Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында шағын және орта кәсіпкерлік саласында өсім байқалады. Аталмыш ауданда жаңашыл жобаларын ұсынған азаматтарға қолдау бар.
Бүгінгі кейіпкеріміз - кент тұрғыны Ұлан Мендібаев. Темір-бетон бұйымдарын шығаратын Ұлан өз кәсібін 2020 жылы бастап, бүгінде 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл кәсіп иесінің өніміне аудан тұрғындарының сұранысы көп. Үйлердің кәріз жүйесіне арналған бетон құдықтары мен қақпағы жасалып, аудан тұрғындарына сатылады.
«2013 жылдан бері сантехникалық жұмыстармен айналыстым. Уақыт өте келе, кәріз жүйесіне темір-бетон сақиналарын орналастыратындар көбейді. Алайда ауданда ондай өнімді табу оңай емес еді. 2020 жылы осы кәсіпті зерттеп, тиімділігі болғандықтан өнім шығаруды жоспарладық. Сұраныс көп, мамыр мен маусым айында өнім көптеп сатылады. Биыл өңірлік инвестиция орталығынан 4 млн теңге несиеге жаңадан құрылғы сатып алдық. Алғашқыда құрастырылмалы қалыппен жұмыс істесек, бүгінде өндіріс автоматтандырылған. Шикізатты, яғни, цементті Шиеліден, щебеньді Жаңақорғаннан келісім-шарт бойынша алдыртамыз», – дейді Ұлан Мендібаев.
Алғашқы жылы 200 дана өнім дайындаса, өткен жылы сұранысқа сай 459 өнім саудаланған. Ал биылғы жартыжылдыққа бұл өндіріс орнынан 700-ге жуық өнім дайындалып сатылған.
Байқағанымыздай, бүгінде ауданда мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейткендер жетерлік. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілсе, алдағы жылдары аудан әлеуеті әлдене бермек.

