Kyzylorda-news.kz. Қазалыда сенбі күні теміржол вокзал маңындағы саябақ жанында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Бұндай шара Әйтеке би кентінде үнемі ұйымдастырылады. Халықтың қамы үшін жасалған игілікті істен тұрғындар қапы қалмас үшін алдын ала әлеуметтік желі арқылы хабарландырулар беріліп, жан-жақты құлақтандырылады.
Мұнда жергілікті кәсіркерлер барлығы бес көлікпен он бес тонна өнім әкелді. Оның ішінде ұн, өсімдік май, макарон, картоп, жуа, қырыққабат, алма, қара өрік, қияр, қауын және өзге де өнімдер төмендетілген бағада сатылды.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, жәрмеңкеге шығарылған заттар базар бағаларымен салыстырғанда бірнеше пайызға арзанға ұсынылған.
«Жәрмеңке өтеді деген хабарды ести салысымен қаржымды ыңғайлап, сенбіні күттім. Келіп, күнделікті қажетті көкөністер мен тағамдық өнімдерді алып алдық. Жеміс-жидектерде нарықтан төмен бағада ұсынылды. Бұлда халыққа жасалған көмектің бірі. Жәрмеңкеде адам қарасы қалың болды. Көпшілігінің жүзінен, сөзінен ризашылық байқалады. Осындай игі істер алдағы уақытта жалғасын таба берсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз», – дейді Әйтеке би кентінің тұрғыны Айсәуле Ұзақбай.
Расында да жәрмеңкеге жиналғандар қос қолдарына көтергенінше өнім алғандары байқалады. Тіпті көлікке тиеп, көптеп алып жатқандарды да көзіміз шалды.