Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Ғани Мұратбаев ауылына арнайы барып, аудан орталығы – Әйтеке би кенті мен округ арасындағы жолдың құрылысымен танысты.
Жауапты мамандармен кездескен аудан басшысы жол сапасына баса назар аудару қажет екенін айтты. Оған қоса құрылыстың уақытылы аяқталуын еске салды.
Сонымен қатар аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтановқа тиісті жұмыстарды жүктеді.
Айта кетейік, аудан басшысының кешегі Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде осы жол жайы айтылған. Сол тұста Мұхтар Әуесұлы аталған жол мәселесі ұдайы қадағалауда болатынын жеткізді.
Әйтеке би кентінен Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев атымен аталатын ауыл 5 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл ауыл көркімен көз тартады, тазалығы жан жадыратады. Тақтайдай тегіс жолдар, қаз-қатар қонған үйлер, жайқалған жасыл желек, келбеті келісті ғимараттар осы ауылға тән теңеулер.
Талай талант дүниеге келген киелі топырақ Қазақстанның халық қаhарманы, әнші Роза Бағланова, Қазақстанның Халық әртісі, әнші Мадина Ералиева, Социалистік Еңбек Ері Көлжан Оразалиева, Қазақ ССР депутаттары О.Ержанова, К.Іксендіров, Б.Елешов, «Ленин» орденінің иегерлері М.Ахметжанов, С.Бахбергенов, І, ІІ, ІІІ-дәрежелі «Даңқ» ордененің иегерлері К.Өтепбергенов, Ш.Молдабаев, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Шапағат» медалінің иегері, Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі ақын Рүстем Жанай және филология ғылымының докторы, профессор Алпысбай Мусаев туған жер.
Ауыл көшелері асфальтталып, түнгі жарық шамдар орнатылған. Ауызсу мен аяқсудан тұрғындар қысылмайды. Жуырда көгілдір отын тартылады деген қуанышты хабар да бар. Қонақжай ауыл төрінде ел ағалары Б.Сағынтаев, Қ.Көшербаев, парламент сенатының, парламент мәжілісінің депутаттары болғанын мұратбаевтықтар мақтанышпен айтады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында Қызылорда облысында «Үлгілі ауыл» облыстық конкурсында Ғ.Мұратбаев ауылдық округі жүлделі екінші орынды иеленді.