Kyzylorda-news.kz. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 11,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,3 пайызға орындалды. Саланың басым бөлігін құрайтын өңдеу өнеркәсібінің көлемі 9,9 миллиард теңге болып, нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев ауданда 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы брифингте мәлімдеді. 

Кәсіпкерлік саласы Қазалы ауданы бойынша да жақсы көрсеткіштерге жетіп келеді. Ал шағын және орта кәсіпкерлік саласында 6 760 кәсіпкер тіркеліп, 1 461 кәсіпкерге немесе 27,6 пайызға көбейді. Нақты жұмыс жасап тұрғаны 6 522 бірлік, яғни, белсенділік көрсеткіші – 96,5 пайыз болды. 

Аудан кәсіпкерлері тарапынан 4 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өнім көлемі 10,8 пайызға өсті. Жыл басынан бері ауданда жаңадан 8 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 28 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті.  Кәсіпкерлікті қолдау шараларына келсек, қаржы ұйымдары тарапынан 247 жоба бойынша аудан кәсіпкерлеріне 2,2 миллиард теңге несие берілді. Бөлшек сауда айналымы 5,4 миллиард теңге болып, 2,6 пайызға көбейді.
 

Тағы да оқыңыз: