға арналған екі бөлме, асханасы да бар (ҚРОММ. 382 қор, 11 іс). Сызба Қазалыға губернатордың 2413 қатынасымен жетті. Оқу – төрт жылдық. Жылына 1703 рубль жұмсалуға тиіс. Тек сенімді қазақтардың балаларын ғана оқыту керектігі де қатаң тапсырылған», – деп көрсетілген.
Генерал-губернатор Қазалы қаласының комендантына 1862 жылдың 20 қарашасында жолдаған сол қатынасында оған қарауындағы офицерлер, қала тұрғындарымен жиын өткізіп, осы мектептің салыну жайын талқылап, 1863 жылы ашылуын нықтаған.
1862 жылы мектептің іргетасы қаланған.
1863 жылдың 24 мамырында Орынбор әкімшілігі 1 форттың қазақ мектебінің смотритель-мұғалімдігіне 100 рубль еңбекақымен Жолмұхаммед Байжановты бекіткен. Ол Қазалыдағы қазақ мектебін ашуға бір жерде сол жылдың 23 маусымында, екіншісінде 11 шілдеде келді деп көрсетілген. Мұғалім өзімен бірге араб, парсы, татар тілдерін оқытатын 12 кітап ала келген. 1 форттың бастығы смотрительге пәтер, қажетті қызметші бермеген.Қазалыдағы тұңғыш қазақ мектебі 1863 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған. Сол жылы форт басшылығында қазақ мектебінің смотрителі Жолмұхаммед Байжанов орыс тілін нашар меңгерген, орыс балаларын үйрете алмайды деген шағым түскен.
1864 жылдың 14 қаңтарында Жолмұхаммед Байжанов Сырдария жүйесінің бастығы Веревкинге өз арызы бойынша Орынборға жіберуін өтінеді.
1864 жылдың 12 қарашасында Қазалыға Орынбор қырғыз мектебінің түлегі «учитель киргизской школы» болып Момын Байдосов келеді. Орынбордан шығарда оған 16 рубль 36 тиын «прогон», жүз рубль «подъемный» беріледі.
Ол ұйымдастыру кезеңіндегі қиыншылықтарға қарамастан, бұл мектепте 1877 жылдың 1 қыркүйегіне дейін үзбей 13 жыл ұстаздық қызмет атқарған. Аудармашылық қызметіне 1873 жылы 600 рубль алған. Момын бос уақытында қала маңынан екі десятина жер алып, егін салған. Алайда ұстаздың кейінгі өмірі беймәлім.
Осылайша ұлағат иесі қиын-қыстау кезеңде патша қызметкерлерінің көңілін таба жүріп, қазақ мектебінің отын өшірмеді. Әлі түсініктері толық қалыптаспаған ортада дала жұртын төзімділікпен сауаттандыра біліп, өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсап, Қазалыға білім шамшырағын жағып, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген аса қажырлы қоғам қайраткері атанды. Сыр өңірінде тұңғыш қазақ мектебін ашып, балалар зердесіне білім дәнін сепкен атпал азаматтың есімі тарихта қалғанымен, саналы ғұмырын арнап, тер төккен орнында ешқандай белгі сақталмаған. Оған қандай ықылас-ынта бөлінсе де талассыз, даусыз. Себебі қазаққа Ыбырай Алтынсариннің абыройлы есімі қандай қастерлі болса, Момын Байдосов та сондай биіктен орын алуға лайық тұғырлы тұлға.
