Kyzylorda-news.kz. Бүгін аудандық қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында ысырапшылдық мәселесі қаралды. Жиынға дін саласындағы республикалық ақпараттық-насихаттық тобының мүшесі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Абуов арнайы қатысты.
«Шариғатымыз әу бастан ысырапшылдықты қолдамайды. Қазіргі уақытта қоғамда жаназа және жерлеу рәсімдеріндегі ысырапшылдық мәселесі өткір тұр. Біздің мақсатымыз - халықты шариғатқа қайшы нәрселерден тыйып, қайғы түсіп жатқан шаңыраққа мейілінше жеңілдік жасау» - деді Болатбек Ұласқанұлы.
Аудан тұрғындары да аталған мәселеге байланысты пікір білдіріп, бүгінде садақа дастарханы тойдан еш кем түспейтініне наразы екендіктерін жеткізді.
Қоғамдық кеңес отырысының қорытындысымен діни салт-дәстүрлердегі (дүниеден өту, жерлеу, ас беру) ысырапшылдық мәселесі туралы аудан тұрғындарына арналған үндеу қабылданды. Жаназа рәсіміндегі дастархан мәзірі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы аудан тұрғындарына ұсынылатын болады.
